Қоғам

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында алты мектеп салынады

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында алты мектеп салынады

Кеше аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің мәжілісінде төрт мәселе қаралып, құзырлы басқармалар басшыларының, сондай-ақ, Өскемен және Семей қалалары әкімдері орынбасарларының баяндамалары тыңдалды.
Бірінші мәселе бойынша облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Дырынбаев сөз сөйлеп, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық бағдарламасы шеңберінде Ұлттық қор есебінен қаржыландырылатын білім беру нысандары құрылысының барысымен таныстырды. Оның айтуынша, 2015-2017 жылдар аралығында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында облыс аумағында жалпы сомасы 6 миллиард 303 миллион теңгені құрайтын алты білім беру нысанының құрылысы жүргізілуі тиіс. Аталмыш алты нысанның бесеуі мектеп болса, біреуі мектепке дейінгі білім беру мекемесі.
– Бұл бес мектептің жалпы сыйымдылығы 2 120 орынды құрамақ. Ал Риддер қаласында бой көтеретін мектепке дейінгі білім беру мекемесінде 280 бала білім алмақ. 2015 жылы аталмыш мақсатқа Ұлттық қордан 1 миллиард 650 миллион теңге көлемінде қаражат бөлініп, игерілді. Биыл тағы 3 миллиард 116 миллион теңге бөлінген. 15 тамыздағы жағдай бойынша 1 миллиард 324 миллионы игерілді. Яғни, 2017 жылғы тапшылық шамамен 622 миллион теңгені құрамақ, – деген басқарма басшысының міндетін атқарушы ағымдағы жылдың сегіз айында 2 миллиард 205 миллион теңге игерілуі керек болатынын, алайда шын мәнісінде игерілген сома бір жарым миллионға да жетпей қалғанын атап өтті.
– Сегіз айдың ішінде 1 миллиард 300 миллион теңгені ғана игеруге шамаларыңыз жеткенде, тамыз айының соңына дейін қалған 795 миллионды қалай игеріп үлгермекшісіздер? Оның үстіне қазірдің өзінде бұл қаражаттың 455 миллионы межеленген уақытқа дейін игерілмей қалады деп айта беруге болады. Себебі, Риддер қаласында салынып жатқан мектепке дейінгі білім беру мекемесіндегі негізгі құрылыстан бөлек қосымша жұмыстарды жүргізу конкурсы сол қалпы аяқсыз қалған, – деген облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Шемонайха ауданының Верх-Уба ауылында салынып жатқан 300 орындық мектептің жағдайы да мәз емес екенін жеткізді.
Айта кетейік, келер жылдың тамыз айында пайдалануға берілуі тиіс аталмыш білім ордасының құрылыс жұмыстарына 883 миллион теңге бөлінген болатын. Оның 629 миллионы биыл игерілуі керек-тін. Бірақ, жыл басынан бері бөлінген қаражаттың сегіз пайызы (75 миллион теңге) ғана мақсатты жұмсалыпты. Әкімдік отырысында аймақ басшысы бұл нысандарды мысалға келтіре отырып, облыстық құрылыс және білім басқармаларының жұмысын қатаң сынға алды.
– Сіздердің салғырттықтарыңыздан миллиондаған теңге игерілмей қалуы мүмкін. Егер құрылыс жұмыстарын кешіктірмей жүргізіп, тапсырылған міндеттерді уақтылы орындай алмасаңыздар, неге бірден солай айтпайсыздар? Неге шын ақпаратты жасыруға әуессіздер? Құрылыс басқармасы айтпады делік, алайда, қалыптасқан жағдайдан білім басқармасы да құлағдар ғой. Айжан Ерханқызы, сіздер қайда қарап отырсыздар? – деген аймақ басшысы жер-жерде салынып жатқан түрлі әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарына басқарма басшыларымен бірге, аудан, қала әкімдері де жауапты екенін ескертті.
Сондай-ақ, облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ игерілмей қалған қаржы мақсатты жұмсалуы үшін қайта бөлінуі керек екенін айтып, бұл жөнінде өзінің орынбасары Қуат Тұмабаевқа тиісті тапсырмалар берді.
Сонымен қатар, Қанат Дырынбаев пен облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ринат Омаров Шығыс Қазақстандағы тұрғын үй құрылысының қазіргі ахуалына қатысты мәліметтер берді.
Атап айтқанда, алдағы уақытта Ұлттық қордан бөлінген қаражат есебінен Өскемен мен Семей қалаларында 19 көпқабатты тұрғын үй (145 мың шаршы метр, 1 971 пәтер) салу көзделініп отыр. Бұл мақсатқа 14 миллиард 821 миллион теңге бөлініпті. Бүгінге дейін аталмыш соманың 367 миллионы игерілген. Сол сияқты, Ұлттық қордан Өскемен және Семей қалаларындағы 21 нысанға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын тарту жұмыстарына 7 миллиард 720 миллион бөлінгенін де айта кеткен жөн. Қаржыландыру жоспары бойынша 15 тамызға дейін биылға бөлінген алты миллиард теңгенің 5 миллиард 388 миллионы, яғни, 89,7 пайызы игеріліпті.
Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ аталмыш бағыттағы жұмысты да үнемі бақылауда ұстап отыру қажет екенін айтып, есеп берген басқарма басшыларына қосымша міндеттер жүктеді.

