Қоғам

НЕЛІКТЕН АҚИҚАТТЫҢ ЖОЛЫ АУЫР?

Серік ҚҰСАНБАЕВ

 Қайсыбір жұрт: «Ақиқаттың – жолы ауыр», «Ақиқат – бар, ол кешігіп болсын келеді!» деп жатады. Осы сөздерді өзіміз де айта жүріп, ақиқат жолының неге ауыр болатындығы мен неліктен оның кешігіп келетіндігіне аса мән беріп жатпаймыз.

Ғалымдардың сөзіне сенер болсақ (табиғи апаттарды айтпағанда) ешқандай себепсізден-себепсіз, өз-өзінен, қараптан-қарап тұрып ешқандай да оқиға орын алмайтын көрінеді. Өйткені кез келген оқиғаның орын алуына міндетті түрде себепшілері, (мүмкін, ұйымдастырушылары) сол оқиғаның бел ортасында жүріп өзіне тиісті тапсырманы орындайтын адамдары, оқиғаның түпкі мақсатын жүзеге асыратындар мен қорытындылай келгенде сол оқиғаның күллі күнәсі мен кінәсін арқалайтын құрбандар және болған оқиғаны сол кезең мен кейінгі ұрпаққа таратушылар тобының арнайы адамдары болатындығы кәдімгі заңдылық екен.

Ертегі мен елестің соңынан қуып біз жүрміз

 Сонымен, «Уақыт дейтін құдіреттің құзырындағы сағат атты санақшының сырт еткен әр секунды тарих қойнауына кетті» деп есептейтін болсақ, мына жарық дүниенің түкпір-түкпірінде болып жатқан ірілі-ұсақты, қуанышты һәм қайғылы немесе т.б.с.с. түрлі-түсті дүниенің барлығы да қас пен көздің арасында тарихқа айналуда. Ел аузындағы «Бүгінгі оқиға, ертеңгі тарих» деген тәмсіл осы болса керек.

Ал «Оқиға неден басталды, қалай өрбіді, оның ортасында кімдер жүрді, немен аяқталды және осының барлығына кінәлі немесе мұрындық болған кім?» деген сауалдарға бір-ақ ауыз сөзбен «Былай болған еді» деп жауап беру мүлдем мүмкін емес екендігіне сіз бенен біз жүз мәрте куәгер болып, жүз мәрте көзіміз де жеткен.

Себебі адамзат тарихында болған кез келген оқиғаны бес ғалым зерттейтін болса, бесеуі бес түрлі айғақ келтіріп тұрып, бес түрлі тұжырым жасайды екен. Жазушылар да солай. Айталық, Шыңғыс хан мен Сүлеймен сұлтан немесе Ленин мен Сталин жайында қанша жазушы шығарма жазатын болса, ілеуде бір оқиға желісі мен жер-су атаулар немесе кісі аттары бір-бірін қайталағанымен, жеме-жемге келгенде әр жазушы кейіпкерлерін өзінше көркемдеп, өзінше әспеттеп-сипаттап, ақыры оқиғаны да өзінше түйіндеп жатады. Кімнің жазғаны дұрыс, кімдікі бұрыс екендігін, «мынау ақиқат, ал мынау жалған» деп кесіп айту мүмкін емес.

Өзге жұртты қоя тұрып, қарға тамырлы қазағымыздың төл тарихына көз жүгіртсек те сол. Сонау қазақ хандығынан тартып 1916 жылғы Амангелді, Ұзақ батырлар бастаған ұлт азаттық көтерілісі, 1931-33.ж.ж. қолдан ұйымдастырылған ашаршылық, одан кейінгі ұлт зиялыларына қырғидай тиген жаппай қаралау-жазалау репрессиясы, кешегі Екінші дүниежүзілік соғыс пен 1986-дағы Желтоқсан оқиғасы, Заманбек Нұрқаділовтің өз үйінде өз-өзін үш мәрте атып өлуі мен Рахат Әлиевтің Франция түрмесінде асылып қалуы, Арқанкергендегі сұмдық оқиға, тіпті әлі күнге дейін ыстық-суығы басыла қоймаған «Қаңтар қасіретін» немесе күллі әлемнің назарын өзіне аударған Ресей мен Украина арасындағы соғысты алайық. Осылардың қай-қайсысының болмасын бастауында, ортасында және соңында көзге көрінбейтін, аттары аталмайтын (атауға болмайтын) әлдебір бастаушылар мен ұйымдастырушылардың, белсенді қатысушылар мен тапсырысты орындаушылардың тұрғаны мен жүргенін байқауға болады. Тізіп шыққан оқиғалар жайлы жазылған да, айтылған да дүниелер көп әрі олардың барлығы сан алуан. Тіпті қайсыбір айғақтар бір-біріне қарама-қайшы келіп, дау туғызып та жатады.

