Руханият

Әнші Евгений Выблов жанкүйерлеріне ағынан жарылды

Әнші Евгений Выблов жанкүйерлеріне ағынан жарылды

Өскемендегі А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада республикалық «X-Factor» жобасының бесінші маусымының жеңімпазы, жас әнші Евгений Выбловпен кездесу өтті. Талант иесі басқосуда жанкүйерлерімен ашық әңгімелесіп, өзінің табысқа жету жолымен бөлісті.
Евгений «Үміт» балалар үйінде тәрбиеленді. Он жасында тұңғыш рет «Лейла» әнімен сахнаға шығып, мыңдаған көрерменнің жүрегін баурады. «Әнші балапан» байқауының дипломанты. 2004 жылы телевизиялық «Әнші болғым келеді» ән байқауының бас жүлдесін қанжығасына байлайды. Мәскеу, Петербор, Вена, Зальцбург, Ницца, Канны, Монако, Монте-Карло, Венеция, басқа да қалаларда өткен халықаралық байқауларда топ жарып, Қазақстан атын асқақтатып, жүлдесіз қайтқан емес. Музыкалық тәлімгерлері Ерболат Матабаев пен Сәния Жүнісова, балалар үйінің директоры Майра Бейсеқанова оған үнемі қолдау білдіріп келеді.
‒ 2011 жылғы «X-Factor» жобасындағы сәтсіздік мені шыңдай түсті, талғамым түбегейлі өзгерді. Мен тек орыс және қазақ тілдеріндегі әндермен шектеліп келсем, жобадан кейін мұным қате болғанын түсіндім. Өз стилімді қалыптастыру мақсатында әлем мойындаған Майкл Джексон, Том Джонс, Рэй Чарьлз сияқты әншілердің шығармашылығымен таныса бастадым. Бар жігерімді жинап, 2014 жылы «X-Factor»-ға тағы қатыстым, бұл жолы бар тәжірибем мен дайындығымды ортаға салып, көпшіліктің берген дауысымен жеңіске жеттім. Жобадағы қиын сәттер де болды. Мысалы, Анталия қаласына өнер көрсетуге бардық. Бір әнді орындап шықтым, сол күні кешке таңертең айтатын әнім беріліп қояды. Ол ән маған ұнай ма, даусыма келе ме, ол ескерілмейді. Тапсырма берілді, болды, сен еш мүлтіксіз әнді сахнаға алып шығуың керек. Өте тығыз күн тәртібінде жұмыс істедік. Бір қатысушының өзіне күніне төрт сағат түсірілім өтті. Кейін музыка мен би сабақтарына бардық. Осындай жетістікке жетуім өз ісімді жақсы көргендігім мен еңбектің арқасы деп білемін. Бос уақытымда футбол ойнаймын, хоккей ойынын тамашалауды ұнатамын, өскемендік «Торпедо» командасының жанкүйерімін. Арасында кітап оқуды да ұмытпаймын. Алғашқы оқығаным ‒ әжем сыйға тартқан «Винни Пух» кітабы. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың түлегімін. Мамандығым – музыка пәнінің мұғалімі. Қазіргі кезде Алматыдағы Павел Лидің студиясымен және «Ұлытау» тобының гитарашысы Макс Кичигинмен бірге еңбектенемін. Болашақта өзімнің студиямды ашқым келеді, – дейді Евгений Выблов.
Өнерде талғампаз, өмірде қарапайым жігіттің қайырымдылықпен айналысатыны да белгілі болды. Кездесу қызықты өтті, қала жастары мен қонақтар өз сұрақтарын қойып, сүйікті әншілерінен ән сұрады. Тыңдарман сұрауы бойынша Евгений «Көзімнің қарасы» әнін жанды дауыста орындап шықты. Айта кетерлік жайт, 2005 жылы әнші осы әнмен республикалық Абай оқуларының дипломанты атанған-ды. Жиын соңында Женя, тағы бір әсем ән шырқаса, жастар естелік суретке түсіп, қолтаңба алуға асықты.

Назерке Серікбек

Осы айдарда

Back to top button