ҚоғамӨзекті

Несиелік рақымшылық және сан сауал

Қазір елде несиесі жабылғаны ту­ралы телефонына смс ха­бар­лама келіп, сүйін­шілеп жат­қандармен қатар, ті­­зім­нен аты-жөнін таба ал­­май пұшай­ман күй кешіп жүргендер де бар. Солардың бірі –  мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған Фарида Алдамжарова еді. Хабарлама күтіп тағаты таусылған ол, несие алған банктің өзіне барады.Банк қызметкерлері еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментіне жүгінуге кеңес берсе, ол жақтағылар халыққа қызмет көрсету орталығына қарай жол сілтейді. Осылай бірнеше мекеменің табалдырығын тоздырумен жүрген жалғыз ол емес.

Мен неге тізімде жоқпын?

Фарида сияқты мекемеден-мекемеге сабылып жүргендердің қоятын сауалы осы. Дәл Фариданың тізімге кірмей қалуына баласының 2007 жылдың тамыз айына дейін дүниеге келгендігі себеп болған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің бізге берген мәліметіне сүйенсек, сол уақытқа дейін құжаттар қағаз түрінде қабылданғандықтан, оның мүмкіндігі шектеулі баласы туралы мәліметтер базаға енгізілмей қалуы  мүмкін. Мұндай жағдайда мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған Фарида Алдамжарова Азаматтық хал актілерін тіркеу органына барып, баласына қатысты мәліметтерді тексеріп, қандай да бір құжаттар енгізілмеген жағдайда оларды толықтыруы қажет. Осыдан кейін ол министрліктің  1411 мен 111 нөміріне хабарласып, мәліметтердің енгізілгендігі туралы хабарлауы тиіс.

Бұл бір ғана Фариданың басындағы жағдай.

Біршама халықтың банк алдындағы қа­ры­зы жабылғанымен, тұрғын­дар­­ды мазалайтын сауалдар әлі де көп. Оған банктер мен халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы ұзын сонар кезек қана емес, әлеуметтік желілерде жазылып жатқан пікірлер де  куә. Жалпы қарыз жүктемесі азайтылған кімдер еді?

– Біріншіден,көпбалалы отбасылар. Оның ішінде төрт баласы кәмелетке толмауы шарт. Мүмкіндігі шектеулі 18 жасқа дейінгі баласы барлар. Асыраушысынан айырылғандар мен атаулы әлеуметтік көмек алатындар. Сондай-ақ жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар да осы санатқа  кіреді. Олардың тізімі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы жасалған болатын, – дейді облыстық еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы Болат Сәтеков.

Алайда осы санатқа жататын, бірақ несиесі өтелмеген азаматтардың қарасы баршылық. Департаменттегілердің айтуынша,  тізімге кірмей қалудың жоғарыдағыдан бөлек тағы бірнеше себебі бар.Көп­балалы отбасының мем­­лекеттік органдарға жәр­де­м­а­­қы алу үшін жүгін­бе­уіне және ешқандай ақпараттық жүйеде бол­мауына байла­ныс­ты болуы мүмкін.Сондай-ақкөпбалалы отбасы жұбайы жайлы және неке қию туралы құжаттарды ұсынбаған болса тізімде болмауы мүмкін. Мұндай жағдайда Әділет министрлігінің мәліметтер базасында тіркелу қажет.  Екіншіден, мәліметтер базасында жұбайының қайтыс болуы туралы құжат болмаған жағдайда.  Сондай-ақ күндізгі бөлімде оқитын көпбалалы және кәмелетке толмаған баласы бар отбасылар Білім және ғылым министрлігінің тізімінде болмаса, тиісінше жалпы тізімде болмайды. Олар да мәліметтер базасына енгізілмей қалған  құжаттарды толықтыруы қажет.

Коллекторға өткен кейбір қарыздар кешіріледі

Екі баласын жалғыз өзі асырап отырған Аида Байбакирова атаулы әлеуметтік көмек алушы ретінде, несиесі өтелетіндер санатына кіргенімен, мұндай бақыт оған бұйырмады. Дәл қазір айлығының жартысын несие өтеуге жұмсап жатқан ол үшін бұл шынымен бақыт болар еді.

-Бұл Жарлық туралы шілде айында естігенде-ақ, тізімге енетін шығармын деп үміттенгенмін. Алайда электрондық үкіметтің веб-порталына  кіріп, өзімді тізімнен таппадым. Банктегілер коллекторларға сатып  кеткен несиелер өтелмейтіндігін түсіндірді. Кейін өзім де сол туралы оқып білдім. Өте өкінішті, әрине. Несиені уақтылы өтемеуінің себебі де –қаржының тапшылығы ғой,-дейді өзін тізімнен таппаған Аида. Алайда коллекторлық компанияларға өтіп кеткен кейбір несиелер өтеледі екен. Ұлттық банк басқармасы төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың айтуынша, банктер коллекторлық компаниялармен екі жағдайда жұмыс істейді. Біріншісі – несие банк балансынан жойылмайды, коллекторлар банк атынан несие алушымен қарым-қатынасқа түседі. Мұндай несиелер банктердің балансында сақталады және сәйкесінше олар бұл акцияға іліне алады. Ал егернесиеколлекторлықкомпанияғасатылғанболса, ондаолбанктер мен шағыннесиелікұйымдарбалансынаналынады.