Инвесторлармен байланысты ширату қажет

Бұдан кейін Өскемен және Семей қалалары әкімдері орынбасарларының баяндамалары тыңдалды. Олар Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Жолдауындағы қадамдық жоспарды іске асыру шеңберінде инвестициялар тарту және мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту жөніндегі жұмыстардың барысымен таныстырды. Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Арман Ысқақовтың айтуынша, бүгінде облыс орталығы бойынша 27 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Оның 24-і Еуропалық даму және қайта құру банкінің қолдауымен қолға алынбақ. Аталмыш қаржы ұйымынан бөлінетін қаражат 102,4 миллиард теңгені құрайды деп күтілуде. Сондай-ақ, тағы үш жоба мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жүзеге асатын болады. Олардың жалпы сомасы 42,3 миллиард теңгені құрайды.
– Әсіресе, бес жобаға ерекше басымдық беріп отырмыз. Оның ішінде шаһардың сумен қамту және су өткізу жүйелерін жаңғырту (құны 4,4 миллиард теңге), көше жарықтандыру жүйесін энергия үнемдегіш шамдармен алмастыру (4,9 миллиард), жылумен қамту жүйесін модернизациялау (бес миллиард), Жеңіс даңғылы мен Қазақстан көшесі қиылысында жаңа жол айрығын салу (8,7 миллиард) және Ертістің үстімен өтетін, қаланың Виноградов көшесі мен Меновное ауылының маңындағы Өскемен – Семей автокөлік трассасын жалғайтын көпір салу (56,4 миллиард) сияқты ауқымды жобалар бар, – деді қала әкімінің орынбасары.
Оның айтуынша, бұған қоса, тағы үш қосымша жобаға айрықша мән берілетін болады. Жалпы алғанда, қаланың концессиялық және инвестициялық жобаларының сомасы 144 миллиард теңгеден асып жығылады екен.
Сол сияқты, алдағы бірнеше жылда Семей қаласының аумағында да бірқатар ірі жоба жүзеге асырылады деп күтілуде. Оның ішіндегі 37 жобаға ерекше басымдық беріліпті. Қала әкімінің орынбасары Қайрат Ерембесовтің сөзіне сенсек, әсіресе, кәсіпкерлік, агросектор, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, білім беру және денсаулық сақтау салаларына көп көңіл бөлінеді.
– Қаладағы жаңадан бой көтеріп келе жатқан Қарағайлы ықшамауданына су өткізу және кәріз жүйелерін тарту, сондай-ақ, №3 жылу электр орталығын салу жобаларына басымдық беріп отырмыз. Мәселен, Қарағайлыға қажетті инфрақұрылымды тарту жұмыстарына 344,8 миллион теңге бөлінді. Бүгінге дейін оның 162,4 миллионы игерілді. Ал жылу электр орталығына келетін болсақ, жуықта Қытайдағы ең алпауыт энергетикалық компания саналатын «ТВЕА» ААҚ-мен тиісті меморандум жасастық. Қазір ел Үкіметінен мемлекеттік кепілдеме алу мәселесі қарастырылуда, – деді Қайрат Ерембесов.
Дегенмен, облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ бұл тұрғыда да олқылықтар көп екенін айтып, әкімдер мен олардың орынбасарларына Еуропалық даму және қайта құру банкі сияқты ірі инвесторлармен жиірек кездесіп тұру қажеттігін тапсырды.

