Өнердің туын биікке желбіретті
Астана қаласының Шығыс Қазақстандағы мәдени күндері өскемендіктер мен қала қонақтарына үлкен әсер сыйлады. Арқа төсіндегі ажарлы Астананың мәдениет пен өнер майталмандары Семейден соң екі күн бойы Өскемен қаласында биік өнердің туын желбіретті.
Шіліңгір шілденің екі күні өскемендіктер үшін өзгеше өтті. Оны өзгеше реңге бояп, түрлендірген астаналық мәдениет және өнер майталмандары болатын. Құтты бір шұғылалы Шығысқа Арқа төсінен Астананың өзі көшіп келгендей дерсің. Алдымен астаналық қонақтар Шығыс Қазақстан аймақтық коммуникациялар қызметі орталығында брифинг өткізіп, шығысқазақстандықтарды қандай мәдени шаралармен қуантатындары жөнінде әңгімелеп берді.
– Бүгін Астана қаласының ұжымдары Шығыс Қазақстан облысына келіп жатырмыз. Өте қызықты бағдарламаларымызды әкелдік. Бұл өтетін шаралардың барлығы Астана қаласының 20 жылдығына орайластырылған. Екі күн бойы Өскемен қаласында өзіміздің өнерімізді биік деңгейде көрсетуге тырысамыз, – деді баспасөз мәслихатында Астана қалалық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина.
Сондай-ақ бағдарламада спорттық шаралар да қарастырылыпты. Нарима Абылқызы жергілікті мұз айдыны аренасында шайбалы хоккейден «Торпедо 2009» командалары арасында жолдастық кездесу ұйымдастырылатынын жеткізді. Айтуынша, шырайлы Шығысқа ат басын тіреген астаналықтар бұған дейін Батыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстанды аралап үлгеріпті. Шығыстан кейін олар еліміздің Оңтүстік өңірлерін аралауды жоспарлап отырған көрінеді.
Осы күні Өнер мұражайында «Ақ тілекпен, Астана» көрмесі салтанатты түрде ашылды. Шараның ашылу салтанатында Шығыс Қазақстан өнер музейінің директоры Бекайым Ұябаева сөз алып, Елбасының тікелей тапсырмасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында елордамызда керемет мәдени шаралар өтіп жатқанын тілге тиек етті. Осынау мәдени шаралардан өңірлер де құр қалып жатқан жоқ. Бүгінгі көрме соның айқын дәлелі. «Ақ тілекпен, Астана» көрмесіне Астанадағы Тәуелсіздік сарайынан алынған отандық 50 суретшінің 100-ден аса бірегей туындысы қойылыпты. Бекайым Ұябаева осынау көрменің шығысқазақстандықтардың рухани әлемін байытып, биік талғамын қалыптастыруға ықпал ететінін жеткізе келе, астаналық әріптестеріне үлкен алғысын жеткізді.
Иә, көрмеге қойылған туындылардың тақырыбы да, жанрлары да әртүрлі. Оның ішінде қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрін кенепке түсірген қылқалам шеберлерінің шығармаларының өзі бір төбе. Ш.Захидовтың «Қазақ-жоңғар шайқасы», Р.Құлбатыровтың «Батыр бейнесі», «Көшпенді» картиналары, С.Аллабергеновтің «Салт аттылар», З.Қожамқұлованың «Қобыз үні», Н.Бубэнің «Көшпенді әйел өмірінің бір күні» атты шығармалар келушілердің назарына бірден ілікті. Бұдан бөлек Өмірбек Тілеулиевтің «Елім-ай» сериясы бойынша туындылары көпшілік назарына ұсынылды.
Ал Астана қаласының бүгінгі келбеті бейнеленген картиналарға ұзақ қарай бергің келеді. Мұнымен бірге көрмеге Жанна Спунердің жеке коллекциясынан алынған еңбектер мен астаналық шеберлердің мүсіндері де қойылған екен. Елордалық көрмені тамашалауға келгендер отандық қылқалам шеберлерінің шығармашылық әлеуетіне жоғары баға берді.
Сондай-ақ осы күні ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер колледжінің сахнасында Ғ.Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті қала тұрғындары мен қонақтарының назарына «Ұлы дала әуендері» атты концерттік бағдарламасын ұсынды. Тәттімбет пен Құрманғазының, Шуберттің, Гайднның, Жұбановтың, Жайымовтың шығармалары Ертіс жағасында тынбай шалқып, шығысқазақстандықтарды ерекше бір күйге бөледі.
