Несіпбек АЙТҰЛЫ, ақын: – Алғашқы өлеңім қойын дәптерімде сақтаулы тұр
көнекөз қариялардың әңгімелерін естіп өстім
– Несіпбек аға, сіз белгілі тұлғалардың алақанының табы қалған тарихи мекеннің тумасысыз. Сол қасиетті өңір сіздің өсіп-жетілуіңізге, жалпы, шығармашылық әлеміңізге әсер етпей қоймаған шығар?
– Мен Шығыс Түркістанда туғанмын. Құжатымда 1950 жылдың 22-ші қыркүйегі деп көрсетілген. Қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданына қарасты Мақаншы ауылының шығыс жағында, Ақсуат пен Ақжардың оңтүстігінде Шәуешек деген қала бар. Шындығында сол қаланың Тарбағатай жағындағы күнгейінде 30 шақырым қашықтықта орналасқан Теректі-Қызбейде деген жерде 1949 жылдың 9-шы желтоқсанында дүниеге келгенмін. Бастауыш сыныпты да сол жерден бітірдім. Кейін Шұбартау ауданындағы «Қарапжүр» колхозында өсіп, аудан орталығы Баршатаста онжылдықты сырттай оқыдым. Өйткені, 8-ші сыныптан кейін газетте жұмыс істеуіме тура келді. Қойшының баласымын ғой, интернатта тұрдым. Ол жақта кім сені алақанына салып, аялап өсірсін?! Біраз қиындықты да бастан кешірдік. Мектептен ертерек кетіп қалдым. Балалық еркеліктерім де болды ғой.
Бірақ, әдебиетке әуестігім артып, аудандық «Өмір» атты газетке жұмысқа орналасуымды басты себеп дер едім. Ол ортада жазушы Толыбек Алшымбаев, бас редакторымыз Төлеужан Сәрсенбаев, ақын Төлеуғали Есімжанов сынды белгілі қаламгерлердің қол астында қанатым қатайды. Абайдың атақты «Жаздыгүн шілде болғанда» өлеңі Көкбиікте жазылған деседі. Ал ол Көкбиік біздің совхоздың орталығынан бес-алты шақырым жерде, яғни, Бақанас өзенінің бойында орналасқан. Реті келгенде айта кетейін, дәл сол жерде Мұхтар Мағауин туған. Оның арғы жағында Абайдың жайлауы Шақпақ бар. Бәрі де тарихи жерлер. «Абай жолы» романында Оразбайдың Абайға қамшы сілтейтін жері бар ғой, сол оқиға Көшбике деген жерде өткен. Мінекей, сол аймақтарда менің әкем талай қой баққан. Шыңғыстау мен Шұбартаудың ұңғыл-шұңғылын жүйрік атпен жүріп, балалық кезімізді сонда өткіздік. Менің бір өлеңім бар:
Ұл едік кеше, қыз едік,
Балалық деген өзенді,
Олай да кешкен – біз едік,
Бұлай да кешкен – біз едік!
Абайдың көзін көрген көнекөз қариялардың әңгімелерін естіп өстік. Абайды Оразбайдың қамшысынан арашалап, үстіне көлденеңдеп жата қалатын Уайыс Шондыбайұлы деген атақты ақын өткен. Тарихтан белгілі Шақантай батыр да біздің өңірдің тумасы. Мен ол жөнінде поэма жазғанмын. Шақантайдың 300 жылдығына орай өткізілген мүшәйрада бас бәйгені алдым. Бірақ, осы тұста айта кетер бір жәйт, Шақаңның 300 жылдығын сәл қате атап жіберді-ау деймін. Өйткені, ол кісі Қабанбайдың заманында жасақ батыр болған. Осы жөнінде Мұхтар Мағауиннен сұрағанымда Шақантай батырға 300 жыл бола қоймағандығын айтты. Бұл мәселе әлі де болса нақты зерттеуді қажет етеді. Дегенмен Бөгенбай, Қабанбай, Абылай заманындағы үлкен ұлы жорықтарға Шақантай қатыспаған. Кейінгі қырғызбен арадағы соғыстарда және басқа да жорықтарда болған сияқты. Өзім осылай топшылаймын.
