Қоғам

«Нұрлы жолдың» қаржысын игеруді ширату керек

«Нұрлы жолдың» қаржысын игеруді ширату керек


Семей қаласында «Нұрлы жол» бағдарламасына бөлінген 1,7 млрд. теңге игерілмей тұр. Бұл туралы облыс әкімдігінің аппараттық кеңесінде айтылды. Аймақ басшысы Даниал Ахметов қала әкіміне бұл келеңсіздікті жыл аяғына дейін жоюды жүктеді.

Жиында негізінен үш мәселе қаралды: міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне дайындық барысы, «Нұрлы жол» бағдарламасының іске асу қарқыны және «Адвокат қызметі мен заңдық көмек» туралы Заңға енетін өзгерістер.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов жаңа жүйеге дайындық ел арасында түсіндіру жұмыстарымен қатар жүріп жатқанын айтады. Бұл іске «Дидар» газеті де бір адамдай атсалысып, 500 мың таралыммен арнайы шығарылым ұйымдастырған болатын.

Қарапайым халыққа жаңа жүйенің ерекшеліктері жайында ақпарат арнайы құрылған Call-орталық арқылы да түсіндірілуде. Осы Call-орталық арқылы облыс бойынша 1,3 млн адам медициналық қызмет алушы ретінде тіркеліпті.

Биылғы жазда республика бойынша міндетті медициналық сақтандырудың қоры құрылған. Соңғы деректер бойынша 15 млрдтан астам теңге қаржы жиналыпты. Шығыс Қазақстанның үлесі – 1,2 млрд. теңге. Бұл көрсеткіш бойынша біздің облыс Астана, Алматы қалалары мен Қарағанды облысынан кейінгі төртінші орында. Соңғы мәліметтерге сенсек, облыс аумағында міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне 356 209 адам енген. Оларға 147 медициналық ұйым қызмет көрсетпек. Мұндағы жекеменшік мекемелердің саны – 67.

-Қоғамның әлсіз топтары үшін міндетті сақтандыру жүйесіне ену мерзімі 2020 жылға шегерілуі мүмкін. Министрлік осындай ұсыныс жасап отыр. Яғни, 2020 жылдың бірінші қаңтарына дейін әлсіз топ өкілдерінен медициналық сақтандыру жарналары талап етілмейді. Ал жұмыс берушілер үшін 2018 жылы әлеуметтік салық 1,5 пайызға азаюы мүмкін, – дейді Марат Шоранов.

Облыс әкімі әлеуметтік әлсіз топтардың шынайы тізімін түзіп, олардың төлем қабілетіне терең сараптама жүргізу қажеттігін ескертті.

-Статистикаға сүйенсек, біздің өңірде 460 мың адам жалдамалы жұмыста істейді екен. Бұл санды мемлекеттік кірістер департаментінің деректерімен салыстыру керек. Нақты тізім құрылғаннан кейін барып, олардың төлем қабілетін анықтау керек болады. Ертең медициналық сақтандыру жалпыға ортақ міндетке айналған кезде дәл осы тұстан қиындықтар шығады, – деді ол.

«Нұрлы жолдың» қаржысын игеруді ширату керек

«Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасының іске асу барысын құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Фархат Шорабай баяндады. Биыл бұл бағдарлама бойынша бес бірдей білім ошағы бой көтеруі тиіс болған. Ол үшін 3,1 млрд теңге қарастырылған.

Аягөз қаласындағы 600 орындық екі мектептің бірінде құрылыс кестеден кешігіп, бөлінген қаржының 36 пайызы игерілмей келеді.

Осы бағдарлама бойынша 2017-2018 жылдарда жалпы құны 5,7 млрд теңге болатын 11 инженерлік жоба жүзеге аспақ. Оның жетеуі биыл бітуі тиіс.
-Семей қаласында қолға алынған төрт жобаның қаржысы сылбыр игерілуде. Кестеге сүйеніп айтсақ, қаржы игеруде 1,7 млрд теңгедей қалып келеді, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Алмат Арсламбаев.

Осы бағытта 2016 жылдан қалған 10 жоба биыл аяқталуы тиіс болған. Өскемен, Семей, Риддер қалалары мен Абай, Зайсан, Ұлан, Шемонайха аудандарында қолға алынған су жүйесін тарту және жаңалау жобалары аяқталуға жақын.

Адвокаттаралған ақшасын да ақтауы тиіс

Келешекте адыокаттардан алған ақшасын ақтау талап етілмек. «Адвокаттық қызмет және заңдық көмек» туралы қолданыстағы заңға өзгеріс енбегелі 20 жылдан асыпты. Бес институционалдық реформа аясында бұл құжат та жетілдірілетін болды. Оның жай-жапсарын Әділет демартаментінің басшысы Ерлан Дауылбаев айтты.

