Руханият

Өнерпаздарға ел риза

Аудандағы мәдениет үйлері мен клубтарда түрлі байқаулар, фестивальдар, концерттер жүйелі өтіп тұрады. Сала қызметкерлері күнтізбедегі мемлекеттік мерекелерден басқа,  жыл бойы көптеген іс-шараларды жоспарлап, олардың жоғары деңгейде өтуіне күш салуда.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудан әкімдігінің қолдауымен  және Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының қаржылай көмегі арқылы былтыр Алакөл жағалауында республикалық «Ел айбыны, жыр айдыны – Алакөл» ақындар айтысын өткіздік. Айтысты аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары «Той-думан» театрландырылған көрінісімен ашып, өңір тарихы мен мәдениетін көрсете білді. Сол сияқты, ақын, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, ауданның Құрметті азаматы  Ержан Жұмабектің «Бақстан баласы» шығармашылық кеші өтті. Кеште Мәдениет үйінің әншілері ақынның сөзіне жазылған әндерді орындады. Сондай-ақ  ауданның асыл әжелер сайысы ұйымдастырылды. Байқауға өңірдегі 27 ауылдық округтің еңбек ардагерлері, көпбалалы аналар мен қариялар қатысты, – дейді аудандық Мәдениет үйінің директоры Қанат Сәтмұхамбетов.

Бұдан бөлек, «Асыл мұра» аймақтар аламаны, «Супер әке» аудандық байқауы, танымал дәстүрлі әнші, сазгер Мұсылманбек Ысқақовтың және оның қосағы әнші Ділнұр Тоқтарханның шығармашылық кештері өтті. Сондай-ақ Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын түсіндіру әрі ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында «Ұлы даланың үкілі жастары» керуені ұйымдастырылды.

Бірнеше рет қалың қауымды жинаған қайырымдылық акциялары өтті. «Бақытты отбасы» жобасы негізінде көпбалалы, әл-ауқаты төмен отбасыларға көмек ретінде «Жан жылуы – жанұяға» іс-шарасы ұйымдастырылды.

Еңбек сіңірген әртіс Секен Тұрысбеков пен әнші, композитор Гүлнар Дәукенованың шығармашылықтарына арналған «Қос жұлдыз» байқауы өтті. Бұл шара сазгерлердің өнерін насихаттауды әрі жас таланттарды анықтап, өнерге баулуды көздеді.

– Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің 65 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кешті ұйымдастырдық. Зиялы қауым өкілдері қатысқан бұл жиында ақынның өлендері оқылып, оның сөзіне жазылған әндер шырқалды. Ол кісінің «Заман-ай», «Құс жолы», «Көк бөрі», «Көздеріңе ғашықпын»,  «Сарбон», «Қоштасу биі», «Киелі Отан» әндері сахнада шырқалды. Жазушылар одағының мүшесі, ақын Айжарық Абылқасымов өзінің арнау өлеңін оқыды. Аудандық «Жас қаламгер» үйірмесінің мүшелері ақынға сұрақтар қойды, – дейді аудандық Мәдениет үйінің директоры.

Көкпекті ауданында «Мәуліт» мерекесіне орай ұйымдастырылған облыстық ақындар айтысында аудандық Мәдениет үйінің әртісі Баян Жақанов бас жүлдені қанжығасына байлады. Ал Алматыдағы «Құс қанат менің ғұмырым…» республикалық балалар мен жасөспірімдер арасындағы өнер байқауынан ауданымыздың «Сонар» ән-би ансамблінің өнерпаздары  Елназ Хамитова, Ержас Төлеухан, Тұнық Сәрсенбек бас жүлдемен оралды.

– Карантинге қарамай атқарылып жатқан істер, жүзеге асырылар жұмыстар былтырғыдан көп болмаса, аз емес. Жастарды әуен, би, ойын, көңілді тапқырлар командасы, флешмобтар көбірек еліктіреді. Сондықтан осы бағытта да ауқымды іс-шаралар жоспарланған. Қалай десек те, өнер адамдарының міндеті – халыққа мүмкіндігінше қажымай-талмай қызмет ету, – дейді Қанат Сәтмұхамбетов.

Аудандық Мәдениет үйі және оған қарасты ауылдық округ клубтары жемісті қызмет етіп келеді.

Бейсенғазы Ұлықбек

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button