Қан айналымы жүйесінің аурулары белең алып тұр

Келесі кезекте денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалия Жуасбаева қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлімді азайту шаралары туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, облыстағы өлім-жітімнің 25 пайызы осы қан айналымы жүйесінің ауруларынан болады. 2011-2015 жылдарға арналған денсаулық сақтау саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы арқасында аталмыш аурулардан болатын өлім көрсеткіші 46 пайызға төмендепті. Яғни, 2011 жылы 100 мың адамға шаққанда 447 адам, ал 2015 жылы 239 адам қан айналымындағы аурулар себебінен көз жұмған.
Соңғы 5 жыл ішінде қан айналымы ауруларының деңгейі облыста 23,5 пайызға өскен. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының айтуынша, өңірдегі бұл жағдайға ең басты себеп – егде адамдар санының артуы. Одан соң скринингпен қамтылған азаматтар қатарының көбеюі, жылына шамамен 120 мың адам аталмыш тексеруден өтеді, олардың 14,2 пайызында қан айналымы жүйесінің аурулары анықталған. Келесі бір себеп – 90-шы және 2000-шы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық қиыңдықтар мен өлкедегі күрделі экологиялық ахуал, әсіресе Семей полигонының кесірі.
– Қан айналымы ауруларынын болатын өлім-жітімді қысқарту жөніндегі іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Айталық, өткен жылы 124 мың адам тексеруден өтіп, олардың 17 мыңынан ауру белгілері табылған, 15 мыңы есепке алынды. Осы жылдың 7 айында тағы 85 мыңнан астам тұрғын тексерістен өтті, 9 мың науқас анықталып, 7,5 мыңын есепке алдық. Аталмыш санаттағы азаматтарды жеңілдетілген дәрі-дәрмекпен қамтуды ұйымдастыру шаралары қолға алынды. Мамандандырылған және жоғары кәсіби медициналық көмекпен қамту бағытында облыс бойынша 255 кардиологиялық төсек-орын бар, – деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.
Мұнымен қоса, Өскемендегі облыстық ауруханада және Семей медициналық университетінде тері арқылы әсер ету орталықтары жұмыс істейді. Аталмыш бөлімшелер демалыссыз және үзіліссіз миокард инфарктісі кезінде жедел медициналық көмек көрсетеді. Биылғы жеті айда аталмыш бөлімдерде 1360 коронароангиография және 1168 стентирлеу сынды заманауи медициналық жәрдем түрлері көрсетіліпті. Аудандардан 787 науқас жеткізілген. Сонымен қатар, 80 орындық облыстық оңалту орталығы ашылған.
– Соңғы 5 жылда қан айналымы ауруларының көрсеткіші 23,5 пайызға өсіп отыр. Ал осы жылдары еліміз бойынша бұл көрсеткіш небәрі 2,1 пайызға артыпты. Бұл көңіл көншітерлік көрсеткіш емес. Мұндай жағдайда не істеу керек?! Атқарылып жатқан сіз айтқан шаралар әлі де болсын жеткіліксіз. Бұл сала бойынша терең талдау жұмысын жүргізу керек. Сіз себептер қатарында адамдардың қартаюын атадыңыз, мұндай себеп бола ма?! Сонда адамдар қартаймауы керек пе?! Скринингтеу ауқымының артуы да себеп емес, ондай тексерулер бүкіл еліміз бойынша өткізіледі. Ал Семей полигонының әсері расында да көп. Десек те, ең басты себеп – ведомстводағы мәселелер, жұмыстың сапасыздығы дер едім. Орынбасарым Жақсылық Омарға арнайы комиссия құрып, көрсеткіштердің неліктен өскенін түбегейлі тексеруді тапсырамын. Аталмыш топқа салалық министрлік өкілдері тартылуы керек. Жыл соңында біз осы мәселені тағы бір талқыға саламыз. Сонымен қатар, келесі әкімдік отырысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының балалар өлімін қысқартуға қатысты іс-шараларын жан-жақты қарастыратын боламыз, – деп тапсырма берді аймақ басшысы.