«Зерені» зерде қойып тамашалады
Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының сахнасы да бос қалған жоқ. Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының ұжымы зайсандық жерлесіміз, ақын Ұлықбек Есдәулеттің «Зере» драмасын көрермен назарына ұсынды. Зере – Абайдың ғана әжесі емес, күллі Алаштың анасына айналған адам. Спектакльде Зере анамыздың образы арқылы бүтіндей қазақ халқының өмірі, қиыншылықтары мен тұрмыс-салты бейнеленген. Спектакльдің қоюшы-режиссері Нұрқанат Жақыпбай болса, қоюшы-суретшісі Берік Бурбаев.
Қойылым соңынан сахнаға шыққан автор Ұлықбек Есдәулет бұл шығарманың өзінің драматургия саласындағы алғашқы туындысы екенін атап айтты.
– Былтыр Жарма жерінде Зере анамызға ескерткіш қойылды. Сол кезде осы театр тарапынан маған Зере анамыз туралы шығарма жазуға өтініш болды. Басында екі рет бас тартқаныммен, кейін қалай көніп қалғанымды білмедім, – дейді Ұ. Есдәулет.
Десе де, алғашқы қойылым өте сәтті шыққан сияқты. «Зере» спектаклі астаналықтардың ғана емес, шығысқазақстандықтардың да көңілінен шыққаны анық.
– Жалпы Ұлы Абайдың жазылып, айтылып келе жатқанына ғасырға жуық уақыт өтті. Бергі уақытты алсақ, «Құнанбай» туралы кино да шығып, ел Құнанбаймен етене танысып жатыр. Десе де Абай дәуіріндегі ұлы аналар туралы кейбір жастар әлі де білмейді деп ойлаймын. Сол тұрғыдан алғанда бұл спектальдің көтеріп отырған жүгі ғаламат. Спектакльде ұлылық пен сұлулықтың символына айналған аналардың психологиялық, моральдық, философиялық образы сомдалған. Ондай аналар некен-саяқ болса да, болған. Солардың бірі –Абайдың әжесі Зере. Осындай спектакльдердің, әрине, көп болғаны дұрыс. Ұлықбек Есдәулет бұрын-соңды драматургияға қалам сілтемеген досымыз еді, мынасы өте сәтті шығыпты, – дейді белгілі жазушы Жұмағазы Игісін.
– «Зере» спектаклін халық өте зерде қойып тыңдады. Біз бұрынғы ата-баба жолын жаңғыртып, сол заманға қайта оралғандай күйді бастан өткердік. Бұл шығарманың біздің балаларымызға, елімізге беретін тәлімі, тәрбиесі өте мол деп ойлаймын. Бұл спектакльде біз Құнанбай образын да өзге қырынан көрдік. Ол сырттай қатал болып көрінгенімен, шын өмірде өте ақылды, сұңғыла адам, – дейді қалалық, облыстық ақсақалдар кеңесінің мүшесі, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы Төлеухан Әбілқасымов.
– Қасиетті Зере анамыз Абай он жасқа келгенде емес, Абай билікке келгенде 93 жасында қайтыс болады. Өскенбайдың өзі Зерені өте қатты сыйлаған, Зеренің айтқан ақылына тоқтаған жан екен. Өмірден өтерінде Құнанбайға аманат етіп кетіпті. Қайсар, бірбеткей Құнанбайдың өзі Зере анамыздың сөзін жерге тастамаған. Менің өзім үшін бұл рөл өте үлкен мектеп болды. Бойымдағы барымды, нәрімді осы рөлді сомдауға жұмсадым, – дейді бізге берген шағын сұхбатында қойылымда Зере анамыздың рөлін сомдаған халық әртісі Күлжахан Әспетова.
Сонымен қатар, өскемендіктер «Зере» драмасынан өзге Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясын тамашалады. Елордалық театрдың үздік туындысы болып табылатын бұл қойылыммен әдетте оның театр маусымы ашылады екен.
Астана қаласының Шығыстағы мәдени күндері «Ертіс концерт» залындағы «Астанадан ақ тілек» Гала-концертімен қорытындыланды.
Кеш бағдарламасында Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрі, «Шалқыма» халық биі ансамблі, классикалық, эстрадалық және халық вокалының солистері өз өнерлерін ортаға салды. Бұдан басқа шығармашылық кешке Клара Төленбаева, Күляим Қайырбаева, Di-ArtStyle триосы, Бауыржан Исаев, Ринат Мальцагов және Алмас Кишкенбаев секілді отандық эстрада жұлдыздары да қатысты.
Мейрамтай Иманғали