Нью-Йорктен бастау алып, Семейде жалғасты
Семейдегі Ф.Достоевский мұражайында Халықаралық орамал күніне арналған «Мен сыйға тартқан орамал» көрмесі ашылды. Іс-шара «Рухани қазына» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.
Туған елдің мәдениетіне деген қызығушылықты арттыру, ұлттық дәстүрлерді сақтауға ықпал ету де басты мақсат. Ұйымдастырушылардың қатарында «Айша Бибі» қазақ мәдени орталығының және Ф.Достоевский атындағы әдеби-мемориалдық мұражайының өкілдері бар.
«Айша Бибі» орталығының өкілдері жастарды қазақ әйелдерінің орамалдарымен және басқа да бас киімдерімен таныстырды. Келушілерді қазақ халқының салт-дәстүрімен, тарихымен және мәдениетімен қызықтырып, бас киімдермен байланысты салт-дәстүр туралы әңгімеледі.
-1ақпан – Халықаралық орамал күні мерекесі қарсаңында біз жастарды қазақтың бас киімдерімен таныстырғымыз келеді. Көрмеге түрлі бас орамалдар қойылған. Бұл іс-шара алғаш рет Нью-Йоркте 2004 жылы өткен. Енді қазір біз оны қаламызда тұңғыш рет өткізіп отырмыз. Бас орамал – тазалық пен қарапайымдылықтың символы. Көптеген халықтар үшін орамал көбінесе иесінің әлеуметтік мәртебесінің көрсеткіші болған, – дейді Ф.Достоевский мұражайының сектор меңгерушісі Салтанат Сексембаева.
«АйшаБибі» қалалық қазақ мәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айман Бокпасарова ұлттық бас киімдерді кию ерекшеліктері және олардың қазақ халқының өмірі мен тұрмысындағы маңызы туралы айтып берді. Келушілердің назарына орамалға байланысты салт-дәстүрлер көрсетілді. Көрмедегі концерттік бағдарламада қазақ мәдени орталығының өнерпаздары өз өнерлерін ұсынды.
Көрме қонақтары тақия, кимешек, сәукеле және тағы басқа көптеген қазақтың бас киімдерімен танысты. Экспозицияға жалпы отызға жуық қазақ халқының бас киімі қойылған. Сондай-ақ көрмеде «Айша Бибі» қазақ мәдени орталығының төрайымы Айман Боқпасарованың жеке қорындағы орамалдар да бар. Көрмені қала мектептері мен колледждердің оқушылары тамашалады.
Раушан Нұғманбекова
Семей.