Қоғам

Нәтижелі істі баянды ету керек

Нәтижелі істі баянды ету керек
Облыс әкімі Даниал Ахметов Күршім ауданында жұмыс сапарымен болып, ауданның жаңа әкімін таныстырды. Сондай-ақ №1 Күршім орта мектебінде, «Ұлан» шаруа қожалығында болып, ардагерлермен, жастармен, жұртшылықпен кездесті.

Жаңа әкім тағайындалды
Нәтижелі істі баянды ету керек
Аймақ басшысы, алдымен аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысып, активке жаңадан тағайындалған аудан әкімін таныстырды. Ол – 34 жастағы Дулат Қажанов. Дулат Зайсанбекұлының мемлекеттік қызметте тәжірибесі бар, бұл тағайындауға дейін Ұлан ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет істеген.
– Әкімдеріміз білімді әрі іскер болуы қажет, – деді Даниал Ахметов. – Өйткені бүгінгі күннің талабы бұрынғыдан мүлде бөлек. Қазіргі жан-жақты әрі сауатты қауымды құр уәдемен басқару мүмкін емес. Сол себепті, жастарымызды білім алу үшін шетелдерге жіберетін боламыз. Біздің арғы бабаларымыз білімді, зейінді адамдар болған, оған қазір еліміздің әр аймағынан табылып жатқан алтын бұйымдар айғақ. Бабаларымыз сол кездің өзінде алтын өндіріп, анадай көркем зергерлік бұйымдар жасай білген. Ол үшін, әрине, үлкен шеберлік, сол шеберлікті шыңдайтын білім қажет екендігі даусыз.
Іссапар аясында облыс әкімі аудандағы ең іргелі әрі алғаш ашылған мектептердің бірі – №1 Күршім орта мектебінде болды. Аймақ басшысын бірер жыл бұрын ашылған «Шығыс ұландары» сыныбының 6-7 сынып оқушылары қарсы алды. Бірдей әскери киім киген балғын ұлдар мен қыздар жып-жинақы әскери тәртіппен өнерлерін көрсетті. 6 сынып оқушысы Рәбиға Мәулімхан Калашников автоматын әп-сәтте бұзып, қайта жинап шыққанда, шын сүйініп, талапты қызға алғысын білдірді.
Нәтижелі істі баянды ету керек
Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша «2018 жылдың үздік мектебі» атағын иеленіп отырған осы білім ордасын аралап, ондағы нақты жетістіктерге көңілі толған аймақ басшысы мектеп директоры Ерболат Мәжібаевқа, аудандық білім бөлімі басшыларына бірқатар тиімді кеңестер беріп, көмек қажет болған жағдайда қолдаудың болатынын мәлім етті. Облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмәділовадан интерактивті тақталар сатып алуға, робот техникасы сыныбын жабдықтауға қанша қаржы қажет екендігін сұрап білген соң, облыс әкімі «алдымен төменгі сыныптарды жабдықтағанымыз дұрыс болады, өйткені білім негізі төменнен басталады ғой» деген пікірін ортаға салды. Сондай-ақ қаржының бөлінетінін, қолдаудың болатынын айтты.

Көпір салынады

Аймақ басшысы ат басын жастар орталығы мен аудандық ардагерлер кеңесі орналасқан ғимаратқа тіреген еді. Осы арада жиналып, өзін күтіп отырған ауданның белсенді қарияларымен шешіле әңгімелесіп кеткен Даниал Кенжетайұлына ардагерлер көкейлеріндегі арыз-армандарын, алғыс-ризалықтарын айтып, қойған сауалдарына жауаптар алды. Көпір мәселесі осы жерде тағы бір мәрте талқыға түсіп, бұл мәселені шешуге көптен бері ынтамен араласып келе жатқан Даниал Ахметовтің қайтарған сенімді де тиянақты жауабы жұрттың көңілінен шықты.
– Күршімге өткен жолы келгенде де айтқанмын, – деді облыс әкімі. – Көпір мәселесіне «валюта тәуекелі» деген кедергі кездесіп, кешеуілдеп жатырмыз. Әйтпесе, бұл жобаның барлық құжаттары түгенделіп, мемлекеттік сараптамадан өтіп қойған. Осы жобаға инвестор болғысы келетін шетелдіктер қаржыны доллармен салуға ниетті. «Біз бүгін бір долларды 350 теңгеге бағалап ақша құяр болсақ, – дейді олар, – бес-алты жылдан кейін қаржымыз қайтар кезде бір доллар 500 теңгеге тең болып тұрса, үлкен шығынға ұшырамаймыз ба? Осы арадағы айырманы не істемексіздер?». Өкінішке қарай, бізде осы түйткілді реттейтін заң болмай тұр. Мен Үкіметке хат жолдап, арнайы шешім шығару туралы ұсыныс жасадым. Сол ұсыныс қабылданған жағдайда аталған қаржыны инвесторлар көпір құрылысына қорықпай салатын болады. Тоқ етері – көпір салынады.
Нәтижелі істі баянды ету керек
Сондай-ақ облыс әкімі Абай ауылдық округіндегі «Ұлан» шаруа қожалығында болды. Қожалық жетекшісі Арғынбек Қабдуллиннің 1000 бас ірі қараға арналған бордақылау алаңын құрып жатқаны туралы облыстық газет бетінде мақала жарияланғаны оқырмандардың есінде болар. Міне, дәл осы жай облыс басшылығының да қызығушылығын туғызған екен.
Сырт көзге шағын ауылды елестетіп, ауқымды аумақты алып жатқан телімде асыл тұқымды ірі қара – қазақтың ақбас сиыры өсірілуде. Ағайынды Қабдуллиндердің еңбекқор әулеті жұдырықтай жұмылып, шаруаны дөңгелентіп отыр. Ересектерден қалыспай зыр жүгіріп жүрген кішкентай ұлды көрген Даниал Ахметов:
– Көрдіңіздер ме, атасымен бірге немересінің де шаруаға араласып жүргенін. Түбінде осындай балалардан шаруаның ыңғайын, бизнестің жай-жапсарын жетік білетін іскер азаматтар өсіп шығады, – деді.
Қожалықтың жетекшісі өзінің шаруашылығын аралатып көрсетіп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоба-жоспарларын жайып салды. Облыс әкімі әсіресе, оның 7 млн. теңге қаржысын жұмсап, бағанасын өзі орнатып, 5 шақырым жерден электр жүйесін тартқанын естігенде, шынымен риза болды.
– Міне, – деді аймақ басшысы айналасындағы жұртқа. – Жұмыс істейін, тіршілік жасайын деген адам осылай етеді.
Облыс әкімі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы А.Жақыпбаев пен ауданның жаңа басшысы Д.Қажановқа осы уақытқа дейін бөлінген жайылымдық жер мен шабындықтың мың бас ірі қара үшін аздық ететінін алға тартып, қосымша жер телімдерін бөліп беруді тапсырды. Сонымен бірге, пайызы төмен несие алуға жәрдем көрсету қажеттігін айтты.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button