Салаға жасалған талдау нәтижесінде адвокаттар мен заңдық кеңес берушілердің қызметінде бірнеше кемшіліктер анықталған екен. Ең бастысы, қарапайым азаматтарды пайдакүнем қорғаушы мен заңгерлерден қорғайтын құқықтық құжат жоқ.

-Облыста адвокаттардың тапшылығы орасан. Осының кесірінен бәсеке жоқ. Мұны жақсы білетін қорғаушылыр алдына келген азаматқа ойына келген бағаны айтады. Ал ол шығынның желге ұшпайтынына ешқандай кепілдік жоқ. Жаңа заң осындай қайшылықтарды реттеуді көздейді, – дейді Е.Дауылбаев.
Біздің өңірде 433 адвокат тіркелген екен. Кейбір аудандарда екі немесе үш адвокт қана қызмет көрсететін көрінеді. Осыдан кейін шалғай аудандарда олардың қызмет ақысы удай болып отыр. Облыс халқына шағар болсақ, 3221 тұрғынға бір адвокаттан келеді екен.

Департамент басшысының айтуынша, жергілікті адвокаттар алқасының бір құраммен ондаған жылдар бойы жұмыс істеуі ұйым қызметінің тұнықтығына күмән тудырып отыр. Заң саласындағы заңсыздықтарды реттеу үшін жаңа құжатта бірнеше тың қадам қарастырылған.

Біріншіден, заңдық кеңес берушілер арнайы палатаға бірігетін болады. Адвокат жалдауға шамасы келмеген адамдар осы кеңесшілердің қызметіне жүгінеді. Яғни, қазіргідей заңдық білімі бар кез келген адам сотта адвокат ретінде сөйлей алмайды. Ең бастысы, олардың міндеті заңмен бекітілетін болады.

Екіншіден, адвокат қызметінің құнын белгілейтін арнайы кесте түзілуі тиіс. Адвокат қызметіне жүгінгісі келген адам қай қызметтің қанша тұратынын сол кестеге қарап білетін болады. Бұл шек халықтың қалтасын қағуды тежемек.

Үшіншіден, адвокат пен жүгінуші арасындағы келісімшартты сақтандыру жолдары қарастырылмақ. Ұлыбритания, Нидерланд, Франция, Швеция сияқты елдердің тәжірибесі бұл жобаның ел үшін өте тиімді екенін көрсеткен. Келісімшарты сақтандырылған азаматтар сотта ұтылған күннің өзінде кеткен шығынның бір бөлігін қайтарып алады. Бұл жоба 2020 жылы қолданысқа енуі мүмкін.

Төртіншіден, қызметі сапасыз болған адвокаттар мен кеңес берушілерді жауапқа тарту тетіктері жетілдіріледі. Тәртіптік комиссиялар адвокаттардың әрбір әрекетін жіті қадағалап, шағым түскен жағдайда оған жаза қолдануы мүмкін.

Бесіншіден, адвокат тапшылығын шешу үшін осы мамандыққа өтудің шарттары оңтайланады. Қазір адвокаттық қызметті бастау үшін 800 мың теңгеге дейін алғашқы жарна төлеу қажет. Бұл соманы елу пайызға дейін шектеу қарастырылмақ.

Алтыншыдан, өзге де мамандық иелері сияқты адвокаттар да арагідік аттестациядан өтіп, біліктілігін арттырып тұруы қажет. Жаңа заң күшіне енсе, бұл да міндетті шарттардың бірі болмақ.

Е.Дауылбаевтың айтуынша, бұл заң жобасын адвокаттардың өздері өте ауыр қабылдап жатқан сыңайлы.

Мәжілісті қорытындылаған аймақ басшысы сала жетекшілері мен әкімдерге көлік қатынасы мен туризм саласын, «Нұрлы жер» бағдарламасын қамтитын бірнеше тапсырмалар берді.

-Депозиттерде 460 млрд теңгенің тұрғын үй салымы жатыр. Осыны игерудің жолын табу қажет. Өскемен мен Семейдегі қоғамдық көлік өкілдерінен автбустар мен трамвай жолын жаңалауды талап ету керек. Тарифті көтеруге ынталы мердігерлер қызмет сапасын да көтерсін. Өскемендегі трамвай жолы 20 жылдан бері жаңаланбапты. Әлде сіздер кезекті қайғылы оқиғаны күтіп жүрсіздер ме? Ал автобустардың соңынан ерген улы түтіннен көз ашу мүмкін емес.
Туризм инфрақұрылымын нығайтуға салған мемлекет қаржысы салық түрінде ақталуы шарт. Қазір түскен табыс пен салықтың арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Кәсіпкерлер палатасы осыған да көңіл бөлсін, – деді облыс басшысы.

2019 жылы облыстағы туристік нысандардың қызметі қатаң сүзгіден өтетіні де ескертілді.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button