Қоғам

Неке бұзғандар көбейді

    Қазір қазақ отбасында ажырасу қалыпты жағдайға айналып бара жатыр. Ажырасу жағынан әлем бойынша еліміз оныншы орында тұр. Өкінішке қарай, неке бұзу көрсеткіші жыл сайын артып барады. Елімізде биыл 64 мыңға жуық неке тіркелсе, оның 29 мыңнан астамы ажырасқан. «Бақытты отбасы» қанатқақты жобасының нәтижесінде облыста ажырасу көрсеткіші он пайызға азайды.

Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, соңғы он жылда 1,5 млн. қазақстандық неке қиған. Осы уақыт ішінде жарты миллионнан астам ерлі-зайыпты ажырасып кеткен. Олардың көпшілігі – некеде бес-тоғыз жыл тұрған 30-34 жас аралығындағы азаматтар. Көбінде балалары бар. Ажырасу фактілері қалалық жерде көп тіркелген. Бүгінде некеге тұрушы ер адамдардың орташа жасы – 29, әйелдердікі – 26.

Шығыс өңірі бойынша биылғы сегіз айда 6 221 неке тіркеліп, оның 3 129-ы ажырасты. Демек, тең жартысы. Бұл – алаңдатарлық жағдай.

Ажырасқандардың ең жасы 20-да болса, ең егдесі 66 жаста екен. Мамандардың айтуынша, ажырасудың негізгі себептері: көзге шөп салу, баспананың болмауы сияқты тұрмыстық жағдай, қызғаныш, ғаламтор арқылы сөйлескендіктен, бірін-бірі дұрыс танымай асығыс үйлену.

Орталық қызметі тегін

«Бақытты отбасы» жобасын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен коммерциялық емес «Дағдарыстық орталықтар одағы» мемлекеттік грант аясында жүзеге асырады. Жобаның бастамашысы және серіктесі – Жоғарғы Сот.

-Елімізде соңғы бірнеше жылдан бері Жоғарғы Сотты жетілдіру жөнінде, соның ішінде отбасы және неке, ажырасу, мүлікті өзара бөлісу (балалары бар болған кезде) және тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерін шешу жөніндегі жеке отбасы сотын құру мәселесі қаралып жатқаны белгілі. Осы орайдағы тұңғыш жоба аясында бірқатар аймақта отбасылық сот құрылып, жұмыс істеуде. Жобаның негізгі мақсаты – еліміздегі ажырасу көрсеткішін азайту, кәмелетке толмаған балалардың мүддесін қорғау бағытында «Отбасы және неке туралы» Заңға өзгерістер енгізу үшін ұсыныстар дайындау, – дейді «Бақытты отбасы» ресурстық орталығының заңгері Татьяна Плотникова.

Биылғы маусым айынан бастап жоба аясында еліміздің сегіз аймағында отбасын ресурстық қолдау орталықтары ашылды. Бұл орталықтарда психолог, заңгер мамандарынан және әлеуметтік қызметшілерден тегін ақыл-кеңес алуға болады.

Отбасылық соттар мен отбасын ресурстық қолдау орталықтарының жұмыс тәжірибесі көрсеткендей, ерлі-зайыптылардың кейбірі орталықтағы психологтар мен заңгерлердің, медиаторлардың көмегімен татуласуға дайын. Осы мерзім ішінде Өскемендегі отбасын ресурстық қолдау орталығының көмегіне 579 адам жүгініп, заңгер мен психологтың жүйелі жұмысының нәтижесінде оның 26 пайызы, яғни 149 ерлі-зайыпты некелерін сақтап қалып, қайта татуласуға келіскен. Соның арқасында былтырғымен салыстырғанда ажырасу көрсеткіші 60-тан 50 пайызға азайып отыр.

Бұрынғыдай өздерінің үлгі-өнегесімен, ақыл-кеңесімен араздасқан екі жасты қосып жіберетін ақсақалдар, жеңгелер институты әлсіреп тұрған қазіргі заманда психологтың кеңесіне жүгіну – ұят нәрсе емес. Керісінше, осындай орталықтар азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен отбасы алдындағы жауапкершілігін арттыруға, серіктесін тыңдап, дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Ажырасуға әлеуметтік жағдай басты себеп пе?

– Ажырасуға көбіне екі жастың әлеуметтік жағдайының тең болмауы әсер етеді. «Екі бай құда болса, арасында жорға жүреді. Екі кедей құда болса, арасында дорба жүреді. Бай мен кедей құда болса, айырылыса алмай зорға жүреді» деп тегін айтылмаса керек. «Ішіме сыйған бала сыртыма да сыяды» деп, қыңқ етсе болды, еркелікпен төркіндеп келген қызын жібермей қоятын аналар да бар. Жас отбасылардың ортасына қажетті-қажетсіз әңгімелерімен киліге беретін енелер де жоқ емес.

