Әнші Әміре тағы бір мәрте ардақталды

Ән атасы атанып, қазақы болмысты күллі әлемге әйгілі еткен әнші Әміре Қашаубаевтың туғанына 130 жыл толды. Осыған орай облыстық Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясы арнайы кеш өткізді.
Әнші Әміре бұрынғы Семей облысы, Абыралы ауданы, Дегелең тауының бөктерінде дүниеге келген. Өнерге деген махаббат оған ана сүтімен дарыған. Алты жасқа келгенде ол домбыраға қол созды. Әнші бала атануына өскен ортасы, әнқұмар айналасы да әсер еткен. Талантты жігіт 1921 жылы Семейдегі қазақ жастарының ағарту ұйымы «Ес-аймаққа» әнші болып орналасады. Осылайша, өзін шыңдап, 1925 жылы Франция астанасы Парижге жол тартады. Бұл жерде бүкіләлемдік көрме өтеді. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген өнерпаздардың мақсаты – ортада ерекшеленіп, әлемге танылу еді. Өткізілген 11 концертте де Әміренің дауысын тамсана тыңдаған Францияның талғампаз қауымы жүлделі екінші орынды Әміренің қанжығасына байлап береді. Осылайша, делегация мүшелері асқан қуанышпен елге оралады.
-Бүгінгі кеш қазақтың әйгілі әншісі, қазақты әлемге ең алғаш танытқан Әміре Қашаубаевтың туғанына 130 жыл толуына арналып отыр. Осындай мерейлі күні көкірекке қуаныш толып, тұла бойды мақтаныш сезімі билейді. Өйткені Әміре Қашаубаев – бірауыз орысша білместен өзге мемлекетке барып, қазақы өнерді танытқан қайталанбас әнші. Бұл мереке барша семейліктерге ортақ деп білемін. Қаламыздағы Әміре Қашаубаев атындағы филармонияның атауы әйгілі өнер иесінің атына берілгені де үлкен жауапкершілік, үлкен абырой. Келер ұрпақ осындай дара тұлғаларды білуі парыз, – деді Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мұрат Әлин.
-Бұл атаулы күн тағы бір маңызды оқиғамен толығып отыр. Биыл филармония құрамындағы Бибігүл Төлегенова атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің құрылғанына 30 жыл. Оркестрдің негізін дарынды дирижер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Мырзағали Айдаболов қалаған. «Бибігүл» қазақ халық аспаптары оркестрі халық әндерін, күйлерін орындаумен қатар, шетел композиторларының озық шығармаларын және әлемдік классикалық шығармаларды кең көлемде насихаттап келеді. Ұжым шығармашылық іс сапармен Франция, Венгрия, Ресей, Түркия елдерінде өнер көрсетіп, көрермен көзайымына айналуда. Оркестрдің бас дирижері – республикалық дирижерлар конкурсының лауреаты Нұрлан Төкей. Кейінгі жылдары ұжымның аспаптық құрамы көбейіп, кәсіби орындаушылық шеберлігі артқан.
-Бұл қала да, өнер ордасы да мен үшін ерекше ыстық, өйткені мен – Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищесінің түлегімін. Осы жерден алған білімім алға жетелеп, бүгінде Алматы қаласында өнерімді шыңдаудамын. Тарихтан ойып алар орны бар екі айтулы датаны атап өтуге атсалысу – жастар үшін үлкен мақтаныш. Сондай-ақ оны ары қарай насихаттау да біздерге жүктелген міндет. Сол себепті де Алматы қаласынан арнайы осы киелі сахнада ән орындап, қалың көрерменді өнеріммен сусындатпақ мақсатта келдім. Кеште мен «Айсұлу» операсынан «Каватина Серкеден» үзінді және Естайдың «Құсни-Қорланын» орындадым, – деді Абай атындағы опера және балет театрының жетекші солисі Төлеген Рахымбаев.
Әдемі музыкалық иірімдерге толы шара оркестр ұжымының озат қызметкерлеріне қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің арнайы дипломдарын табыстаумен өрбіді. Сондай-ақ қонақтарға филармония директоры Адай Азаматов Әміре Қашаубаев атындағы төсбелгіні табыстады.
Сая Семейхан
Семей қаласы.