Қоғам

New мереке. Керек пе?

Әлемде не көп мереке көп. «Түсіністік күні», «Үтік күні» дегендей даталардың барын білесіз бе? Елімізде аталып өтетін мерекелер де аз емес. Бірақ мерекенің жоғынан бары. Солай емес пе? Мәселен жақында ғана “Спорт бапкері күнін” ресми түрде енгізу ұсынылды. Бұл туралы Tengrinews.kz агенттігі жазды.

Ұсынысты “Қазақстан Спортшылар одағы” қоғамдық бірлестігі жасады.

“Елімізде көптеген кәсіби мереке атап өтіледі. Олардың ішінде Мұғалімдер күні, Энергетиктер күні, Қаржыгерлер күні бар. Өкінішке қарай күнтізбеде әлі күнге дейін Спорт бапкері күні жоқ. Спорт қоғамы атынан “Спорт бапкері күнін” ресми түрде елімізде кәсіби мереке ретінде күнтізбеге енгізуді ұсынамыз”, – деді қоғамдық бірлестік төрағасы Азамат Қарлығашев.

Ұйымның баспасөз қызметі қазіргі уақытта мереке бейресми түрде 30 қазанда атап өтілетінін айтты. Алайда одақ 7 сәуір – атақты спортшы Қажымұқан Мұңайтпасовтың туған күнінде Спорт бапкері күнін атап өтуді ұсынды.
“2021 жылдың 7 сәуірінде елімізде ұлы спортшы Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығы атап өтіледі. Біз мерекені дәл осы күні атап өту дұрыс деп есептейміз”, – деді Азамат Қарлығашев.
Бұл бастаманы Қазақстанның спорт ардагерлері қолдады.

“Бізде еңбек сіңірген бапкерлер көп. Олардың еңбегін бағалау қиын. Көпшілігі еліміздің атын бүкіл әлемге танытып, дәріптейтін әлемдік чемпиондарды тәрбиеледі. Бұл ретте бапкерлердің кәсіби мерекесі жоқ екені өкінішті”, – деді бокстан КСРО-ның бес дүркін чемпионы, қазақстандық спортшылар одағының құрметті мүшесі Болат Теміров.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Садық Мұстафаев та осы пікірд қолдайды.
“Қазақстанда бапкерлерде ешқандай басымдық жоқ. Көбінесе олар жеңімпаз көлеңкесінде қалып қояды. Сондықтан оларға мемлекеттік деңгейде көбірек көңіл бөлу керек”, – деді Садық Мұстафаев.
Қазіргі уақытта Қазақстан Спортшылар одағы Президент Әкімшілігіне, Мәдениет және спорт министрлігіне ұсыныс хат жолдады. Одақ мүшелері ведомство берген ресми жауапты кейінірек хабарлауға уәде берді.

Didar ақпарат

Осы айдарда

Back to top button