Қоғам

Үнемделген қаржы әлеуметтік маңызды жобаларға жұмсалады

Үнемделген қаржы әлеуметтік маңызды жобаларға жұмсалады

Кеше аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс үшінші сессиясы болып өтті. Онда 2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы облыстық мәслихат шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе қаралды.
Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысының басқару сұлбасы туралы облыстық мәслихаттың шешіміне өзгеріс енгізу, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің дербес құрамындағы өзгерістерді келісу жөніндегі шешімдер талқыға салынды.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмасхан Сматлаевтың айтуынша, Бюджеттік кодекстің 108 бабына сәйкес, облыстық мәслихат «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» өткен жылдың 9 желтоқсанында шығарылған шешімге бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізген.
Айтап айтсақ, осы жылға арналған облыс бюджетінің кіріс бөлігі 219 миллион теңге, шығыс бөлігі 220 миллион теңге көлемінде бекітілді. Яғни, мемлекеттік сатып алулар бойынша үнемделген қаржының есебінен және шығындарды оңтайландырудан 7 216,8 миллион теңге қаражат артылған. Аталмыш қаржы облыстық ішкі істер департаменті бойынша қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге (266,6 млн. теңге), Семей қаласындағы психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекеменің және Зырян ауданындағы Грехово ауылында орналасқан оңалту орталығының (171,8 млн. теңге), Өскемендегі мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Ақниет» мектеп-интернатының (135 млн. теңге) материалдық-техникалық базасын нығайтуға, Семей мен Өскемендегі көшелерді (100 млн. теңгеден), Зырян-Парыгино тас жолын (50 млн. теңге) орташа жөндеуге, бірқатар құрылыс нысандарын аяқтауға (542,4 млн. теңге), мәдени (71,5 млн. теңге) және спорттық (1013,7 млн. теңге) іс-шараларды өткізуге және өзге де әлеуметтік маңызы бар жұмыстарды атқаруға бағытталған.
Облыстық мәслихат сессиясында сондай-ақ, кадрлық өзгерістерге байланысты Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің дербес құрамындағы өзгерістерді келісу туралы шешім шығарылды. Мұнымен қоса, сессияда «Шығыс Қазақстан облысының басқару сұлбасы туралы» облыстық мәслихаттың 2013 жылғы 3 шілдедегі №12/149-V шешіміне өзгерістер енгізілді.
Атап айтқанда, енді аталмыш шешімнің қосымшасындағы 11 тармақ жаңа редакцияда «Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» деп баяндалмақ. Себебі, «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңға 2015 жылғы 28 қазанда енгізілген кейбір мәдениет және тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар бойынша «мұрағат» сөзі «архив» сөзіне ауыстырылған. Осыған байланысты, облыстың басқару сұлбасында мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының атауын «мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» деп осы заңға сәйкес келістіру қажет.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button