«Нұр Отанның» айқын жеңісі

Наурыз мейрамының алғашқы күні Өскемендегі Республика алаңында «Бірлік! Тұрақтылық! Жасампаздық!» атты өңірлік форум өтті. «Нұр Отан» партиясының мүшелері сайлаудағы өз жеңістерін осылайша мерекеледі.
Республика алаңында партияның сары-көк тулары желбіреп, патриоттық әндер шырқалды. Форум барысында Орталық сайлау комиссиясынан Парламент Мәжілісі сайлауындағы дауыс берудің нәтижелері туралы ақпарат келіп түсіп жатты. Форумды ұйымдастырушылар сахнадан алдын ала қорытындыны мәлім етті. Жеңімпаз болып сайлаушылардың 82,15 пайыз дауысын жинаған «Нұр Отан» партиясы атанды. Жеті пайыздан астам дауысты «Ақ жол» демократиялық партиясы және Қазақстанның коммунистік халықтық партиясы жинады.
Күн райы көктемгідей шуақты әрі жылы болды. Алаңда осы күннің қарсаңында ақшаңқан киіз үйлер тігілген-ді. Таң атысымен мұнда мерекелік сауда-саттық, спорттық сайыстар, жүлделі байқаулар ұйымдастырылды. «Нұр Отан» киіз үйінің иелері барлық қонақты наурыз көже мен бауырсақтан дәм татуға шақырып жатты.

«Алға, Қазақстан!» деп ұран тастаған «Нұр Отан» партиясының мүшелері мен белсенділері сахна төрінде сөз сөйледі.
– Құрметті шығысқазақстандықтар, – деді жиналғандар алдында «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ. – Наурыз мейрамының елдегі маңызды саяси науқанның – Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың қорытындысын шығарумен тұспа-тұс келуі бекерден-бекер емес. Бүгін орталық алаңда салтанат құрған мерекелік көңіл күй мыңдаған қалалықтар мен облыс орталығы қонақтарының басын қосып отыр. Алдын ала қорытындылар біздің азаматтарымыздың белсенділігін және «Нұр Отан» партиясына деген шынайы халықтық қолдаудың жоғары деңгейін паш етті. Біздің партия үшін дауыс бере отырып, қазақстандықтар кезекті рет Мемлекет басшысының бағытына, партияның бағдарламасына қолдау танытты, мықты әрі тәуелсіз Қазақ елін әрі қарай қалыптастыруға, жаңғыртуға дайын екендіктерін білдірді.
Облыс әкімі «Нұр Отан» партиясы – елді әрмен қарай дамытуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған президенттік реформалардың қозғаушы күші екенін атап өтті. Ол әрдайым жаңартулардың алдыңғы шебінде жүрген және жүре бермек, ал шығысқазақстандықтар кезекті рет белсенді азаматтық ұстанымдарын көрсетті және елдің болашағы үшін, қоғамдық келісім мен экономикалық өрлеу үшін өз таңдауларын жасады.
Даниал АХМЕТОВ партиялықтарды Наурыз мейрамымен, саяси науқандағы айқын жеңістерімен құттықтады. Аймақ басшысы оларды алда ауқымды және жауапты жұмыс күтіп тұрғанын атап өтті, өйткені, нұротандықтар Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ командасында Қазақстанды қайта құрудың міндеттерін шешуге әзір екендіктерін танытты.
– Кең көлемді реформаларды іске асыру нақ сіздерге жүктеліп отыр. Бүгінде Қазақстан ғаламдық дағдарыстың теріс ықпалына және қазіргі заманның қауіп-қатерлеріне табысты түрде қарсы тұруда. Шығысқазақстандықтардың біздің алдымызда дамудың жаңа белестері тұр, оларға жету үшін баршамызға күрделі де жауапты жұмысқа жұмылу қажет. Табыстың кепілі – өзара сенім мен ауызбіршілік. Біздің бір еліміз, бір тағдырымыз, бір Елбасымыз бар! – деді облыс әкімі
Аймақ басшысы барлық шығысқазақстандықты алда келе жатқан көктем мен жаңарудың, мейірім мен бейбітшіліктің мейрамы, жаңа жылдың, жаңа үміттің белгісі – Наурызбен құттықтады.
– Жылдан-жылға біздің бірлігіміздің мықты іргетасы әрбір көктемді ізгі ниетпен, болашаққа деген нық сеніммен қарсы алуға мүмкіндік береді, – деді Даниал АХМЕТОВ. – Тәуелсіздігіміздің мерейлі 25 жылдығында шығысқазақстандықтар Наурызды бір шаңырақ астында, мол дастарқан басында қарсы алуда. Біз алдағы уақытта да дәстүрімізді ұлықтап, жаңғырта береміз, тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтайтын боламыз. Шын жүректен Наурыз сіздерді игі істерге ынталандырып, әр үйге қуаныш, бақыт пен береке-бірлік әкелсін деп тілеймін! Мейрам жерімізге жақсылық пен бейбітшілік алып келсін! Отанымыздың – Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолындағы жаңа бастамаларға мұрындық болсын!
Жас ұрпақ атынан С.Аманжолов атындағы ШҚМУ студенті Юлия Миронова сөз сөйледі.
– Біз тарихи оқиғаның куәсі болдық. «Нұр Отан» партиясы нақты істердің партиясы болған, болуда және бола бермек, – деді ол.
Мерекелік іс-шара өскемендік шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Атап өтерлік жайт, осындай жеңімпаздар форумы облыстың барлық ауданы мен қаласында өтті. Мәселен, Курчатов қаласының орталық алаңына «Нұр Отан» партиясының мүшелері мен жақтастары көптеп жиналды. Курчатовтың сайлау учаскелеріне 6 820 адам келген, бұл – сайлаушылардың 89 пайызы. «Нұр Отан» партиясы үшін 5 845 адам дауыс беріпті (85,7 пайыз). Қалалық мәслихаттағы барлық он бір орын «Нұр Отан» кандидаттарына тиді. Олардың ішінде «Ұлттық ядролық орталықтың» бас директоры Ерлан Батырбеков, «Ядролық технологиялар паркі» АҚ басқарма төрағасы Александр Борисенко, «Дегелең» станциясының басшысы Талғат Жақсыбаев және ғылым, мәдениет, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік салаларының белді өкілдері бар.
Ержан Әбіш