 

Шартты түсінбегеннен туындаған  сауал көп

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы Болат Сәтеков  тұрғындардың көбі Жарлықтың шарттарын жете түсінбегендігін айтады.

  • Біріншіден, шартбойынша 1 маусымға дейіналынған3 миллион теңгеден аспайтын, кепілсіз несиелер өтеледі. Екіншіден, бір қарыз алушыға қарыздың жалпы сомасының 300 мың теңгеге дейінгі берешегі ғана өтеледі. Сондай-ақ бұл әлеуметтік әлсіз топқа жататын халықтың тұрмысын түзеуге арналған бір реттік шара,-дейді ол.

Мысалы, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасында отбасы мүшесінің  біреуіне ресімделген жалпы сомасы 2,5 миллион теңге мөлшерінде екі тұтынушылық кредиті болса, бұл жағдайда екі кредит бойынша жалпы сомасы 300 мың теңгеге дейінгі берешек те өтелуі тиіс.Мұны министрліктің  enbek.gov.kz сайтынан, egov.kz электронды үкімет порталынан және халыққа қызмет көрсету орталықтарында тексеруге болады деп атап өтті департамент басшысы.

«Қара тізім» құр қауесет

Сондай-ақ халық арасында «несиесі кешірілгендерге, болашақта банк қайтара несие бермейді» екен деген сыбыс та тарап жүр. Халықты алаңдатқан бұл сауалға жуықта Ұлттық банк нүкте қойды.

-Ешқандай «қара тізім» жоқ.Жеке тұлғалардың берешегін үшінші тарап өтейді. Бұл борышкердің несиелік тарихына кері әсерін тигізетіндей фактор болып саналмайды. Яғни болашақта осы азаматтардың несие алуына әсер етпейді,-деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков.

Дегенмен қарыз алушыларға  қатаң шарт қойылуы мүмкін. Мемлекет басшысы Жарлықта Ұлттық банкке қаржы ұйымдарының жауапкершілігін күшейту бойынша да тапсырма жүктеген болатын.  Атап айтқанда мерзімі өткен берешегі 90 күннен асып кеткен жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарызы бойынша кредитті берумен жəне оған қызмет көрсетумен байланысты тұрақсыздық айыбын, комиссиялар мен өзге де төлемдерді есептеуге тыйым салуды тапсырады. Сондай-ақ Жарлықта табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге тыйым салу керектігін көрсетті. Бұған қоса Ұлттық банкке кепілсіз тұтынушылық қарыздарды беру кезіндегі реттеудің қосымша шараларын көздейтін реттеушілік сипаттағы шаралар кешенін қабылдауды бұйырды.

Әлі де кеш емес

Жарлықта белгіленген санатқа кірсе де, өзін тізімнен таппай шарқ ұрғандарды министріліктегілер науқанның әлі аяқталмайтындығын айтып жұбатты. Сондықтан егер азамат  өзінің осы санатқа жататынын растайтын құжаттарды ұсынса, әлі де кеш емес. Жыл соңына дейін бұл тізімді жаңартуға мүмкіндік бар.

-Бұл науқанның аяқталу мерзімі нақты белгіленбеген. Егер жылдың аяғына дейін бес  санаттың біріне енетінін растайтын құжаттар ұсынылса,  ол адамның шартқа сәйкес несиесі өтелетін болады,– деп мәлімдеді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова.

ӨЗ МӘРТЕБЕҢІЗДІ ҚАЛАЙ ТЕКСЕРУГЕ БОЛАДЫ:

 -enbek.gov.kz сайтына кіріңіз;

– «Борыштық жүктемені төмендету бағдарламасына қатысу үшін мәртебені тексеру» тетігін таңдаңыз;
– өз ЖСН-іңізді жазып, мәртебеңізді біліңіз.

НЕМЕСЕ:
-111 біріңғай нөмеріне хабарласыңыз.

ТАҒЫ ДА:
– egov.kz электронды порталында көруге болады.
– ХҚО-ға барыңыз.

Егер сіздің аты-жөніңіз тізімде болмаса және сіз онымен келіспесеңіз, онда сізге 111, 74-32-20, 75-01-79 және 75-01-78 нөмірлеріне хабарласу керек.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button