Қоғам

Өнерлерімен де, өнімдерімен де риза етті

Өнерлерімен де, өнімдерімен де риза етті

Көкпекті ауданының өнерпаздары «Туған ел – алтын бесігім» акциясының аясында Өскемендегі Металлургтер мәдениет сарайында концерттік бағдарлама ұсынды. Концертке облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.
Көкпектіден келген өнерпаздар Металлургтер мәдениет сарайына жиналған көрермен қауымға өз өнерлерін паш етті. Сахна шымылдығы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Керей мен Жәнібек» тарихи қойылымы мен ашылды. Спектакль барысында актерлер қазақ мемлекетінің құрылуына негіз болған тарихи оқиғалар мен шайқастардан үзінді қойды. Әрине, бұл залға жиналғандарды тебірентпей қоймағаны анық. Концерт барысында ұлы Абайдың қырық бес қара сөзінен үзінділер оқылып, «Абай әндерінен» попури орындалды. Сонымен қатар, бұл күні шырқалған «Беу, айдай» мен «Черна рэдка», «Жайықтың толқындары» әнін бүкіл зал қосыла шырқады.
Сахна төрінде «Толағай сазы» халық аспаптар оркестрі «Жасай бер Қазақстан», «Сарыарқа» күйін орындап, көрерменді толғандырса, «Жер ана» композициялық хореографиялық қойылымы мерекенің сәнін келтірді.
Концерт соңында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар осындай ауа райының қолайсыздығына қарамастан келіп, жеті жыл қатарынан өтіп жатқан патриоттық акцияға қатысып жатқандығы үшін аудан басшылығына алғысын білдірді.
Көкпекті ауданы келесі күні қала тұрғындарына арнап Өскемендегі «Freshmarket» гастрономының алдында азық-түлік жәрмеңкесін ұйымдастырды.
Көкпекті ауданының 17 ауылдық округінен шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер ауылшаруашылық өнімдерін әкелді. Жәрмеңкеде сиыр мен қой еті – 900, жылқы еті – 1000, картоп – 50, сарымайдың келісі 1500 теңгеден саудаланды. Қысқа қазірден бастап қамданғандар үйлеріне көкөністі қап-қабымен әкетті. Базар бағасынан әлдеқайда төмен бағамен сатылған өнімдерді жұртшылық кезекке тұрып таласып алды.
Бұл күні саудасы ерекше қызған өтімді өнім ретінде ет пен көкөністі айтуға болады. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Теміржановтың айтуынша, қала базарының нарығынан 20 пайыз төмен бағада сатылған халықтың негізгі тұтынатын өнімдерінен жәрмеңкеге ең қажетті деген азық-түліктер әкелініпті.
– Жәрмеңкеге 5440 келі ет, 13,4 тоннаға жуық көкөніс, сондай-ақ, сүт өнімдерін әкелдік, – деді Марат Теміржанов.
Бұл күні Мариногорка ауылдық округінен келген омарташы Александр Шаровтың балын сатып алушылар қарасы көп болды. Өйткені, мұнда балдың барлық түрі 700 теңгеден саудаланды.
Александр Шаров балдың үш түрін өндіреді екен. Оның айтуынша, «Кемпір өлген» тауының етегінен 1,5 гектар жер алып, шаруашылығын кеңейіпті.
– Жыл сайын жетімдер үйінің балаларын жазғы үш айлық демалыста омарташылыққа баулып, оларға жалақы төлеймін. Мен осылай тағдыр тәлкегіне түсіп, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға сәлде болсын көмек көрсеткім келеді, – дейді Александр Шаров.
Қысқы азығын делдалсыз сатып алуды ұйғарған қалалықтардың бірі – зейнеткер Айдын Қайырбаев жәрмеңкенің апта сайын өтіп тұратындығына ризашылығын білдірді.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button