Өнер мерекесі жаңа таланттарды танытты
Зырянда «Алтын Тұрғысын-2017» X халықаралық өнер фестивалі жоғары дәрежеде өтті. Нағыз таланттардың өнерін паш етуге мүмкіндік беретін бұл өнер мерекесіне еліміздің әр аймағымен қатар алыс-жақын шетелдерден де қатысушылар мен меймандар көптеп келді.
Зырян ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов өнер мерекесіне жиналған жұртшылықты фестивальдың он жылдық мерейтойымен құттықтап, өнерпаздарға сәттілік тіледі. Қатысушылар мен қонақтар биыл оныншы рет өткізіліп отырған «Алтын Тұрғысын» фестивалінің негізін қалаған жазушы Александр Егоровты бір минут үнсіздікпен еске алды.
Жазушы Александр Егоров Бұқтырманың үлкен салаларының бірі – Тұрғысын өзенінің жағасындағы Кутиха ауылында дүниеге келіп, ержетті. Осы ауылдан 1943 жылы майданға аттанған он жеті жастағы өрімдей жас жігіт Витебск түбіндегі ұрыста жарақаттанып, госпитальда емделеді. 1949 жылы елге оралып, Чесноковкада шығатын «Алтайский рабочий» қалалық газетінде алғашқы еңбек жолын бастаған. Өзінің «Лесной человек» атты тұңғыш әңгімесін аймақтық газетте жарияланған байқауға жолдап, жүлдегер атанады. Міне, осыдан бастап өз өмірін журналистикамен, әдебиетпен байланыстырды.
«Социалистическая стройка», «Зыряновский рабочий» газеттерінен соң облыстық «Знамя коммунизма» газетінің меншікті тілшісі болды. 1962 жылы Жоғарғы партия мектебі жанындағы журналистика факультетін бітіріп, шығармашылыққа ден қояды. Шығыс Қазақстан өңірі бойынша ТАСС тілшісі, «Казахстанская правда» газетінің бөлім меңгерушісі, «Жазушы» баспасының бас редакторының орынбасары, «Ара-Шмель» сатиралық журналы бас редакторының орынбасары қызметтерін атқарған Александр Егоров бірнеше кітаптың авторы. Жазушы шығармалары әдеби ортада жоғары бағаланды. Қатысушылар мен меймандар осыдан былай фестивальді Александр Егоровтың атымен өткізуді бірауыздан ұйғарды.
Александр Иванович өнерді ерекше бағалайтын. Ең алғашқы фестивальға отыздан астам ақындар мен әншілер, суретшілер мен фотографтар қатысқан еді. Ал 2010 жылдан бастап фестиваль халықаралық дәрежеде өтіп жүр. Өнер мерекесіне қатысушы талантты әншілердің, фольклорлық ұжымдар мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің көбеюіне байланысты фестиваль номинациялары да арта түсті. Осыған дейін өткен тоғыз фестивальдың нәтижесінде 76 өнерпаз лауреат атанса, 300-ден астам қатысушы дипломант атанған.
Түрлі байқаулармен, шеберлік сабақтарымен ерекшеленген биылғы мерейтойлық фестивальдың «Фестиваль кумиры» номинациясын ақындар Қуаныш Мақтиев (Жаңа Бұқтырма кенті) пен Надежда Максимова (Серебрянка қаласы), фотограф Виктор Корж (Өскемен қаласы) жеңіп алды. Ал ақындығымен қатар, суретшілігімен көзге түскен Валерий Шабалиннің (Глубокое ауданы) шебер қолынан шыққан Александр Егоровтың портреті жоғары бағаланды.
Таланттарды танытқан «Люблю тебя, мой Казахстан» номинациясында орындаушы – авторлар Елена Малюкевич (Зырян), Тимур Аубакиров (Семей қаласы), Анастасия Куринская (Барнаул), Елена Бирюкова (Өскемен), ақын Ирина Андреева (Серебрянка), «Воля» ансамблі (Соловьево), фотосуретші Сергей Силантьев (Серебрянск) лауреат атанды. «Фестивальға арнау» номинациясында Светлана Бирюкова лауреат атанса, Владимир Сметанин дипломмен марапатталды.
Ұрпақтар сабақтастығы барда өнер ешқашан өлмейді. Балалар да бар өнерін ортаға салды. «Задоринка» ансамблі лауреат атанса, астаналық Иван Нечаев, Санкт-Петербургтен келген Аким Шумейко, зыряндық Шұғыла Мәулетханова, Дарья Гайнуллина (Жаңа Бұқтырма), Мұхаммед Смақов (Өскемен) арнайы дипломдарды иеленді.
«Алтын Тұрғысын» Шығыс өңірінің таланты өнерпаздарға бай екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Фестиваль алаңында өткен гала-концертте барлық қатысушыларға мерейтойлық фестивальдің естелік дипломдары берілді.
Айжанат Ихсанова