Осыған қарап отырып, кейде осы біздердің: «Ақиқат!» деп, «Күндердің күні ол міндетті түрде айтылады!», «Түптің-түбінде ақиқат бәрін жеңіп шығады!» деп жүргендеріміздің барлығы қолмен ұстау мүмкін емес, керемет бір қиял-ғажайып ертегі мен сағым тектес елес емес пе?» деген ойға қалады екенсің.

Тіпті, әріге бармай-ақ қоялық, кеше ғана еліміздің сол кездегі астанасы Алматыда орын алған қанды желтоқсанға 35 жыл болды. Сол қанды желтоқсанның нағыз ақиқаты айтылды ма? Оны кімдер ұйымдастырды, алаңда кімдер, қандай тапсырмалар орындады? Қарулы жасаққа «Бейбіт шеруге шыққандарды аямай ұрып-соғып, басып-жаншыңдар!» деп кім бұйрық берді?

Ақиқат бұл жолы да айтылған жоқ және айтылмайды да. Себебі жыл сайын бір жаңалық ашамыз. Жыл сайын бір жаңа батырлар мен куәгерлерді, әлдебір құжаттардың көшірмесін тауып ап жатамыз. «Желтоқсанды өз көзіммен көрдім» дегендердің әңгімелерінің өзі әр қилы. Кешегі «Қаңтар қасіреті» де сол, сірескен мұз, мұз қалпында сіресіп жатыр. 20 мың террорист қайдан келді? Оларды кім ұйымдастырып әкелді? Олар не істеді және елімізден қай уақытта, қалай кетіп үлгерді? Бұған да ешқашан нақты жауап берілмейді.

Бұл – өкінішке қарай, ұзақ жылдар бойы шешімі табыла қоймас, тіпті мәңгі бақи құпиясы ашылмауы да мүмкін жұмбақтың көкесі. Жоғары жақтағылар көптің көңілін аулаған боп,  аптасына, әйтпесе айына бір мәрте «пәленше тұтқындалды», «түгленше қызметінен алынып тасталды», «жаңадан облыстар ашылып, партияның атауы өзгеріп жатыр» деген секілді татымсыз жаңалықсымақтар айтқан боп қояды…

Ал халықтың күткен ақ алмастай ақиқаты мен шырылдаған шындығы әлі күнге дейін жоқ. Әлде кешігіп жатыр ма? Менің ішкі түйсігім алдамаса, ол ақиқат ашылмайтын да, кешіксе де келіп үстемдік құрмайтын да секілді.

«Неге?» дейсіз бе? Себебі ол бізге дейін солай болған, қазір де солай және болашақта да сол үрдіспен жалғаса беретін табиғаттың бұлжымайтын заңдылығы.

Сұм соғыстың сұмдығы мен салдары

Осы орайда сөзіміз жалаң болмас үшін бір ғана мысал келтіре кетсек. Тарихта өшпестей боп, адам айтса нанғысыз ерлігімен есте қалған 1941-45 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғысты алайық. Ол соғыс туралы нендей шығармалар, зерттеулер мен тарихи мемуарлар жазылып, қандай кинофильмдер түсірілмеді? Ақындар өлең-жырларын арнап, сазгерлер небір мықты әндерін де жазды. Сонысымен миллиондаған халыққа рух берді, жігер берді. Біздің ұрпақтың білетіні, соғысты бастаған фашист басқыншылары ақыр аяғында жермен жексен боп жеңіліп, тым-тырақай боп қашып, біздің қызыл әскерлер уралағаннан уралап отырып барып Рейхстагтың төріне қызыл туын желбірете тікті. Сол Жеңіс мерекесі қаншама жылдардан бері толассыз тойланып келеді.

Осы соғыста «Кеңес Одағынан 20 млн. адам қазақ тапты» деген мәлімет ғана беріліп келген болатын. Ал жараланған, мүгедек боп қайтқандар жайында  ауызға да ала бермейтін. Сөйтсек, сұм соғыстың біз білмейтін біраз сұмдықтары бар көрінеді.

