Аймақтар аухалы

Новополяковкаға таза су келе жатыр

Тұрғындарды  сапалы  һәм  таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатындағы  өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы ауданымыздың аумағында  сәтті  жүзеге асырылуда.

Күні кеше ғана  Новохайрузовка, Солдатово, Аққайнар, Ақсу ауылдарындағы су құбыры жүйелері қайта жаңғыртылып, тұрғындардың қолы таза ауызсуға  жетіп отыр.  Енді міне, аудан орталығынан тысқары  жатқан  елді мекендердің бірі – 140 отбасы  тұратын   Новополяковка ауылына да ауызсу тартылуда.

Осындағы тұрғындардың айтуынша, су құбыры тартылғанға дейін елді мекен халқы суды ауыл ішінде орналасқан   шүмектерден ғана алып жүріпті. Ендігі тартылып жатқан су  құбыры ауылдық округтің орталық елді мекенін  толықтай сапалы ауызсумен  қамтамасыз етеріне тұрғындар бек сенімді. Аталмыш құрылыс жұмыстарына аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі тапсырыс берген. Жоба құны 480 миллион  теңгені құрайды. Су құбыры құрылысының жұмыстарын Өскемен қаласынан келген «ABK Tehnology» АҚ  мердігерлік ұйымы атқаруда. Новополяковкадағы тұрғындар игілігі үшін атқарылып жатқан  істің барысымен бізді аталмыш мердігер серіктестігінің учаске шебері Мұратжан Саниязов таныстырды.

  • Осындағы құрылыс жұмыстарын өткен жылдың қыркүйегінде бастадық. Бір айдан кейін күннің суықтығына байланысты құрылыс жұмысы тоқтатылып, ағымдағы жылдың мамырында қайта жанданды. Жалпы, Новополяковкадағы су құбырын жаңғырту жобасы екі жылға жоспарланған. Осы жылдың қазан айының соңында құрылысты түгелімен аяқтап, тұрғындарға тапсырамыз деп жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда жұмыстың 90 пайызы аяқталып қойды. Ауыл ішіндегі негізгі құбырларды тартып біттік. Ендігі кезекте сусорғы станциясы мен өрт сөндіруге арналған су қоймасының құрылысын аяқтау ғана қалды. Барлығы 12 шақырым су құбыры тартылады. 100-ден аса құдық, үш сусорғы (оның біреуі қосымша пайдалану үшін) қойылды. Екі үлкен скважина қазылды. Сыйымдылығы 100 текше литр бір және 200 текше литр су сиятын екі үлкен су қоймасы (резервуар) болады. Біз суды әрбір тұрғынның үйлерінің алдына дейін жеткізіп береміз, ал суды кіргізу үй иелерінің өз құзырында,- дейді М.Саниязов.

Учаске шеберінің айтуынша,  құрылыс жұмыстарын жүргізуде  қиыншылықтар да аз болмапты. Мәселен,  құбыр тартылатын орды қазуда жартасты жер қыртысы  көп кездескен. Мамандар бұлар 8-9- дәрежедегі, яғни, қатты  жартастар тобына жатады, сондықтан жұмыс біршама күрделенген дейді.

Құбырды тартуға екі экскаватор, бір манипулятор және жүк тиегіш, екі гидробалға құрылғысы сынды техника бірліктері жұмылдырылған. Оларды тізгіндейтін тәжірибелі жүргізушілер Николай Досечкин, Талғат Қабдешев, Жандос Қабдешев  өз істерінің нағыз маманы. Одан бөлек, Нұрлыбек Смағұлов, Асхат Әлхамов,  Азат Князбаев секілді жұмысшылар мен аспаз Любовь Жигулинаның  да еңбегі зор.

-Су – бар берекенің  бастауы. Ауылымыздың халқы  үшін бұл  қуанышты жаңалық болды. Табиғи таза ауызсудың адам  денсаулығына пайдасын айтпасақ та түсінерсіздер.  Шалғайда  жатқан ауыл  адамы үшін  мемлекет  тарапынан  жасалып жатқан бұл  игі  іс   ойдағыдай аяқталарына шақ қалды. Жұмыстың сапалығын ай сайын мемлекеттік техникалық бақылау өкілдері келіп тексеріп  жүр.  Жобадан қандай да бір  ауытқулар болған жоқ.  Ауылға таза су келсе, елді мекеніміздің болашағы жарқын боларына  сенеміз, – дейді ауылдық округ әкімі Сержан Байбұсынов.

Тимур Смағұлов

Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button