Қоғам

Өнімдерін қолжетімді бағамен саудалады

Өнімдерін қолжетімді бағамен саудалады

«Туған ел – алтын бесігім» акциясының аясында Өскемендегі «Freshmarket» гастрономының алдында өткен жәрмеңкеде Күршім ауданының шаруа қожалықтары өз өнімдерін ұсынды.
Осы ауданның 12 ауылдық округінен келген шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлері ауылшаруашылық өнімдерін ұсынған жәрмеңкені облыс әкімінің орынбасарлары Жақсылық Омар мен Дүйсенғазы Мусин аралап көрді.
Бұл күні қой еті – 900, жылқы еті – 1100, сиыр еті – 1000, көкөністер – 65, балдың келісі – 1100 теңгеден саудаланды. Жәрмеңкеде балық өндіру цехының өнімдері лезде сатылып кетті. Тіпті, қысқа қазірден бастап қамданғандар үйлеріне көкөністі қап-қабымен әкетті. Базар бағасынан әлдеқайда төмен бағамен сатылған өнімдерді жұртшылық кезекке тұрып таласып алды.
Күршім аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Серік Ашмановтың айтуынша, жәрмеңкеге 8200 келі ет, 500 литр қымыз, 2050 келі көкөніс, 200 келі бал мен 3900 келі балық өнімдері әкелініпті.
– Бүгінгі өнімдердің бағасы базармен салыстырғанда 20 пайызға төмен. Меніңше, бұл шара ауылдағы жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді, – дейді Серік Ашманов.
Бұл күні Маралды ауылының тұрғыны Ләззат Какимованың балын сатып алушылардың қарасы көп болды. Өйткені, мұнда бал 800 теңгеден саудаланды.
– Біздің ауыл – омарта шаруашылығын ұстауға тиімді аймақ. Сондықтан, бал өндіру үшін алдымен ара ұяларын жақсылап жасауға мән берген жөн. Себебі, бұл еңбек өнімділігінің артуына тікелей ықпал етеді, – дейді Ләззат Какимова.
Құйған ауылдық округінің тұрғыны Анархан Слямованың да балық өнімдерін алушылар көп болды. Өйткені, балықтың түр-түрі саудаланды. Өзінің айтуынша, ол осыдан үш жыл бұрын «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша несие алып, балық өндіру цехын ашыпты. Қазіргі күні кәсіпкер екі адамды жұмыспен қамтып отыр екен.
– 2012 жылы үш миллион теңге несие алып, соған цехқа қажетті аппараттарды сатып алдым. Соның нәтижесінде жұмысымды жүргізіп отырмын, – деді Анархан Слямова.
Бұл күні, әсіресе, ет және көкөніс өнімдері мол әкелініпті. Бағасы да қалтаға салмақ түсірмейтінін айтады өскемендіктер.
– Шынында да, сүт өнімдері сапалы, қою, бағасы да арзан. Үнемі алып тұрамын. Байқаймын, мұндағы тағамдар орта есеппен алғанда базардағыдан әлдеқайда төмен. Сол үшін жәрмеңкені ұйымдастырушыларға рақмет, – дейді Жібек маталар комбинаты ықшам ауданының тұрғыны Әлжан Бақытбаева.
Айтпақшы, күршімдік өнерпаздардың концерті де көпшілік көңілінен шықты. Әсіресе, С.Тоқтарова, «Жігер» тобы, Е.Бақтыбай, «Ұлдар» триосы, Д.Шахиева сынды әншілерге ерекше құрмет көрсетілді. Сөйтіп, өскемендіктер мен қала қонақтары арзан азық-түлік ұсынып, ән мен күйге бөлеген күршімдіктерге ерекше ризашылықтарын білдірді.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button