
Несие. Бұл сөзді естімеген жан жоқ шығар. Бар болса саусақпен санарлық екені сөзсіз. Өйткені қысылған сәтте бәрінің қарыз ақшаға жүгіретіні рас. Алайда қарызды да қайтаратын уақыт бар және үстемелеп. Банкке барамыз, несие аламыз ақ қағазға қол қоямыз. Бірақ сол құжатқа көз жүгіртпейміз. Неге? Уақытты сарп еткіміз келмей ме? Әлде банк қызметкерлеріне сенеміз бе? Ақыры алған қаражатты еселеп қайтаруға тура келеді. Олай болса несиеге қатысты сіз бен біз біле бермейтін түйткілдер жайлы экономист маман айтып берсін.
Үйге жиһаз, соңғы үлгідегі смартфон, әдемі көлік… Баға шарықтап тұрғанда кез келген адам бұл заттарды қолма-қол ақшаға сатып ала алмайды. Өйткені көбінің қалтасы жұқа. Сосын қарызға белшесінен батып, жылдар бойы борышкер деген «мәртебеге» ие болады. Өйткені көпшіліктің қаржылық білімі таяз. Кейінгі ақпарат бойынша, қазіргі кезде елдегі экономикалық белсенді 10 миллионға жуық адамның 8 миллионы банк алдында қарыз. Ресми дерекке сенсек, тұтынушылық қарыздың өзі 4 триллион теңгеден асып жығылады. Ал несие тарихы бұзылғандар саны – 3 миллионнан асып жығылады. Көпшілікті несиеге қатысты сұрақтар алаңдатары белгілі. Осы орайда экономист Мақсат Халық өз халқына кеңес берді.
– Мен экономист ретінде несие алуға кеңес бермеймін, бірінші кезекте тұтыну несиеге жоламаңыздар. Оның бөліп төлеу құралдарын ғана қолдансаңыздар болады. Дейтұрғанмен, заттарды пайызсыз бөліп төлеуге беретін жерлерде банк келісімшарты екі жылға бөліп төлеуді көрсетсе де, кесте екі жарым жылға жасалатын кездер бар. Егерде сіз бір айларда төлемді екі-үш күнге кешіктірсеңіз, бірден екі жарым жылға созып жібереді. Өйткені азаматтар келісімшартпен толық таныспайды.
Халық арасында «көрінбейтін пайыздар», «банктер қосып жібереді» деген сөздер көп. Бірақ ол – көрінетін пайыздар. Келісімшартта барлығы жазылады. Тек мұқият танысу қажет, – дейді экономист Мақсат Халық.
Банк сізге берген құжаттарда барлық талап пен ескертпе болады. Тіпті кешіктіріп төлем жасағанда қосылатын пайыз да көрсетіледі. Сол себепті ең әуелі пайызға мән берген жөн. Себебі қаржы менеджері несиелер 10%-бен беріледі деп айтуы мүмкін. Банк те тұтынушы тарту үшін не түрлі құйтұрқы әрекеттерге көшіп, пайыздық мөлшерлемелерін аз етіп көрсетуі ықтимал.
– Жылдық тиімді пайыздық мөлшерлемесі неғұрлым аз банкпен келісімшарт жасасаңыз, ұтылмайсыз. Қаржы менеджерінен жылдық тиімді пайыздық мөлшерлеме қанша деп сұрасаңыз, сіздің белгілі бір дәрежеде қаржылық сауаттылығыңыздың барын көреді. Сізге мейлінше несиенің шарттарын түсіндіріп беруге тырысады, – дейді Мақсат Халық.
Айта кететін жайт, банк қызметкерлері несие рәсімдеп жатқанда «Сақтандыру керек пе?» деген сауал қояды. Міне, осы тұста мұқият болған жөн. Себебі несиеңіз тұтыну немесе ипотека болсын, сізге қаржы менеджері сақтандыруға осынша төлеп тұрасыз, сол себепті артық төлеміңіз көп дейді. Негізінде сақтандыруды алып, алмау өз еркіңізде. Мәселен, бөліп төлеуге алған кездің өзінде қаржы менеджерлері кейбір азаматтарға сақтандыруды қоса есептейді. Мысалға, тоңазытқыш немесе теледидар алдыңыз дейік. Бұл жерде сақтандырудың қажеті жоқ. Ол тауарға үш жылға берілетін компанияның кепілдігі бар. Затыңыз мерзімінен бұрын бұзылса, кепілдік берілген мерзім өтпесе ақауды жөндеп береді немесе орнына жаңасын аласыз. Онда неге оның үстінен сақтандыру керек? – дейді маман.
Ақша үнемдей білесіз бе?
