Қоғам

Несиені жергілікті қауымдастық арқылы беру ұсынылды

Несиені жергілікті қауымдастық арқылы беру ұсынылды


Бүгінде елімізде 13 мыңнан астам әйел жеңілдетілген шағын несиелерге қол жеткізген. Десек те, ауыл әйелдерінің шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдау аясында берілетін несиеге қол жеткізуінде проблемалар да жоқ емес. Осы және өзге де мәселелер Парламент Мәжілісінің депутаты, гендерлік саясат жөніндегі халықаралық сарапшы Ирина Унжакованың қатысуымен өткен дөңгелек үстелде кеңінен сөз болды.

«Бизнестің жол картасы-2020» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламалары бойынша ауылдық жерлердегі шағын несиелендірудің гендерлік аспектілері» тақырыбында өткен жиынға әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның хатшысы Раушан Мұстафина, гендерлік саясат жөніндегі өңірлік бағдарламалар директоры Гүлфия Абдуллаева, сондай-ақ, мемлекеттік органдар өкілдері мен өңіріміздегі іскер әйелдер қатысты. Қазіргі таңдағы әйелдердің рөлі, кәсіпкер әйелдерді қолдау, қоғамдағы тепе-теңдік, отбасы тәрбиесі, жас мамандардың жұмысқа орналасу мәселелері төңірегінде «Status» әйелдер федерациясының басқарма төрайымы, профессор Лилия Столярова,облыстық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Оксана Желякова, «Отбасы академиясы» қоғамдық бірлестігінің директоры Ольга Кузовлева, социология ғылымдарының кандидаты Элеонора Столярова кеңінен баяндады.

Бүгінгі таңда «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша ауылдардағы әйелдер шағын несие алып, оның бірқатары алғаш рет өз кәсібін ашса, енді бірі өздерінің бизнестерін кеңейтуге мүмкіндік алды. Дегенмен де, қаржы мекемелеріне өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыздар, аз қамтылған азаматтар несие алуға өтініш білдіргенде кедергілер туындайтыны да жасырын емес. Себебі, банктер бұл тұрғыда белгілі бір тәуекелдерге баратын болғандықтан, кәсібі бар немесе кепілге қомақты мүлік қоятын азаматтарға басымдық береді. Ал жұмыссыздардың төлем қабілеттілігі назарға алынатыны белгілі. Бұл жөнінде Парламент Мәжілісінің депутаты И.Унжакова:- Тұрғындарды шағын несиелендіруде банктердің сыйақы мөлшері өте жоғары. Мәселен, бүгінде қаржы институттары мемлекеттік несиелерді 0,01 пайызбен алады да, оны халыққа 6-8 пайыздық өсіммен береді. Оның үстіне екінші деңгейлі банктер міндетті түрде жылжымайтын мүлік түріндегі кепілзат талап етеді. Алайда, ауылды жерлердегі мүлік оған жарамайды. Сондықтан бұдан былай әлемдік тәжірибеге сүйеніп, жергілікті қауымдастық кепілдігі бойынша тұрғындарға шағын несие беруді қолға алатын кез келді,-деді.
Зыряндық кәсіпкер Марина Панинаның айтуынша, несиенің жеңілдік мерзімін ұзарту мәселесін де қарастырған жөн. Мәселен, бір кәсіпкер несиеге асыл тұқымды сиыр сатып алып, көбейтпек болған. Сиыр төлдегенде бұзауы өліп, сиырды шұғыл сойып етке өткізген. «Судың да сұрауы бар» демекші, алған несиені уақытында өтеу керек.

– Осындай жағдайларда несиенің қайтару мерзімін біршама ұзартып, кәсібін бастауға алғашқы қадам жасаған адамдарға барынша көмек көрсетілсе екен. Ал кәсіпкерлер өз кезегінде несие алмас бұрын, кәсібінің қыр-сырын толық меңгеріп, мал дәрігері сияқты ауыл шаруашылығы мамандарымен кеңесіп, кіріс-шығысын есептеп барып алғаны жөн,-дейді ол. Бұл жөнінде де Ирина Унжакова:- Рас, бүгінде 10 пайыз қайтарылмаған несие бар. «Алмақтың да салмағы бар» екенін ұмытпайық. Қазір сырттай сот процесі өтеді де, мүлікті тәркілеуге шешім шығара салады. Несиені қайтармаған адам үйінен, тағы басқа мүлкінен айырылады. Ал мемлекеттік бағдарламалар бүгін несие беріп, ертең үйінен айыру үшін емес, тұрғындардың нақты іспен айналысып, кәсібін жүргізу үшін беріледі,- деген еді.

Аталған мемлекеттік бағдарламалар аясындағы шағын несиелер неғұрлым қолжетімді болу үшін жиынға қатысушылар құзырлы органдарға «қайта қаржыландырудың сыйақы мөлшері мен кепілдік мүліктің рөлін төмендетіп, шағын несие жергілікті қауымдастық кепілдігі арқылы берілсе» деген нақты ұсыныстарын әзірледі.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button