Нұрлан Қаппаровтың есімін беруге ұсыныс енгізді
Облыстық мәслихаттың кезектен тыс өткен он төртінші сессиясында халық қалаулылары Үкімет жанындағы Республикалық ономастика комиссиясына облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының Үржар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына Нұрлан Қаппаровтың есімін беру туралы ұсыныс енгізді.
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында біздің ең басты құндылығымыз – Тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, елімізді жаңғырту жолында ұйысу міндетін белгіледі. Бұл орайда, Егемен Қазақстанды құру, оны әлем таныған елдердің қатарында таныту жолында аянбай еңбек еткен даңқты тұлғаларымыздың есімдерін елге паш ету маңызды. Оларды жас ұрпаққа өнеге ету – Жаңа Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамның бірі деп есептейміз. Қазақ елінің осындай тұлғаларының бірі – мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Жамбылұлы Қаппаров, – деді бұған қатысты облыс әкімдігінің қаулы жобасы бойынша ақпарат берген облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Роза Төлемісова.
Нұрлан Қаппаров (1970-2015 жж.) – мемлекет қайраткері және белгілі кәсіпкер, «Құрмет» орденінің иегері. Ол тоқсаныншы жылдары «Акцепт» корпорациясын құрды және оған басшылық жасады. 1997-1999 жылдары «КазТрансОйл» ұлттық мұнай тасымалдау компаниясын және «Казахойл» ұлттық мұнай-газ компаниясын басқарды. 1999 жылдан 2001 жылға дейін энергетика, индустрия және сауда вице-министрі, энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі қызметін атқарды. Одан кейінгі жылдары ол «Lancaster Group Kazakhstan» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болды. 2012 жылы Нұрлан Қаппаров қоршаған ортаны қорғау министрі болып тағайындалды. 2014 жылғы тамыздан «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы болды.
Нұрлан Жамбылұлы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы ретінде республиканың атом өнеркәсібін дамыту ісіне тың серпін берді.
Ол 2005 жылы дарынды балаларға, мүмкіндігі шектеулі және ауылдық жерде тұратын аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға әлеуметтік қайырымдылық көмек және қолдау көрсететін «Жамбыл» қоғамдық қайырымдылық қорын құрды.
«Үржар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ашылуына, одан ары қарайғы дамуына Нұрлан Жамбылұлының зор үлес қосқаны белгілі. Аталған мекеме ұжымы оның орасан зор еңбегін ескеріп, есімін мәңгі қалдыру мақсатында арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына Нұрлан Қаппаровтың есімін беруге бастама көтерді.
Облыстық мәслихат депутаттарының қолдауын алған бірлескен қаулы мен шешімнің орындалуына бақылау жасау облыс әкімінің әлеуметтік сала бойынша орынбасарына жүктеліп, ұсыныс Үкіметке жолданды.
Дәурен Аллабергенұлы