Қоғам

Несие қалай өтеледі?

Төтенше жағдай кезінде кепілсіз  несиені төлеу мерзімі 90 күннен асып кетсе, оларға қосымша сыйақы есептелмейді. Бұл  шара заңнамалық деңгейде енгізілді.

Қазіргі  жағдайда  көптеген нысандардың уақытша тоқтатылуы кәсіпкерлерге қаржылық қиындық тудырумен  қатар, азаматтардың жұмыссыз қалуына әкеліп соқты. Естеріңізге сала кетейік,  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жеке тұлғалар мен кәсіпкерлерге несиелік қолдау көрсету қажеттігі туралы тапсырма берген болатын. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық Банкпен бірлесіп қаржы жүйесінің тұрақтылығын және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін шаралар кешенін қабылдады.

   – Қазіргі уақытта қаржы жүйесіндегі жағдай тұрақты. Екінші деңгейдегі банктердің үздіксіз қызметті қамтамасыз ету үшін меншікті капиталы мен өтімділігінің едәуір қоры бар. Банктердің салымшылары үшін тәуекелдер жоқ, – деп атап өтті Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Өскемен қаласындағы  өңірлік өкілдер басқармасының басшысы Мұрат Сертаев.

Сондай-ақ басқарма басшысы төтенше жағдай кезінде жеке және заңды тұлғалардың несиесі қалай өтелетіндігі, агенттік қабылдаған шаралар туралы айтып берді. Ол қандай шаралар?

–  Қорландырудың тұрақты базасын қамтамасыз ету үшін 2020 жылғы 16 наурыздан бастап Агенттік банктерге халықтың теңгемен депозиттері және қолданыстағы жинақ депозиттері бойынша мөлшерлемені арттыруды ұсынды.

– Төтенше жағдай кезеңінде жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен кезде сыйақы есептеуге тыйым салу енгізілді.

–  Жеке тұлғалар кредиттік тарихын қалпына келтіру үшін қарызының 50%-ын 12 ай ішінде төлесе және әрі қарай уақтылы қарызын жауып тұрса, теріс несие тарихын түзетуге мүмкіндік берілді.

– 16 наурыз бен 15 сәуір аралығында заңды тұлғалар мен жеке тұлғалардың микрокредиттері төтенше жағдайдың кесірінен уақтылы төленбесе, айыппұл мен өсімпұл есептелмейді.

– Бұл норма банктерден бөлек, қарыз беретін барлық микрокредиттік ұйымдар мен ломбардтарға да қолданылады.

– Банктер және микроқаржы ұйымдары төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты қаржылық жағдайы нашарлаған дара кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілеріне негізгі борыш пен сыйақыны қоса алғанда, төлемдер мерзімін 90 күнге дейінгі мерзімге кейінге қалдыру жұмысын жүргізетін болады.

– Елімізде кәсіпкерлікті несиелендіру төмендемеуі үшін 1 сәуір-1 қазан аралығына арналған уақытша шаралары енгізіледі. Кәсіпкерлікті кредиттеуді ынталандыру үшін шағын және орта бизнес субъектілеріне берілген қарыздар бойынша 50%-ға дейін, шетел валютасындағы қарыздар бойынша 100%-ға дейін, синдикатталған қарыздар бойынша 50%-ға дейін меншікті капитал жеткіліктілігін есептеген кезде тәуекел-саралау коэффициенттері төмендетіледі.

Агенттік қаржы нарығындағы ахуалға күшейтілген мониторингті жалғастырады және көрсетілген шаралардың іске асуын  бақылайтын болады деп атап өтті басқарма басшысы.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button