Құны төрт миллиард теңгенің келісіміне қол қойылды
Кеше Астанада облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ пен Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабарти Өскеменді сумен қамту және су жүйелерін жаңғырту жөніндегі құны 4,4 млрд. теңгені құрайтын келісімге қол қойды.
Бұл жобаны жүзеге асыру Өскемендегі сумен қамту нысандары мен су жүйелерінің техникалық жағдайын жақсартып, артық шығындарды азайтып, жұмыстың тиімділігін арттыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар «Өскемен Водоканал» мекемесі инженерлік коммуникациялардағы орын алатын апаттарды тез анықтап, әрі жедел жоюға көмектесетін арнайы коммуналдық техникамен қамтамасыз етілетін болады. Аталған жобаның сәтімен жүзеге асуы кәсіпорынның халыққа қызмет көрсетуінің сапасын арттыратыны анық.
-Біздің барлық жобаларымыз инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Бұл өз кезегінде өңірдің ғана емес, түптеп келгенде, ел экономикасының нығаюына, мемлекетіміздің тұрақты дамуына оң әсер етеді. Әрине, бұл келісім Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ тапсырмасына сәйкес Үкіметтің аталған банкпен бірлескен ынтымақтастығының арқасында жүзеге асырылып отырғанын ерекше атап өтуге тиістімін,- деді Даниал АХМЕТОВ.
Айта кетейік, 2015 жылдың желтоқсан айында алғаш рет сумен қамту және су жүйелерін жаңғырту, сонымен қатар Семей қаласының жылумен қамту жүйелерін жаңарту жобалары бойынша құны 11 млрд. теңгені құрайтын несиелік келісімдер жасалған болатын. Сонымен қатар осы жылдың наурыз айында Өскемен мен Семей қалаларындағы жарықтандыру жүйелерін жаңғырту бойынша құны 7,7 млрд, теңгені құрайтын алдын ала келісімдерге қол қойылған-ды. Жыл аяғына дейін осы жобалар бойынша несиелік келісімдер жасалады деп күтілуде.
Келешекте облысымызда жоғарыда аталған жобалардан бөлек тағы да 100-ге жуық жоба Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесе жүзеге асырылуы мүмкін.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі