Өнер қайраткерінің есімі берілді

Күршім, Тарбағатай өңірлерінде жемісті еңбек еткен, Күршім ауданының мәдениет саласын 17 жыл бойы басқарып, өлшеусіз еңбек сіңірген мәдениет ардагері, ақын, сазгер Қабдолда Тұраровты білетіндер жеткілікті.
Күршім ауылындағы жаңадан салынған Мәдениет үйіне осы ардагердің атын беру жөніндегі әңгіменің қозғалғанына да біраз жылдың жүзі болып қалған-ды. Ақырында бұл ұсыныс қолдау тапты. Жуықта ғимараттың маңдайшасына жазылған «Қабдолда Тұрар атындағы Мәдениет үйі» деген айшықты жазуды жұртшылық салтанатты түрде тамашалады. Бұл шараны ұйымдастырушылар аталған мәтінді уақыт талабына сай латын қарпімен жазған екен.
Жаңа атаудың лентасын қию құрметіне аудан әкімі Д.Қажанов, аудандық мәслихат хатшысы М.Сағанақов және ауыл ақсақалы, еңбек ардагері У.Сексенбаев лайық деп танылған болатын. Дулат Зайсанбекұлы жиналған жұртты осынау айтулы шарамен құттықтады. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыс және талдау бөлімінің басшысы Р.Төлемісова да өзінің құттықтау тілегін жолдады. Бұдан кейін ұлттық киім киіп, жарасымды сән құрған әжелер ата салтымен шашу шашып, қонақтардың барлығын ішке шақырды.
Мәдениет үйінің кең залын лықа толтырған жұрттың алдына шығып, осы салтанатты кездесуді ашқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Ақтекенов өнер қайраткерінің өмірбаянына кеңінен тоқталды. Қ.Тұраровтың ізбасарларының бірі, мәдениет саласының ардагері, қаратоғайлық Қ.Әбдірахманов та бірқатар естеліктер айтты. Қабдолда қарттың шәкірттерінің бірі, ақын Х.Зәкәрия ұстазы жайлы әңгімелей келе, өзінің осы кешке арнап шығарған «Ағаны сағыну» атты толғауын жұрт назарына ұсынды.
Кешті одан әрі аудандық Мәдениет үйінің әртістері жалғастырып, сазгердің әр кездерде шығарған әндерін нақышына келтіре орындады. Көрермендер жас әншілермен қатар кезінде айтулы ұстаздың тәлім-тәрбиесін көрген С.Тоқтарова, З.Тұрғанбаева, С.Бұқатов, Е.Мәженовтің шабыттана шырқаған әндеріне де ризалықпен қол соқты.
Сахна төріне көтерілген Қабдолда ақсақалдың туған інісі, осы шараның өтуіне барынша атсалысып, үлкен үлес қосып жүрген ардагер ұстаз Нұрсовет Қайыров қамқор ағасы туралы, Қ.Тұраровтың үлкен ұлы, белгілі музыка маманы, Алматы қаласындағы хор капелласының хормейстер-бас дирижері Ерсовет, оның зайыбы белгілі филолог-ғалым Гүлнәр Саматқызы, қарияның кіші ұлы Ерболат пен кенже қызы Әлия әкелері жайлы әңгіме шертіп, сағынышқа толы сырларын бөлісті. Қарт өнерпаздың балалары аудандық Мәдениет үйіне музыка орталығын тарту етті.
Х.Қайроллаұлы
Күршім ауданы.