Нұржау әулеті ауруханаға «Жедел жәрдем» көлігін сыйлады
Жуырда Аягөз аудандық орталық аурухана ұжымы үлкен қуанышқа кенелді. Аягөз қаласының тумасы, кәсіпкер Әнуар Бимурзин су жаңа «Жедел жәрдем» автокөлігінің кілтін аурухана алдында ұжым басшысы, бас дәрігер Шалқар Омаровқа салтанатты түрде табыстады.
Сыртында «Нұржау әулетінен Аягөз халқына тарту» деп жазылған автокөлік бұдан былай науқас жандардың өміріне араша түсетін болады. Ұлы Отан соғысының ардагері Жұмабек Нұржауұлы Бимурзинның әулеті атынан ауруханаға сый ретінде тартылып отырған бұл сыйлықты тек дәрігерлер қауымы ғана емес, қала халқы зор қуанышпен қарсы алды. Аягөз халқына «Жедел жәрдем» автокөлігінің сыйға берілуі тегін емес. Марқұм Жұмабек Бимурзинның өзі де осы саланың адамы болған. 1939 жылы орта мектепті Шұбартау ауданында тәмамдаған соң, ол Алматы медицина институтын соғыс өртінің бұрқ етуінің кесірінен қысқа мерзімде аяқтап, майданға аттанады. 23-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының 63-ші гвардиялық атқыштар полкінде медициналық рота командиры болып, екі жыл жаумен жан аямай соғысып, 1944 жылдың 21 маусымында Ржев бағытындағы шайқаста блиндажға түскен снарядтан қаза болады. Медицина капитаны шенінде болған майдангер Жұмабек Нұржауұлы Псков облысы, Ржевск ауданы, бұрынғы Сыскное, қазіргі таңда Чертова гора деп аталатын деревняға жерленеді. Ұрпақтары осыдан бірнеше жыл бұрын туған жердің топырағын басына апарып, құран оқып қайтқан. Ал дәрігер қауымына бүгінгі автокөліктің кілтін табыстап отырған Әнуар Бимурзин – республикаға танымал меценат. Осыған дейін Ер Жәнібек бастаған бірнеше батыр бабаларымыздың кесенесін тұрғызуға демеуші болып жүрген Әнуар ағамыздың бұл жомарттығын аягөздіктер «Туған жерге – тағзым» акциясы шеңберінде атқарылған бір үлкен шара деп қабылдады.
Салтанатты шара барысында бас дәрігер Шалқар Омаров, аудан әкімі аппаратының жетекшісі Қарлығаш Рғаева, аудандық мәслихаттың депутаты Рысбек Дүйсекеев, мәслихат хатшысы Төлеухан Бозтаев, медицина ардагері Марат Нұрекешов, майдангердің ұрпақтары сөз алып, осы іске бастамашы әрі демеуші болған Әнуар Бимурзинге алғыстарын жеткізді.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.