Мектеп оқып жүргенде үйлендім. Одан кейін Алматыға келіп, 1969 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түстім. Өмірімнің сәтті де тәтті жылдары, нақтылай келгенде, 30 жылдай ғұмырым сол ару қала Алматыда өтті. Содан, мінекей, Астанаға қоныс аударғанымызға 12 жылдан асып барады.
– Туған ауылыңызға жиі барып тұрасыз ба?
– Өте жиі барып тұрамын. Қазір ол жерде ауыл дейтін ауыл да жоқ. Дегенмен, сол өңірде үш-төрт ата-бабаларымның зираты бар. Менің атам Айт аңшы, бүркітші, балуан адам болған екен. Ептеп өлең шығаратын да қасиеті болыпты. 1931-1932 жылдары Ақжар, Ақсуаттан аштық кезінде қашқан адамдардың бәрін паналатып, бір ауыл жасаған. Содан «Айттың бұлағы» деген атау қалған екен.
ең әуелі туған ауылыма балабақша салдырар едім
– Ал сол туған ауылыңызға ағаш ектіңіз бе?
– Өтірік айта алмаймын, осы күнге дейін ауылыма ағаш отырғызған жоқпын. Іссапар барысында қаламгерлермен Семейге, Шығыс Қазақстанға барғанда осы міндетті атқарған сәттер болды. Біздің Шұбартау деген ауылымыз көп ағаш өніп, өсе қоймайтын, жері шөлейттеу мекен. Мектеп қабырғасында жүргенде еккен ағаштарымыз қурап қалды. Одан кейін аудан тарап кетті ғой. Бұл жағынан алғанда мен ұяттымын. Сауалың өте орынды, ағаш егу керек.
– Несіпбек аға, ең алғашқы жазған өлеңіңіз есіңізде ме?
– Мен поэзияға жеті-сегіз жасымда келдім. Ауылда жиын-тойларда үлкендер жағы айтысып болған соң, біздерді де додаға түсіріп қоятын. Сол кезде жаттанды өлең айтып көзге түскен баламын. Ұмытпасам, алғашқы «Балалық» деген өлеңім 1965 жылы күз айында Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетінде жарық көрді. Шынымды айтайын, бұл өлеңді кітабыма кіргізген жоқпын. Себебі, алғашқы өлең – қанша дегенмен балаң, балғын өлең. Қазіргі талғаммен кітапқа ұсына қоятындай дүние емес. Бірақ сол кездегі бозбалалық пен балалықтың арасындағы сезімнен туған өлең. Былайынша тәп-тәуір туынды, қойын дәптерімде сақтаулы тұр.
– Ес біліп, етек жиған ауылыңызға қол ұшын беруді азаматтық парызым деп есептейсіз бе?
– Бұл сауал мені үнемі ойландырады. Шама-шарқы жететін азаматтар туған өңіріне барып, мешіт салдырып жатады. Ол да дұрыс қой. Бірақ, солар кезінде ақшаны көлденең жолмен тауып, кейін бойын қорқыныш билеп, Алладан қорыққанынан, кешірім сұрағанынан салдырған сияқты көрінеді. Сондай кездерде халық «қанды қолмен салынған мешітке бармаймыз» дегенді де айтып жатады. Бірақ, мешіт қашан да керек қой. Ал мен қолымнан келіп жатса, ең әуелі балабақша салдырар едім. Оған дәл қазір қолым қысқа. Жалақым өзімнен аспайды. Ал алда-жалда байып, мүмкіндігім болып жатса балабақша, мектепке көмектесетін едім. Бізге керегі – осы. Сан өспей, сапа болмайды. Сондықтан балаларға көбірек көңіл аудару керек деп ойлаймын.
– «Қисық ағаш секілді қу мінезді,
Түзете алмай әуремін сан сүргілеп» деген өлең жолдарыңыз бар. Бұл жерде сіз өзіңіздің мінезіңіз жайында айтып отырсыз ба?
