ТОП

New кітапхана

Қызырбек Дүргінбайұлы

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қаламыздағы бірқатар рухани және білім ошақтары жаңғыртудан өтіп, жаһандық үрдіске сай жаңарды. Соның бірі ретінде Өскемен қаласындағы Ахмер орта мектебін атауға болады. Бұл мектептің кітапханасы биыл қайта жаңғырып, заман талабына сай жасақталып, әртүрлі бағыттағы үйірмелер ашылды.
Сауатты һәм салауатты ұрпақты жаһандық көшке ілестіру үшін білім беру ошақтары талапқа сай болуы керек. Бұл мәселе елімізде ордалы отыз жылдың ішінде рет-ретімен өз шешімін тауып келеді. Әсіресе руханият пен білім саласының бойына қан жүгіртіп, тарихты қайта түлеткен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызы зор. Осы бағдарлама аясында кітапханасын модернизациядан өткізіп, жаңа білім беру үрдісіне сай үйірмелер ашқан Ахмер орта мектебіндегі атқарылған игілікті істерді көріп қайттық.
– Тәуелсіздіктің 30 жылдық тойы қарсаңында біз мектеп кітапханасын қайта жаңғыртып, заман талабына сай жөндеуден өткіздік. Бұл жұмыс «Рухани жаңғыру» бағадарламасы аясында атқарылды. Басты мақсатымыз – оқушыларға білім берумен қатар, оларды өзге өнерге баулу. Сондықтан да рухани бағыттағы әртүрлі үйірмелер, спорттық секциялар негізінде көбірек жұмыс істеуді қолға алдық. Жалпы, кітапхананы жабдықтауға 5 миллион теңгеге жуық қаражат бөлдік. Кітапхана ішіне жаңа жиһаздар қойып, көркем әдебиеттер, жаңа оқулықтар, электронды оқулықтар алдық, – дейді Ахмер орта мектебінің директоры Асқар Қапжапаров.
Жөндеуден өткен кітапхана ішінің жайлы екені бірден байқалады. Кітапхананың әр бұрышында кітап оқып, сурет салып, бейіміне қарай талабын шыңдап жатқан оқушылардың қарасы көп екен. Біз барғанда кітап ақтарып отырған оқушылардың біразы үш тілде өлең оқып, келген қонақтарды жырмен қарсы алды.
– Кітапханамызға жаңа жиһаздар қойылып, қазіргі таңдағы қажетті құралдармен жабдықталды. Әсіресе электронды кітаптар базасының болуы балаларды қуантуда. Кітапханамыз модернизациядан өткеннен бері келіп кітап оқитын оқушылардың саны да көбейе түсті. Біздің жұмысқа деген құлшынысымыз артып, жұмысымыз жеңілдеді. Бұл жерде кез келген оқушы өз қабілетін шыңдап, білімін жетілдіруге мүмкіндік бар, – дейді кітапханашы Ғалия Советханқызы.
Сонымен қатар мектеп ішінен балалардың білімі мен білігін арттыруға арналған букроссинг залы да ашылыпты. Ұлттық құндылықтың ұпайын түгендеуді көздеген мектеп ұжымы тоғызқұмалақ ойынын төрге шығаруды қолға алыпты. Тоғызқұмалақ тақтасында есепке ой жүгірткен балалардың қарасы көп болды. Сондай-ақ дойбы мен шахмат тақтасы да бос тұрған жоқ. Ең бір қуанарлығы, заман талабына сай роботты техника тетігін меңгеріп, жаһандық деңгейдегі жаңалық ашсам деген оқушылар бар екен.

– Мен елге көмектесуді жақсы көремін. Қазір өзім кішкентай болғандықтан көмектесудің қандай жолын тапсам деп ойладым. Сондықтан да осы бір робот құрылғыны құрастырдым. Бұл техника заттарды тасуға арналған. Тіпті мейрамханаларда даяшы ретінде келген қонақтарға тапсырысын жеткізіп беру үшін қолдануға болады. Болашақта осы техниканың жетілген, нақты жұмыс істейтін түрін жасап шыққым келеді, – дейді 6-сынып оқушысы Аружан Асылханова.

Осылайша, Ахмер орта мектебінде арманы асқақ оқушылардың көп екеніне көз жеткіздік. Ал ойы озық, білімі терең оқушылардың болашақ қадамының сәтті болуын мақсат еткен мектеп әкімшілігі кітапханасын жарқыратып, спорттық залын жабдықтап берген. Міне, қазіргі таңда білімімді шыңдап, өнеріммен өрге жүзем деген балаға әр мектепте мүмкіндік бар.

Осы айдарда

Back to top button