Қоғам

Өнімдерімен де, өнерлерімен де риза етті

Өнімдерімен де, өнерлерімен де риза етті


Облыс орталығында өткен бұл жолғы жәрмеңкенің иесі – Үржар ауданы. Жәрмеңкеде саудаланған өнімдердің бағасы базарға қарағанда әлдеқайда арзан болды. Мәселен, жылқы етінің келісі 1300-1600 теңге болса, сиыр етінің келісі – 1200-1500 теңге.

Онда Үржар ауданының 17 ауылдық округінен келген шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлері сапалы азық-түліктерін ұсынды.

– Жәрмеңкеге сиыр, жылқы, қой етін, сондай-ақ бал, көкөніс және сүт өнімдерін әкелдік. Сонымен қатар қала тұрғындары мен қонақтарын өзіміздің өнерімізбен де қуантып, концерттік бағдарлама әзірледік. Жалпы, мұнда ұсынылып отырған азық-түліктің бағасы 15-20 пайызға арзан. Меніңше, бұл шара біріншіден, ауылдағы кәсіпкерлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Екіншіден, қала тұрғындары үшін тиімді, – деді Үржар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Тәуіржан Шоманов.

Бұл күні табиғи өнімдерді тауар өндірушілердің өзінен сатып алуды ұйғарған қалалықтардың қарасы көп болды. Қала тұрғыны, зейнеткер Әсия Ахметқалиева жәрмеңкеде саудаланатын өнімдердің бағасына да, сапасына да көңілі толатынын жеткізді.

– Сенбі күні қолым бос болса, жәрмеңкеден қалмауға тырысамын. Өйткені мұндағы баға қолжетімді. Алдағы уақытта халыққа қажетті, күнделікті пайдаланатын өнімдердің бағасы өсіп кетпесе екен, – деді ол.
Жәрмеңке соңы үржарлық өнерпаздардың концертіне ұласты.

Ажар Мұратқызы

Осы айдарда

Back to top button