Руханият

Нотадан күй төгілді

Нотадан күй төгілді


Тыңдармандарының құлақ құрышын қандырып, қошеметіне бөленіп жүрген «Ертіс концерт» камералық оркестрі биыл жиырмасыншы көктемін қарсы алды. Өскемендегі облыстық драма театрының залында оркестрдің мерейтойлық концерті аншлагпен өтті.

Нотадан күй төгілді

Бұл белеске өнер ұжымы табысты да табанды еңбегімен жетті. Елорда мен еліміздің өзге қалаларындағы оркестрдің концерттері, Ресейге жасаған гастролі, өңір халқының алдына шығып өнер көрсетуі, Алматыда өткен «Әуен Фест» камералық оркестр байқауының лауреаты атануы – ұжым тарихындағы жарқын сәттердің бірі ғана.

Сахнада екі он жылдықтың үздік нөмірлері мен түрлі жанрдағы әуендері, итальян композиторларының классикаларынан бастап, жас музыканттардың шығармаларына дейін орындалды. Скрипкашылар Ольга Штрауб, Виктор Орел, Камила Нұрғалиеваны халық қошеметпен қарсы алды.

– Оркестрдің мерейтойы біздің ұйымның 25 жылдығымен тұспа-тұс келуі біз үшін абырой. Екі ұжымның достық, шығармашылық байланысы жылдан-жылға нығайып келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын оркестр өнерпаздары Түріксой халықаралық жобасына қатысып, Қазақстан мен алыс-жақын шетелде өткен «Менің достарым – менің байлығым» концертіне бір кісідей атсалысты. Екі ұжымның байланысы алдағы уақытта бұдан әрі нығая түседі деген ойдамын, – дейді Түріксой халықаралық ұйымының бас хатшысы, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, скрипкашы Дүйсен Қасеинов.

Рухани кеште қонақ болған облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова бояуы қанық, әсерлі де әуезді әуендерімен тыңдарманға тамаша көңіл-күй сыйлаған өнер ұжымына алғысын білдіріп, аймақ басшысының атынан құттықтады.

– Осы оркестрдің орындауындағы әрбір шығарма жүрекке жетеді. Олардың барлығы да өнерге шын берілген, өз істерінің майталмандары, – дейді залдағы көрермендер.

Музыка айдынында 20 жыл

Облыстық мемлекеттік филармонияның камералық оркестрі Семейде де концерт берді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен кештің арнайы қонақтары еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Әнуар Ақбаров, халықаралық конкурстардың лауреаты Талантбек Молдақанов және «Түріксой» халықаралық ұйымының бас хатшысы, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, дарынды скрипкашы Дүйсен Қасейінов болды.

Биыл камералық оркестрдің құрылғанына 20 жыл толды. Жиырмаға тарта адамнан тұратын ұжымға Ольга Штрауб жетекшілік етеді. Ол Құрманғазы атындағы консерваторияның түлегі, облыс әкімі сыйлығының иегері және талантты өнерпаз. Бұл күні театр төрінде классикалық шығармалар орындалды. Оның ішінде семейліктер әлемнің жауһар туындыларын да тыңдауға мүмкіндік алды. Сол сияқты оркестрдің сүйемелдеуімен күміс көмей әншілер құлақ құрышын қандырды. Әсіресе Ольга Орлованың орындауындағы романстар, тыңдармандарды ерекше тебірентті. Ал скрипка және виолончельдің хас шеберлері қазақтың дәстүрлі күйлерін классикалық аспаптармен орындау арқылы, көрермендердің зор қошеметіне бөленді. Әйтсе де, концертте қынжылтатын жайттар да болды. Мәселен, қала әкімі бастаған әкімдік өкілдері кешке тайлы-таяғы қалмай жиналған еді. Сол секілді жастардың да қарасы аз болмады. Өз кезегінде сахна төріндегі меймандар барын салды. Жиналғандар Дүйсен Қасейіновті асыға күтті. Өйткені маэстроның орындауындағы музыка ешкімді де бейжай қалдырмайтыны рас. Ол кеш барысында шәкірттерімен бірнеше үздік композицияларды ұсынды. Оның ішінде «Менің жолым» («My Way») атты шығарманы өнерсүйер қауым жоғары бағалады. Бұл еңбек, тағдырдың сан қырлы соқпақ жолдарынан өтіп, тізесін бүкпеген жандарға арналған екен.

– Алдарыңызда өнер көрсеткен Ольга Штрауб біздің консерваторияны бітірген. Сонымен қатар ерекше дауысымен сіздерді қуантқан Вячеслав Ткач, Альмира Нұрғожина – олар да менің шәкірттерім. Мен шәкірттеріммен кездескеніме қуанамын. Олармен өнер көрсеткен бір ғанибет. Өнер деген – тылсым күш. Ол өмірдің соңына дейін сенімен бірге болады, – дейді Дүйсен Қасейінов.

Мерейтойлық концерттің соңында өнер ұжымына облыс және қала әкімінің ықылас гүлі табысталды.

Лаура Нарузбаева
Жақсылық Сүлейменов

Осы айдарда

Back to top button