Өнертапқыштардың тасы өрге домалайды

Қазақ қоғамы өнертапқыштарға әсте кенде болған емес. Сөйте тұра, ел ішіндегі ерекше идеялар бесігінде тұншығып, тиісті қолдау таппай жатқанын жиі естиміз. Тіпті, соның салдарынан білікті деген ғалымдарымыз өзге елдің ғылымын дамытуға мәжбүр болған. Астана және Алматы қалаларында құрылған инновациялық кластерлер – осы тенденцияға тосқауыл болар бірден-бір күш.
Astana Business Campus деген атпен Назарбаев университеті жанынан ірге тебетін кластерлік орталық жаңашыл бизнесмендер мен дарынды ғалымдарды біріктіретін болады. Осы арқылы бұл орталық бизнес-инкубаторға айналуы тиіс. Кластердің негізгі міндеті – ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты дамыту. Яғни, түрлі бағыттағы технологиялық стартаптар мемлекеттің көмегімен дамиды.
Мысалы, бір өнертапқыш әлемде баламасы жоқ дәрі немесе қондырғы ойлап тапты делік. Ол идеясы қағазға түскенімен, іске асыру үшін біршама шығын, сынақтан өткізу үшін өндіріс алаңы керек. Назарбаев университеті осы алаңды идея авторына ұсына алады. Кластер құрамында Назарбаев университетінің медициналық клиникалары бар. Олар медицина мен фармацевтика саласындағы ғылыми зерттеулердің клиникалық базасы болмақ.
Ал технопаркте қажет бөлшектерді дайындап беру, детальды 3D-принтерде басып шығару, бизнес үлгі, маркетинг, бизнес жоспарлау бойынша кеңес беру, тұсаукесерлер өткізіп, бизнес серіктес табуға көмектесу сияқты түрлі қызметтер қарастырылған. Ең бастысы, уақыттан оза шапқан идеяңыз болуы шарт.
Идеяңыз сынақтан сәтті өтіп, нақты өнім алған жағдайда оны нарыққа шығаруға да инновациялық кластер ықпал етеді.
Astana Business Campus кластерінің құрамына бүгінде төрт ірі кешен кіреді. Ұлттық медицина холдингінде осы саланың идеялары өмір есігін ашса, бизнес инкубаторда бизнес идеялар нарыққа бейімделеді. Ал коммерциялау кеңсесі дайын идея мен өнімді нарыққа шығаруға атсалысады. Өз идеяңыздың іске татымдылығын технопарк пен тәжірибелік-өндіріс цехында тексере аласыз.
Дәл осындай типтегі инновациялық кластер «Алатау» деген атпен Алматы қаласында да құрылған. Өйткені, бұл қала әлі де болса дарынды жастар мен білікті ғалымдардың ордасы болып қалып отыр.
Қазір әлемде осы іспеттес 600 ғылыми парк бар екен. Бір ғана АҚШ-тың өзінде 170 парк шоғырланған. Сондықтан біздің елде мұндай кластердің құрылуы заман көшінен қалмау үшін жасалған қисынды қадам деп айтуға болады. Оның үстіне Оңтүстік Корея, Сингапур сынды елдер Назарбаев университеті мен Әл-Фараби атындағы ұлттық университетке доллардай инвестиция салуға ниет танытып отыр. Кластерлік орталықтар бірінші кезекте ғылыми ұйымдармен, инновация саласында тәжірибесі бар компаниялармен серіктестік орнататын болады. Сонымен қатар, жекелеген идея авторларына да өнертабысын патенттеуден бастап, нарыққа шығаруға дейінгі қолдаулар көрсетілетін болады. Мұның барлығы – Елбасының биылғы Жолдауынан туындап отырған міндеттер.
Есжан Ботақара