– Әрине, өзімнің мінезімді айттым. Әр адам – бір әлем. Сондықтан, менің де мінезімде мін болуы мүмкін. Былайынша, көпшілмін. Біреуге өкпелеп, шартпа-шұрт артық ауыз сөз айтып қойғаным болмаса. Бірақ оны тез ұмытып кетемін. Жалпы, кек сақтамаймын. Өмірде үш нәрсені берік ұстанамын. Бірінші – өтірік айтпау, екінші – досыңды сатпау, соңғысы – ұрлық жасамау. Пенде болған соң зиянсыз өтіріктерді айта бересің ғой. Бірақ, біреуді сатып, үстінен арыз жазу деген менде болған емес.
Жасырмаймын, өте шапшаңмын, басымнан сөз асырғым келмейді. Шыдамсыздығым, күйгелектігім тағы бар. Үйде де, жұмыста да кез келген істі тез тындыруға бейім тұрамын. Өлеңді де тез жазамын. Ертеңге қалдырғым келмейді. Әкемізден, бабаларымнан қалған әдет болса керек. Жалпы, болмысым – осы.
– Несіпбек аға, сіздің шығармашылығыңызда махаббат, сезім тақырыбындағы өлеңдеріңіз жоқтың қасы десек те болады. Көбіне, өтпелі өмір, бес күндік жалған, заманның зары, адамның мінезі, өзекті өртеген өкінішті жырлайсыз, содан кейін, тәубеңізге келесіз, табиғаттың құбылыстарына да еркін бойлайсыз. Сізде шер, торығу басым. Неге?
– Оның рас. Мен өзімнің қатарластарыма ұқсап жастықты, жігіттік дәуренді басымнан өткерген жоқпын. Ерте үйлендім. Жұрт сияқты би кештеріне барып, сүйген қызыммен серуендеп жүру дегенді білмедім. Сезім тақырыбындағы өлеңдердің көп бола бермейтіндігі де сондықтан. Ерте есейгендігімнің тағы бір себебі – бір үйдің үлкені болдым. Бала кезімізде Қытайға да социализм келген кезде әкемізден қалған жердің бәрін кәмпескелеп, тіпті, мені бастауыш сыныпта оқып жүргенде пионерге алмай қойған. Нағашы жағымнан байдың жиені деп, өз атам жағынан жер иесі деп сылтауратты. Он жастағы балаға саяси айып тағу жүректі ауыртады ғой. Осының бәрі жүрекке шер болып тоқылса керек. Сол кезде тәуелсіздікті аңсадық. Мағжандардың шығармаларын тығып оқитынбыз.
«Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған,
Сахара көлге қонып, саңқылдаған.
Бір өртке қаулап жанған болдық душар,
Не қалды тәнімізде шарпымаған?».
Осы өлеңнің Ахмет Байтұрсыновтікі екенін біз білген жоқпыз. Әкелеріміз жиі айтып отыратын, бірақ авторлары жөнінде тіс жармайтын. Және тағы бір мысал, 1969 жылы 1-ші курста оқып жүргенде Тұрсын Жұртбаев, Жанболат Аупбаев, Есен Сафуанов, Мұратхан Қалиев деген жігіттермен бірігіп, «Құқық» деген ұйым құрдық. Тарқатып айтқанда, «Қазақ ұлтын қорғау» деген мағынаға саяды. Бұған Нұралы Өсеров деген мұғаліміміздің ептеп әсері болды. Оралхан Бөкейге алғысөзін жаздырып, «Толқын» деген журнал шығардық. Бірақ екі-үш санынан кейін тоқтатты. Артынан КГБ-ның қызметкерлері араласты. «Доғарыңдар, бір нәрсеге ұрынып қаларсыңдар» деді. Міне, сол кездегі осындай жағдайлар біздің балғын санамызды ерте оятты.
Тәуелсіздікті аңсадық. Шүкір дейік, бүгінде азаттықтың ақ таңы атып, еліміз бейбіт күнін кешуде. Менің ойымша, тәуелсіздікті шынайы жырламаған, тәуелсіздікке еміренбеген ақын ақын емес. Сондықтан, аңсап жеткен егемендігіміздің қадірін терең сезінейік.