Аймақтар аухалы

Өнеркәсіп өнімінің көлемі ұлғаяды

Өнеркәсіп өнімінің көлемі ұлғаяды

Өткен жылы Бесқарағай ауданында ірі инвестициялық жобалар қолға алынып, Бозтал, Кривинка, Өндіріс ауылдарында су құбырлары тартылған. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы мен «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында бірқатар шаруа тындырылған. Бұл туралы облыстық ақпараттық орталықта өткен баспасөз мәслихатында Бесқарағай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ерболат Рахметуллин мәлім етті.

Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ауданда кәсіпкерлерді қолдау, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жұмыстары қолға алынып, инвестиция тарту сияқты экономиканың ілгерілеуіне серпін беретін жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.

– Былтыр бюджеттің барлық секторларында іске асырылуы тиіс бағдарламалар орындалып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты деңгейге жеткізілді. Бесқарағай аграрлық аудан болғандықтан, ауыл шаруашылығы саласы экономикадағы негізгі рөлге ие. Бұл саладағы жалпы өнім көлемі былтыр 15 миллиард 992 миллион теңгені құрады. Мұндағы басым үлес мал мен егін шаруашылығына тиесілі. Мәселен, 2015 жылмен салыстырғанда дәнді дақылдарды жинау 65,7 пайызға өсті. Қазіргі күні Бесқарағайда кооперативтер құрылып, оларға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Шаруа қожалықтарының басшылары асыл тұқымды мал өсіруді басты назарға алып отыр. Мысалы, былтыр ауданның мал өсірушілері 415 бас асыл тұқымды ірі қара малын сатып алды. Жалпы, мұндай шаруашылықтар саны отыздан асады. Сонымен қатар, ағымдағы жылы Бесқарағайдағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 20-25 пайызға ұлғаятын болады, – дейді Е.Рахметуллин.

Қазір Бесқарағайдағы елді мекендерді су басып қалмас үшін қажетті шаралар қолға алынып, мұз кептелістері орын алған жерлерде тасқынның алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде су басу қаупі бар Кривинка ауылының тұрғындарымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ауылдағы малдың 98 пайызы қауіпсіз жерлерге көшірілген.

– Тасқынның алдын алу жұмыстарына мемлекеттік бюджеттен 10 миллион теңге бөлінді. Егер Ертіс өзені арнасынан шықпай, Кривинка ауылының маңынан орташа ағыспен өтетін болса, онда алаңдауға еш негіз жоқ. Егер су тасқыны орын алса, 2015 жылы ауданда құрылған атты сарбаздар жасағын бұл іске жұмылдыратын боламыз. Қазіргі күні ауданда тәуліктік бақылау жүргізілуде, – дейді Ерболат Рахметуллин.

Бүгінде Бесқарағай ауданындағы шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында 1126 кәсіпорын тіркелген, бұл 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 125 пайызға жоғары. Ал өткен жылғы бөлшек сауда тауар айналымының көлемі бес миллиард теңгені құраған. Инфрақұрылымға келсек, биыл «Нұрлы жол» бағдарламасына енген «Астана-Павлодар-Қалбатау-Өскемен» автомобиль жолын жаңарту жобасы бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Сонымен қатар, Қарағайлы және Ерназар ауылдарында су құбыры желілері тартылмақ.

– Аудан тұрғындарын қауіпсіз ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған бұл жобалардың құрылысын қаржыландыру үшін облыстық басқармаларға тиісті өтінімдер жіберілді. Күні бүгінге дейін Бесқарағайдағы 30 тұрғылықты елді мекеннің 11-і орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіліп үлгерген, – дейді Е.Рахметуллин.

Ажар САҒАТБЕКОВА

Осы айдарда

Back to top button