Өнім өңдеу кәсіпорындарының қуаты артады

Өңірдегі ауылшаруашылық өнімдерін өндіруші кәсіпорындардың орташа жылдық қуаты кезең-кезеңімен арттырылатын болады.
Бұл жөнінде облыс әкімі Даниал Ахметов «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауы аясында атқарылар жұмыстарға арналған аппараттық кеңес барысында мәлім етті.
– Мемлекет басшысы Жолдауында агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін барынша пайдалану міндетін қойған болатын. Облыста осы бағыттағы 2018-2022 жылдарға арналған ауылшаруашылық саласын дамыту бағдарламасы жасалған. Соның негізінде өңірдің ауылшаруашылық қайта өңдеу кәсіпорындарының өндірістік қуатын арттыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Бағдарлама аясында биыл «ТАНГ ТИН» ЖШС май өнімдерін өңдеуді 250 мың тоннаға дейін жеткізбек. Келесі жылы ет өңдеу бойынша жобалар жүзеге асырылып, оның көлемі 2021 жылға қарай 51 мың тоннаға дейін артады. Облыс сүт өнімдерін өндіру бойынша алдыңғы шепте. Облыс әкімінің айтуынша, өңір кәсіпорындарының әлеуеті жылына бұдан да көп сүт өндіруге қауқарлы. Бағдарлама аясында алдағы екі жылда «Эмиль» кәсіпорнының сүт өнімдерін өңдеу қуатын 182 мың тоннаға жеткізу көзделген. Сондай-ақ өңірдегі астық өңдеу кәсіпорындарының қуатын 355 мың тоннаға арттыру мақсаты қойылған.
– Азиялық даму банкімен бірлесіп 82 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Облыстың мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында 2022 жылға дейін аналық мал басын 150 мыңға көбейту міндеті тұр. Осы кезеңге дейін 40 мың басқа арналған 21 өндірістік бордақылау алаңы мен 6600 басқа лайықталған 20 тауарлы-сүт фермасын және қуаты 16 мың тонналық 25 сүт қабылдау пункттерін құруымыз керек, – деді облыс басшысы.
Даниал Ахметовтің айтуынша, 2022 жылға дейін халықтан сүт сатып алу көлемін 54,4 мың тоннаға жеткізу қажет. Бұл жергілікті сүт өңдеу кәсіпорындарының қуатын 29 пайыздан 80 пайызға дейін арттырмақ.
Жалпы өңірде соңғы үш жылда халықтан сүт сатып алу көлемі 6,7 есе өскен.
– Елбасымыз атап өткендей, осы салаға жаңа технологиялар мен басқару тәжірибесін кіріктіретін боламыз. 2019 жылдың үшінші тоқсанында тоғыз модульдік шаруашылық құрып, оның базасында ауылшаруашылық тауар өндірушілерді оқыту ұйымдастырылмақ. Бұл республикалық бюджеттен бөлінген гранттар негізінде жүзеге асырылады. Төрт жылда 1000 адамды қамту көзделген,-деді Даниал Ахметов.
Елбасымыз осы Жолдауында экономикалық саясаттың орталық элементі экспортқа негізделген индустрияландыру болу керектігін атап өтті. Осы бағытта да облыста шетелдік компаниялармен ет өнімдерін әлемдік нарыққа шығару бойынша екі ірі инвестициялық жоба іске асып жатқандығын естеріңізге сала кетейік.
«АгроПортал» ЖШС ирандық компанияның қатысуымен Семей қаласында жылына 30 мың тоннаға дейін ет өңдейтін комбинат құрылысы жүріп жатыр. Жобаның жалпы құны – 6,9 млрд. теңге. Аягөз ауданында «Евразия АгроХолдинг» ЖШС австралиялық «CedarMeatsPty» холдингімен бірлесіп мың бас қойға арналған бордақылау алаңы бар ет өңдеу комбинатын іске қоспақ. Сондай-ақ келесі жылы ауылшаруашылық өнімдерін Қытай Халық Республикасының стандарттары бойынша сертификаттайтын зертхана ашылатын болады. Бүгінде зертхана ғимараты дайын, ҚХР зертхананы құны 1 млрд. теңгенің заманауи құрылғыларымен өздері жабдықтады.
Лаура Тілеубайқызы