Қысқа дайындықтың қарқынын арттырған жөн

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында алты мектеп салынады

Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ринат Омаров алдағы жылыту маусымына дайындықтың барысы туралы мәлімет берді.
Облыс әкімінің ұйғарымына сай үстіміздегі жылдың сәуір айында қыс маусымына дайындық жөніндегі облыстық штаб құрылған болатын. Осындай штабтар, сондай-ақ, барлық аудан және қала әкімдіктерінде де жасақталған. Арнайы бектілген жоспарға сәйкес жылыту маусымының басталуына дейін 624 қазандықты, 1350 шақырым жылу желілерін, 5676 шақырым сумен қамту желілерін дайындап шығу қажет.
Басқарма басшысының міндетін атқарушы берген мәліметтерге сүйенер болсақ, 17 тамыздағы жағдай бойынша қалалар мен аудандардың қысқа дайындығы орташа есеппен 77 пайызды құрап отыр. Бұл ретте Семей (59 пайыз), Курчатов (55 пайыз) қалалары мен Көкпекті (50 пайыз), Шемонаиха (62 пайыз) аудандарының көрсеткіштері көңіл көншітпей отыр.
– Бүгінгі таңда электр энершиясымен қамту нысандарының дайындық көрсеткіші облыс бойынша 75 пайызды құрайды. Жоспарланған электр таратушы желілердің 72 пайызына (3241 км) ағымдағы жөндеу, 43 пайызына (30 км) күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген, 458 подстанция жөнделген. Үй-жайлардың жылыту маусымына дайындық төлқұжаттары 15 қазанға дейін әзір болуы тиіс, – деді Ринат Омаров.
Өскеменде Менделеев көшесіндегі жылумен қамту желісі жаңартылып, №3 қазандықтан жылу трассасы салынуда. Семейде «Теплокоммунэнерго» кәсіпорны 250 миллион теңге сомасындағы жеке қаржысына жөндеу жұмыстарын қолға алған. Ал өз міндеттерін уақытында орындамаған семейлік «Данияр-СЕК» ЖШС мердігер ұйымымен шарт біржақты бұзылып отыр.
Басқарма басшылығы кеңес барысында Семейдегі жылумен қамту нысандарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін Даниал АХМЕТОВТЕН облыстық бюджеттен 90 миллион теңге сомасында қаржы бөлгізуге септесуін сұрады.
– Ғимараттардың жылуды қабылдауға дайындығы турасындағы құжаттар 15 қазанға дейін емес, 15 қыркүйекке дейін әзір болуы тиіс. Егер қыркүйектің соңында күн күрт суып кетсе, не істейсіздер?! Сіздер өз жұмыстарыңызды жеңілткілеріңіз келеді. Семейдегі жөндеу жұмыстарына қажет 90 миллион теңге қаражат қалалық қазынадан қарастырылуы керек. Семейде қазіргі кезде бюджет 400 милиион теңге шамасында артық орындалуда. Міне, осы қаржыны аталмыш мақсаттарға жұмсаңыздар. Қазір біз Семейдің өзінен жиналған барлық қаржыны тек қаланың өз мақсаттары үшін жаратуға рұқсат беріп отырмыз. Сонымен қатар, берешектерді жою бағытындағы жұмыстарды ширата түскен жөн, – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.

Нұржан Кенжеұлы,
Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button