Қоғам

Немерелерінің қызығын көріп отыр

Немерелерінің қызығын көріп отыр


Жарма ауданы, Қандығатай Құсмұрын бауырына орналасқан Қызылағаш ауылының жері қандай құнарлы, шұрайлы болса, адамдары да сондай кең пейілді болып келеді. Кезінде бұл ауылда 20-дан аса Батыр ана шыққан.

Солардың бірі – Рахила Ақылбаева. Жұбайы Сағымбай Ақылбаев екеуі шалғайдағы Қаратауда 1946 жылдың күзінде жанұя құрып, отау тігеді. Сағымбай 18-19-дағы жас жігіт, есепші, Рахила – көмекшісі. Ферманың мал басына жауапты. Олар совхозға отардан ата-аналарын қуантып, үлкен қызы Нүрзипамен оралады. Одан кейін 1949 жылы Бақытгүл дүниеге келеді. Міне, содан бері 70 жыл өтіпті. Сол жұдырықтай қара қыз 70-тің желкесіне шығып, өткен жылдарын еске алып, «тәубе» дейді. Ол әкесі Сағымбайдан жастай айырылып, шешесі Рахиланың тәрбиесінде өседі. 1966 жылы Қызылағаш орта мектебін күміс медальға бітіріп, сол жылы Алматы медициналық институтына түседі. 1972 жылы балалар дәрігері мамандығын алып, Өскемен қаласында балалар ауруханасына қызметке орналасады. 20 жылдай адал да абыройлы еңбек етіп, талай баланы ажалдан арашалап аман алып қалады.

– Біз, – дейді Бақытгүл бір әңгімесінде, – Ғаббас деген азаматпен 1974 жылы жанұя құрдық. Ол подполковник, қалалық ішкі істер бөлімінде тергеуші болып қызмет атқарды. Атам Гафез соғыс ардагері, аудандық райвоенкоматта істеді. Енем – Гүлзария үй шаруасында, алты баланың тәрбиешісі болған. Жұбайым Ғаббас 25 жыл қызметте талай ауыр қылмыстарды ашып, үлкен абыройға ие болып, жоғары дәрежелі марапаттарға ие болған азамат. Үш жыл болды дүниеден өткелі.

Иә, Бақытгүл өз қызметіне өте жауапты қарайтын жан. Содан да болар 1994 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіне жұмысқа шақырылып, жоғары оқу орнында 20 жылдай аға оқытушы ретінде студенттерге дәріс оқиды. Ғылыммен де шұғылданып, кандидаттық минимумды үздік тапсырып, бірнеше методикалық құралдар жазып шығарды. 2010 жылы зейнеткерлікке шықса да, «Нұрорда» мектебінде дәрігер болып, 2019 жылға дейін қызмет атқарады. Мерекелік төс белгілері мен мақтау қағаздарында есеп жоқ. Бәрі де адал да абыройлы еңбектің жемісі. Бұл күнде бұл жанұяның үш ұл баласы ата жолын қуып, әскери қызметте. Үлкендері Дәулет – 1974 жылғы. Биыл зейнеткер атанды. Нұрлан – 1978 жылғы. Жоғары шенді офицер. 1985 жылы туған Айдар облыстық военкоматта қызмет етеді. Үш баладан жеті немере сүйіп отырған бақытты әже. Немересінің үлкені Санкт-Петербургте университетте оқиды.

– Мен өзімді бақытты ана сезінемін. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында құдаларым, балаларым мен немерелерім, бауырларым, апа-сіңлілерім құттықтап жатыр. Бәріне алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді Бақытгүл әже.

Біз де осы тілектеміз. Атыңа затың сай болған 70 жасың құтты болсын!

Мәуітқазы Зүкенұлы,
ардагер журналист.

Осы айдарда

Back to top button