2020 жылғы деректерге сенсек, тұтынушылық кредит бойынша 5,5 миллионға жуық қазақстандық банкке қарыз. Кейінгі жылдары төлем мерзімі өткен несие өсімі 86 миллиард теңгеге жеткен. Қарызын қайтара алмай жүргендердің көпшілігі пандемия кезінде табысынан айырылған адамдар екен. Сондай-ақ осы уақыт аралығында несие алғандардың саны да өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда кеміген. Ал мамандардың пікірінше, елімізде тұрғындардың қаржылық білім деңгейін арттыратын орталықтардың жоқтығынан қарапайым жұрт пайызы жоғары несиеге ұрынып жатыр. Сондықтан банкке жүгінер алдында әуелі қаржылық біліміңіздің жеткілікті деңгейде болуына назар аудару керек. Ал одан да тиімді жолы – қаражатты үнемдеп жұмсауды үйрену. Ал енді көзіміз қызыққан заттың бәріне ақша шашсақ, несиеге жүгінеріміз айдан анық. Ай сайын үйге азық-түлік, киім-кешек, күнделікті жол ақысы, тағысын тағы. Бұл тізімге әр демалыс сайын демалуға баратын дәмханаңыз бен қолданатын жеке заттарыңызды қосыңыз. Бүгінде айлығы шайлығына жетпей жүргендер көп. Бір ай жұмыс істеп, маңдай термен тапқан ақшаны бір-ақ күнде жаратып тастаймыз кейде. Өйткені бақылау жасамаймыз. Кіріс пен шығынды есептемейміз. Ұстаған ақшаны көріп таңғаламыз. Қашан? Қайда? Қаржылық білімі бар маман Мақсат Халық бұл мәселеге қатысты не дейді.
Ең алдымен кез келген адам ақшаның негізгі функциясы мен міндетін білуі керек.
Екіншіден, отбасылық бюджет туралы түсінік қалыптастырған абзал. Кіріс, шығысты есептеу қажет.
Үшіншіден, жиған-тергеніңізді сандыққа салып сақтаудың қажеті жоқ. Қазір ХХІ ғасыр. Түрлі ұтымды ұсыныстар көп. Депозитке жинау, қаржыға инвестиция жасау және басқа да операциялар.
Төртіншіден, қарыз алу. Мәселен, қандай да бір прогрес жасау үшін немесе қаражат жағынан қиналып қалғанда қарыз алуымыз мүмкін. Оның бірнеше түрі бар. Ал екінші деңгейлі банктерден кредит алған жағдайда қаржылық білім керек. Бұл – кредитті тиімді алу үшін маңызды.
Иә, ақшаның негізгі функциясын білу. Жарату үшін екен деп оңды-солды шашудың қажеті шамалы. Мәселен, айына 100 мың жалақы аласыз делік. Бір айда сіз 22 күн жұмысқа барасыз. Ендеше сол 100 мың табысыңызды 22 күнге бөлсеңіз, күніне 4545 теңгеге жұмыс істейсіз. Яғни сағат 09.00-ден 18.00-ге дейінгі аралықтағы сегіз сағатқа алар ақыңыз осы. Ал енді бір сәт ойланып, осы қаражаттың қаншасы өзіңізді дамытуға және өміріңіздің сапасын жақсартуға жұмсалып жатқанына жауап беріңіз. Кез келген сәтте жақыныңызға хабарласпай-ақ қаржылық мәселеңізді шеше аласыз ба? Жиған қаражатыңыз бар ма? Егер бар болса, қаражатты тиімді жұмсаудың ретін білгеніңіз дұрыс. Ал жоқ болса, шығынға бақылау жасап үйрену керек.
– Бұл мәселеде отбасылық бюджетке тоқталамыз. Біріншіден, кіріс көзін айқындаңыз. Әр шығыныңызды үнемі жазып отырыңыз. Екі ай осылай жасасаңыз, ақшаны қайда жұмсап жатқаныңызды, шығынды нақты біле аласыз. Екіншіден, сіз шығынды білу арқылы ақшаны үнемдеуді үйренесіз. Осылайша, қаражат жинай аласыз. Үнемдеп үйрену – көрсе қызарлыққа бармау. Сонымен қатар сауда орындарына, дүкендерге барғанда сатып алатын заттарыңыздың тізімін жасаңыз. Бұл сізге артық ақша жұмсамауға мүмкіндік береді, – дейді экономист.
Бар ақшаны «жоқ» деп үйреніңіз
Экономикалық белсенді болсаңыз, күнделікті шығындансаңыз, қойын дәптер бастап қаржылық операцияларды жазуды үйреніңіз. Мәселен, қолыңызға жалақы тие сала 10 пайызын жеке бөліп қоясыз. Оны “жоқ” деп есептейсіз. Өйткені ол қаражат – сіз жинайтын ақша. Ал қалған ақшаңызды төрт конвертке бөлесіз. Алайда апта сайынғы шығындарыңызды әрбір конвертке бөліп қойып, ретімен жұмсаймыз. Егер ақшаңыз жетпей қалса, келесі аптаға дейін шыдайсыз, артық ақша жұмсамайсыз. Егер ақша артылып қалса, оның бір бөлігіне өзіңізге керек затты сатып алыңыз немесе сақтап қойыңыз. Бұл сізге мотивация үшін керек. Ақшаны тиімді жұмсаудың осындай әдістері бар.
Қалай дегенмен де қаражатты ақылмен ұстаған жанның қаржылық тығырыққа тірелмейтіні анық. Ал несие алуға мәжбүр болсаңыз, күні ертең сан соғып қалмас үшін банк ұсынған талаптармен егжей-тегжей танысып шығыңыз.