Өнер жұлдыздары Өскеменде

Өр Алтайдың баурындағы әсем қала Өскеменде аймақ басшысы Даниал Ахметовтің бастамасымен қолға алынған «Ақ Ертіс» халықаралық классикалық музыка фестивалі осымен төртінші рет шымылдығын түрмек. Айтулы мәдени шараның басталуына орай облыстық драма театрында арнайы брифинг өтті.
Қала әкімінің орынбасары Ольга Булавкина өз сөзінде фестивальдың қала күніне орай ұйымдастырылып отырғанын жеткізді. Әрине, бұл қала тұрғындары мен қонақтарына үлкен тарту екені сөзсіз.
Брифинг барысында Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсаходжаева журналистерді ең алдымен қала күнімен құттықтап, өңірдегі мәдениет саласының дамуына айтарлықтай көңіл бөліп отырған аймақ басшысы Даниал Ахметовке алғысын білдірді.
– «Ақ Ертіс» фестивалі шығыс жұртшылығын классикалық шығармалармен сусындату үшін жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен әншілер көптеп қатысуда. Мәселен бүгінгі мерекелік кеште Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шахимардан Әбілов, сондай-ақ Әлия Бейсенова, Степан Симонян, Андрес Вераменди, Бранислав Ятич, Дмитрий Мурин сынды әлем жұртшылығын аузына қаратқан өнер майталмандары ән шырқайды, – деді әйгілі скрипкашы Айман Мұсаходжаева.
Сонымен қатар брифингте «Астана опера» театрының әншілері Сүндет Байғожин мен Жұпар Ғабдуллина, Түркияның Самсун қаласындағы опера және балет театрының дирижері Михаил Кирхгофф, Ресей Федерациясының халық әртісі Сергей Ролдугин сөз алып, фестиваль туралы жылы лебіздерін білдірді.
– Мұндай фестивальдар көрермен үшін ғана емес, әншілер үшін де өте пайдалы. Біз бір-бірімізбен араласып, шеберлігімізді шыңдауға мүмкіндік аламыз. Сондықтан да мен осындай халықаралық деңгейдегі фестивальды ұйымдастырып отырған облыс басшысына алғысымды айтамын, – дейді Жұпар Ғабдуллина.
Ажар Сағатбекова