1970 жылы маршал И.С.Конев генерал-полковник Степан Кашкуринге өзі дайындаған құпия ақпаратты көрсетеді.       Ол құпия ақпаратта: «Соғыста барлығы 46 млн. 250 мың адам жараланған. Оның ішінде: бас сүйегі сынғандар 775 мың, бір көзінен айырылғандар 155 мың, екі көзі жоқтар 54 мың, бет сүйегі сынған 501 мың 342, мойны сынған 157 мың 565, ішек қарнының жартысы жоқтар 444 мың 46, омыртқасы сынған жүре алмайтындар 143 мың 241, жамбасы сынғандар 630 мың 259, жыныс мүшесі жұлынып қалғандар 28 мың 648, бір қолы жоқтар 3 млн 147, екі аяғынан айырылғандар 1 млн 121 мың, аяғы мен буынынан жұлынып кеткендер 418 мың 905, екі аяғы мен екі қолынан айырылғандар (ондайларды халық «самовар» деп атап кеткен) 85 мың 942 адам болған екен».

Мынандай сұмдық цифрларды оқи отырып: – Астапыралла! – демеске амалың қалмайды екен. Бұл дегеніңіз, қазіргі Қазақстан халқынан үш есе көп адам. Шамамен, Қырғызстандай жеті-сегіз мемлекеттің тұрғындарының саны.

Оларға тағайындалған жәрдемақының мардымсыз болғандығы сонша, тіпті бір айдың тамағына да жетпеген көрінеді. Сол себепті  олар Москва, Ленинград, Киев, Одесса, т.б. сол сияқты ірі қалалардағы  адамдар көп жүретін базар, дүкен, вокзал, т.б жерлерге барып қайыр тілеуге мәжбүр болған.

Ал 1949 жылы «Халықтар көсемі» И.В.Сталин 70 жасқа толғанын атап өту үшін Москваға дүниежүзінің көптеген елінен салтанатты шараға делегация келетін болады.

Міне, осы тұста «Жеңімпаз Совет солдатының» келбетін бұзатын мүгедектерден құтылу керек болды. Совет үкіметі оларды Карел-Фин АССР-нің Кириль-Белоозерск, Александр-Свирск, Горицк, Валаамский архипелаг-аралдарындағы қаңырап қалған монастырьға апарып тастайды. Қаңырап қалған монастырьды интернатқа айналдырғанмен ол жерге ешқандай жағдай жасалмаған болып шығады. Жылу жүйесі болмағандықтан тоңып қалмау үшін екі «самовар» адамды бір корзинаға салып, үстіне көрпе жаба салатын көрінеді. Мүгедектердің жүріп-тұра алатындары ол жерден қаша бастайды.

1951 жылдың 23 маусымында СССР Жоғарғы Кеңесінің «О мерах борьбы с антиобщественными паразитическими элементами» деген жабық Қаулысы шығады. Осылайша, соғыс кезінде фашистерді жеңіп, дүниежүзін құлдықтан құтқарған совет солдаты әп-сәтте «қоғамға жат паразитке» айналып шыға келеді.

Сол кездегі МВД министрі Сергей Кругловтың құпия бұйрығымен милиционерлер көпшілік орындарда «каталка» деп аталатын қол арбамен және балдақпен жүретін мүгедектерді «Тап беру» (облава) әдісімен машинаға тиеп, келген жағына күштеп жіберетін болған.

Міне, сізге ақиқат керек болса. Бұған: –  Астапыралла! – деп шошына қарағанымызбен, таңғалуға болмайды. Өйткені дәл осындай болмаса да, осыған ұқсас картинаға 2017 жылғы астанада өткізілген Халықаралық ЭКСПО-ның қарсаңында қазақ елі де куә болған. Ойдағы-қырдағы жұрт арнайы жасақтың ЭКСПО қарсаңында астана көшелеріндегі үйсіз-күйсіз жүрген қаңғыбастар мен әлгіндей «паразиттерді» жиып-теріп Көкшетау, Қарағанды қалаларына апарып тастағанын естіп-біліп жатты.

Әсілі, «Ақиқаттың жолы ауыр» деген сөз осындай көзіңді бақырайтып қойып болған оқиғаны бұрмалау мен ел арасына жалған ақпараттың таралуына қатысты немесе «ақты қара, қараны ақ» деп ақиқаттың өңін айналдырып кері насихатталуына қаратып айтылған секілді.

Сондықтан нақты ақиқатқа көз жеткізу, сол ақиқатқа сүйене отырып әлдекімдерге, әлденені дәлелдей білу,  ақиқатты айтып сап, айыптылардың көзін шұқып тұрып жасаған кінәларын мойындату көбіне-көп арман, қиял түрінде қала беретіндігі де, ақиқат жолының өте ауыр екендігінің бір дәлелі іспетті.

Осы айдарда

Back to top button