«Нұр Ордада» Филиппиннің қыздары тіл үйретіп жүр

Өскемендегі «Нұр орда» мектеп-лицейі ағылшын тілін оқытудың тың тәсілін пайдаланып отыр. Мектеп басшылығы бұл пәннің мұғалімдерін сонау Филиппиннен аттай қалап алдырыпты.
Руэна Габуд, Дженин Виленуева, Дженифер Вергалуд. Бұл үш ханым Алтай төсіне сонау Филиппин аралдарынан келіпті. Қазақша аман-сәлемнен басқаны білмейтін, ал орысша екі сөздің басын қоса алмайтын филиппин қыздарының мұндағы оқушыларымен қалай тіл табысып жүргеніне таңғалдық. Дегенмен, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Самат Смақов мұғалімдердің оқушылар тілін түсінбеуі ағылшын тілін барынша тез меңгеруге түрткі болатынын айтады.
Филиппин мемлекетінде ағылшын тілі жергілікті тагаль тілімен қатар ресми тіл саналады. Қостілділік мәселесі бұл елде қалыпты жағдай саналатын көрінеді.
-Біздің елде ағылшын тілі ресми байланыс тілі ретінде бекітілген. Өз ұлттық тілімізбен мәртебесі бірдей. Ел ішінде бұған наразы топтар да жоқ емес. Бірақ көпшілігі бұл үрдіске ет үйретіп алған, – дейді Руэна Габуд.
Шетелдік ұстаздарды АҚШ немесе Ұлыбританиядан емес, Азияның оңтүстік-шығысында жатқан Филиппин елінен шақырғанына көңіліміз қоңылтақсығанын несін жасырайық? Сөйтсек, мектеп басшылығы бұл арада менталитет жақындығын бірінші орынға қойған екен.
-Филиппиндер де азиялық ұлт болғандықтан, менталитеті бізге келіңкірейді. Ал Батыс елдерінің мәдениеті онсыз да кеңістіктің бәрін жаулап алған ғой. Тілмен бірге өзге таным, өзге мәдениет санаға сыналап енетіндіктен, біз өзімізге ұқсас мәдениет өкілдерін таңдадық, – дейді Самат Смақов.
Келгендеріне бір жылға жуық уақыт болса да, филиппиндік ханымдар Өскеменді бір рет аралап көрмепті.
-«Үй-жұмыс, жұмыс-үй» деген ғана бағытты білеміз, – деп күлісті.
Осының өзі олардың жұмысына қаншалықты берілгенін көрсетіп тұрғандай. С.Смақов филиппиндіктермен жұмыс істеу ыңғайлы екенін айтады. Сабақтан тыс шараларға да белсене қатысатын көрінеді. Біз барған кезде бұл үштік қазақ көйлегін киіп, би үйреніп жатты.
-Ағылшындық не американдық мамандармен жұмыс істесеңіз, келісімшарттан тыс жұмыс істете алмайсыз. Ертең мерекелік шара еді, өнеріңізді көрсетіңіз деген сияқты өтініштерге «Ондай жұмыс келісімшартта жоқ» деген жалғыз жауап айтады. Ал филиппиндіктер өзіміздің қазақтар сияқты. Жағдайға байланысты әрекет етеді. Одан кейін бұлардың еңбекақысы да батыс мамандарына қарағанда арзанға түседі, – дейді Самат Смақов.
Руэна Габуд пен Дженин Виленуева отбасын құрған. Үй іші сол Филиппинде.
-Келісімшарт бітісімен елге қайтамыз. Қазақстаннан өзге елдерде де жұмыс істеп көргім келеді, – дейді Дженин.
Ал Дженифер Вергалуд әлі тұрмыс құрып үлгермепті.
-Кім біледі, бәлкім өз бақытымды осы жақтан табармын. Тағдыр солай бұйырып жатса, Қазақстанда неге қалмасқа, – дейді әзіл-шыны аралас.
Үш ұстаз да бірауыздан қазақ балаларының білімге құштарлығын ерекше атады. Біздің балалардың өлермен құштарлығы кейде тіпті, оларды мезі етіп жіберетін көрінеді.
-Қазақ балаларының басты артықшылығы білімге деген көзсіз құштарлығы. Білмеген дүниесін үйренгенше маза бермейді. Кейде тіпті, қатты шаршап, үйге сүйретіліп әрең жетеміз, – дейді Руэна Габуд.
Есімжан НАҚТЫБАЙҰЛЫ