Нейрохирургиядағы жаңа қадам

Өскемен қаласындағы облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың инновациялық медицина бөлімшесінде 3-5 ақпан күндері астаналық дәрігерлердің қатысуымен шеберлік сыныптары өтті. Алғашқы күні жергілікті мамандар нейрохирург Азат Салимұлының кеңесімен ми қантамырларында қапшық тәрізді аневризма анықталған екі науқасқа ота жасады. Екінші күні Президент істері басқармасы медициналық орталығының нейрофизиологы Ольга Агееваның көмегімен қырық жастағы науқастың басындағы ісікке операция нейромониторинг аппаратының бақылауымен жасалды.
Оған краниофарингиома диагнозы қойылған, бұл – мидағы көлемді ісік. Науқас көру қабілетінің нашарлауына, әлсіздікке, басының айналуына шағымданған. Ісік көру жүйкесін қысып тұрғандықтан, науқаста көру өткірлігі төмендеп, көру аймағы да шектелген.
–Бұл операцияның бірегейлігі – ол нейромониторинг құралының бақылауымен жасалады. Оның басты ерекшелігі – отаның қауіпсіздігін барынша арттыру. Бұл арнайы құрылғы операция кезінде нерв талшықтарын бақылауға мүмкіндік береді, оларды абайсызда зақымдап алмаудан және операциядан кейінгі соқырлық сияқты асқынулардан сақтайды. Жоғарыда айтқанымдай, ісік көру жүйкесімен тығыз байланысып кеткен, сондықтан оны барынша сақтап қалу өте маңызды. Нейрохирургтер мен нейрофизиолог бірлесе отырып, ота кезінде көру жүйкесінің ғана емес, мидың басқа да функцияларының сақталуын бақылайды. Ота барысында нейрохируг нерв талшықтарына тым жақындап кетсе және оларды зақымдап алу қаупі туса, онда нейрофизиолог құрылғы арқылы сигнал береді және тоқтау керектігін хабарлайды, – деп түсіндірді отаның ерекшелігін орталықтың инновациялық медицина бөлімшесі меңгерушісінің м.а., нейрохируг Мұхтар Қорабаев.
Дәрігердің айтуынша, күршімдік науқас ұзақ уақыт бойы көру қабілетінің нашарлап кеткеніне шағымданып жүріпті. Алғашында ота жасатудан бас тартқанымен, кейін келісімін берген.
–Операцияның ұзақтығы күрделілігіне байланысты екі сағаттан төрт сағатқа дейін созылуы мүмкін. Осындай оталарды бұрын да жасайтынбыз, тек арнайы құрылғы болған жоқ. Нейромониторингті біз 2024 жылы сатып алдық. Осы уақытқа дейін оның көмегімен бес операция жасалды, барлығы да сәтті өтті. Ең бастысы, асқынулар болған жоқ, пациенттердің көру қабілеті сақталды, – деп жалғастырды Мұхтар Оразбекұлы.
Нейрохируг мидағы ісікке ота жасағанда нерв талшықтарының зақымдануынан қол-аяқтары қимылының бұзылуы сияқты асқынулар болатынын да айтады. Нейромониторинг аппараты осындай асқынулардың алдын алуға көмектеседі.
Семей медицина университетінің резиденті, орталықта үшінші жыл тәжірибе ұштап жүрген жас маман Ғұмар Қаденов краниофарингиома диагнозыменмен алғаш рет бетпе-бет келіп тұрғанын айтты.
–Бұл – сирек кездесетін, бірақ қатерсіз ісік. Пациент отаның алдында қолсозым жердегі нәрсені де көре алмайтынына шағымданған болатын. Қазір орталықтың нейрохирургтері астаналық нейрофизиологтың көмегімен операция жасап жатыр. Кеше біз екі эндоваскулярлық ота жасадық – бұл қантамыр ішіндегі операциялар, оларды орындау үшін бассүйекті ашудың қажеті жоқ. Ота сан артериясында жасалған кішкентай тілік (пункция) арқылы жүргізілді. Мен көмекші болдым, – дейді резидент.
Науқастарда анықталған қапшық тәрізді аневризма бұл – тамыр қабырғасының патологиялық томпаюы, ол болашақта қан кетуге, яғни инсультке, ал ауыр жағдайларда өлімге әкелуі мүмкін.
–Ота кезінде біз «қантамыр ішіндегі әдісті» қолдандық және қан ағынын қайта бағыттаушы құрылғыны (flow-diverter) орнаттық. Бұл құрылғыны «жасанды қантамыр» деуге де болады. Ол аневризма орналасқан сегментке қойылады және қан ағынын сау қантамырға бағыттайды, осылайша патологиялық томпаюды қан айналымынан шығарып тастайды. Нәтижесінде аневризма тромбталып, біртіндеп жабылады, бұл болашақта қан кету қаупінің алдын алуға мүмкіндік береді, – деді болашақ нейрохирург Ғұмар Каденов.
Жас маманның айтысына қарағанда, ол бұрын да осындай оталарға қатысып, көмектесіп келген. Дегенмен, осы жолғы екі аневризма отасы анатомиялық тұрғыдан өте күрделі болыпты.
–Бүгінге тағы бір операция жоспарланған, ол – аз инвазивті әдіспен, наркозсыз және тіліксіз жасалады. Оның барысында біз ісікті қоректендіретін қан тамырларын жауып, оның өсуін тоқтатамыз, – деп қосты инновациялық медицина бөлімшесі меңгерушісінің м.а., Мұхтар Қорабаев.
Облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың мамандары күрделі оталарды өздері де жасай береді. Астаналық мамандар тек кеңес беру мақсатында келген екен. Сонымен қатар клиникада болашақ мамандардың тәжірибелі дәрігерлерден дәріс алып, білімдерін тәжірибемен ұштастырып жүргені қуантады. Демек лайықты жас буын мамандар даярланып жатыр.
Айна Ескенқызы