Қоғам

Құну фототұзаққа түсті

Сарымсақты жотасының өр жағына құрылған фототұзаққа жыртқыш аң – құну түсіпті.

Өзге өңірлерде көп кездеспегенімен, Катонқарағайдағы ұлттық парктің аумағында жүзден астам құну бар көрінеді. Бұл өзі қарағайлы ну ормандар мен тау өзендерінің бойындағы тоғайларды мекендейді.

Құну дейміз, кешегі кейбір аңшылар құны дейтін. Қалай десек те бұл бурыл жануар өте қауіпті. Дене бітімі шағын болғанымен, өзінен екі есе үлкен аңдармен бетпе-бет келе алады. Ашықса, аюдың азығын тартып алуға бар. Тіпті бұған «орманның сұр жендеті» атанып кеткен қасқырдың өзі бата алмайды екен.

Бір қарағанда, құнудың пошымы, қимылы ебедейсіз көрінеді. Бірақ жалпақ табанынан салалана шыққан тегеуірінді тырнағы аңдыған аңының терісіне бір ілінсе болды, оңайшылықпен жібере қоймайды. Оның үстіне, құнудың жақ сүйегі де мықты. Тістеген жерінен де айырылмайды.

Құну күніне он бес-жиырма шақырымды артқа тастайды. Жолында кездескен өлексемен де қоректене береді. Қыстыгүні қалың қардың бетімен жүре береді.

Катонқарағай мемлекеттік ұлттық парктің қызметкері В.Воробьев қойған фототұзаққа да биыл қыста түсіпті. Түсірілген суретке қарасақ, жануар сайды өрлей жортып келеді.

«Didar» ақпарат

Осы айдарда

Back to top button