Өнімдерін арзан бағамен саудалады
Өткен сенбіде Өскемендегі «Фрэшмаркет» сауда орталығының жанындағы арнайы алаңда биылғы алғашқы ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкені облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ аралап көрді.
Аймақ басшысымен бірге орынбасары Дүйсенғазы Мусин, облыстық мәслихат хатшысы Владимир Головатюк, Өскемен қаласының әкімі Ерлан Аймұқашев жүрді.
Жылдағы мерзімнен бір ай ерте басталған шараны Ұлан ауданының шаруалары бастады. Ерекше атап айтарлығы, жәрмеңкеге шығарылған өнімдердің барлығы да бүгінгі базар бағасынан 15-20 пайыз төмен бағамен сатылды. Содан да болар, бұл жөнінде ерте құлақтанған қала тұрғындарының қарасы да мол болды. Жәрмеңкенің өту барысын, оған шығарылған өнімдер жайында аймақ басшысына Ұлан ауданының әкімі Дәулет Батырбаев баяндады.
– Ең бастысы, бұл жердегі өнімдердің базардағыдан 15-20 пайыз арзан болатындығын, апта сайын өтетінін ел білуі керек. Өздеріңіз көргендей, шынында да солай. Сонымен бірге, өнімдердің сапасы да жоғары. Таза, қоспасыз табиғи өнімдер. Сондықтан бұл жәрмеңке дәл уақытында жоғары деңгейде ұйымдастырылып отыр және ауылшаруашылық өнімдеріне бағаның өсуіне айтарлықтай тоқтау болады деп санаймын, – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Ұлан аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әділбек Рамазановтың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, бүгінгі шараға ауданның елуден астам шаруа қожалығы өздері өндірген өнімдерін әкеліп отыр. Олардың ішінде «Өскемен құс фабрикасы» АҚ, «Багратион Ұлан» ЖШС, «Назаренко» ЖК, «Екімбаев» ШҚ, «Багратион 2» ЖШС және шұжықтың сан алуан түрлерін және консервіленген ет өнімдерін шығарып отырған «Болашақ» шаруа қожалығы секілді өңірге танымал өнім өндірушілер бар.
Бөлім басшысының айтуынша, ұландықтар бұл жолы түрлі ассортименттегі 7 тоннадан астам етті, 10 тоннадай көкөністі, тоннаға тарта түрлі сұрыптағы балды, жарты тонна күнбағыс майын, одан бөлек, елуден астам сүт және ашытылған сүт өнімдері, нан-тоқаштың, жарма және балықтың түр-түрін қала тұрғындарының игілігіне ұсынды. Қалаға іргеден жеткізілген ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі 25 тонна болса, жалпы сомасы 12,6 млн. теңгені құраған.
– Жәрмеңке – біз секілді шаруаларға жасалған үлкен қолдау. Қолымыздағы малдың етін ешқандай делдалсыз өзіміз сатып отырмыз. Баға да көңілден шығады, алушылар да көп. Ұйымдастырушыларға үлкен рақмет, – дейді Алмасай ауылынан келіп ет сатып тұрған Мұратбек Байенов.
Бағаның арзандығына аралау барысында біз де көз жеткіздік. Мәселен, бал келісі – 900 теңгеден, ет келісі – 1200-1500 теңге аралығында, шұжықтың түрлері – 400, 500, 1000 теңгеден саудаға қойылды. Ал балық сатушыларға, оның ішінде келісі – 600 теңге деп бағаланған сазанды алуға кезекке тұрғандар көп болды. Мұнан өзге қырыққабат, сәбіз, картоп, пияз, қызылшаның келісі – 80 теңгеден сатылды.
– Бүгін қалағанымша ет, балық, күнбағыс майын, тары-талқан әкетіп барамын. Базардан арзан екендігіне көзім жетті. Ұйымдастырушыларға рақмет. Енді үнемі келетін боламын. Ақшаға да бірталай үнем болды. Әйтпесе, біздің зейнетақымыздың көбі дәрі-дәрмек алуға кетеді ғой, – дейді қала тұрғыны, зейнеткер Сәуле Тұрсынханқызы.
Сонымен бірге, ұландықтар өнімді шикізат күйінде емес, жаңа технологиялар арқылы қайта өңдеу саласына да баса мән беріп отырғанын байқадық.
Бұл күнгі қызу саудадан бөлек, жәрмеңке алаңында қолданбалы өнер көрмесі ұйымдастырылса, ауданның көркемөнерпаздар ұжымы «Ұлылардың мекені, батырлардың бесігі, Ұлы дала – Ұлан ауданы!» атты концерттік бағдарлама ұсынып, келушілердің көңілін көтеріп, шараның шырайын кіргізді. Сондай-ақ, жәрмеңкеге келушілер ұландықтар арнайы әзірлеген тегін дастарханнан дәм де татты.
– Облыс бойынша азық-түлік тауарларының бағасын облыс әкімі өзінің тұрақты бақылауына алып отыр. Аймақ басшысының тапсырмасымен Өскемен мен Семейде, басқа да ірі қалалардағы бағаға арнайы мониторинг жасалуда. Қыстың ұзаққа созылуына, жолдардың жиі жабылып қалуына байланысты бағада біраз өсу байқалды. Соған орай, жәрмеңкені жылдағыдан бір ай бұрын ерте бастадық.
Енді апта сайын облыс әкімі бекіткен кестемен өтеді. Мұның сыртында облыстық тұрақтандыру қорының өнімдері де сатылуда. Биылғы маусымға 5 мың 700 тонна өнім сақталынған. Аудандардағы шаруашылықтарға өз өнімдерімен нарыққа шығу туралы да тапсырмалар берілді. Осының бәрі бағаның тұрақтануына оң әсерін тигізеді, – деді облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин.
Бұл күні ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі бұдан бөлек Өскеменнің Металлургтер мәдениет сарайы аумағында өтсе, Семей қаласында Бесқарағай ауданының шаруалары ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымдастырды.
Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