Отбасының ұйып отыруына ұлт мәселесі де кедергі келтіруі мүмкін. Өйткені екі түрлі ұлттың менталитеті, талабы тең болмағандықтан, екі жастың мақсаты да бір болмайды. Алғашында ғашық болып қосылғанымен, уақыт өте келе бір шаңырақтың астында тұра бастағанда таңдап алған жарын басқа қырынан танып, көңілі қалып жатады. Отбасындағы ұрыс-керіс жас келіннің жаңа ортаға бейімделуіне кедергі келтіреді, – дейді «Бақытты отбасы» ресурстық орталығының психологы Нәзигүл Әбілқасқызы.

Осындайда Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова апамыздың: «Кез келген әйел ене бола алады, бірақ ана болу екінің бірінің қолынан келмейді. Келінді келген адам ретінде емес, ендігі жерде сол әулеттің ұрпағын өсіретін тұлға, өзінің өкшебасары ретінде қараса, бәрі дұрыс болады», – деген зейінді әңгімесі еске түседі.

Тағы бір түйткілді мәселе – тоқал алу. Бұрын ер адам екі-үш әйелді әулетін көбейту үшін немесе жесір, мүмкіндігі шектеулі әйелге қамқор болу үшін  алған. Қазір заң жүзінде рұқсат бермегенмен, жасырын жүрістен туған, ата-тегін білмейтін некесіз балалардың көбеюі қынжылтады дейді мамандар. Жуықта ресурстық орталыққа телефон шалған жас келіншек өзіне қол жұмсаудан басқа амалы жоқ екендігін айтқан. Үш баласы бар келіншектің айтуына қарағанда, күйеуі екінші әйел алмақшы. Психологтың екі-үш сағаттық әңгімесі мен ақыл-кеңесінің арқасында келіншек өзіне қол жұмсау райынан қайтты. Дегенмен, өкінішке қарай, кейбір еркектердің бір отбасын әупірімдеп әрең асырап отырса да, екінші әйел алуға деген құмарлығы өз отбасынан ажырауына себеп болып отыр.

Баланың тағдырына балта шаппаңыз

Қоғам көп жағдайда ажырасуда әйелдерді кінәлап жатады. Бірақ шыдамның да таусылатын кезі болады. Мәселен, маскүнемдік, әйелі мен балаларын ұрып-соғу сияқты тұрмыстық зорлық-зомбылық, жиып-терген үйдегі бар дүние-мүлкін құмар ойынға салу фактілері аз емес.

Ажырасудың тағы бір кең тараған себебі – виртуалды таныстықтан соң бір-бірін нақты танымай тұрып асығыс үйлену. «Жұмыстан үйге келсем, шашылған бөлме, кешкі ас дайын емес, әйел бір телефонда, бала бір телефонда әлеуметтік желіде отырады. Дастарқан басында да сол көрініс. Айтатын ортақ әңгімеміз, қызығушылығымыз жоқ» деп түсіндіреді ажырасу себебін кейбір жас жұбайлар. Ал олардың лимузинмен қыдырып, отшашу шашып, аста-төк тойға шығындаған несиесін байғұс ата-анасы төлейді.

«Бақытты отбасы» ресурстық орталығының үйлестірушісі Нәзигүл Ахметқалиеваның айтуынша, қазіргі қоғамда «сенсіз де өмір сүре аламын» немесе «өзім үшін тыныш өмір сүргім келеді» деген менмендік көзқарас басым болып бара жатыр. Соның да салдарынан толық емес отбасылар статистикада халықтың отыз пайызын құрап отыр.

Отбасын ресурстық қолдау орталықтары аптасына бес күн, 9.00-18.00 аралығында жұмыс істейді. Кеңес беру қызметі тегін. Байланыс телефоны 52-29-42. Мекенжайы: Гагарин бульвары, 20 және Қасым Қайсенов көшесі, 55.

 

    Қайрат пен Алма (есімдері өзгертілген) ұлдарының «Анашым, ажыраспай тұра тұрыңыздаршы, тым болмаса сабағым бітсін. Ертең достарым, сыныптастарым «әкесі жоқ», «әке-шешесі ажырасқан» деп мазақтайды ғой» деген өтінішіне қарамастан, «дәм-тұзымыз жараспады» деген жаттанды желеумен ажырасып тынды. Ата-ана бірнеше айдан бері жалынып жүрген баласының әлсіз психикасын емес, өздерінің қалауын жоғары қойды. Әке басы ауған жаққа кетті, ал анасы сол күні жұмыста еді. Түскі асқа үйіне келгенде, өзінің сабақ қарайтын бөлмесінде мойнына жіп салған өрімдей баласын көрді. Жан күйзелісіне бала шыдамады. Үлкендер ажырасуды ар санамайтын болар, тіпті екінің бірінің басынан өтуі мүмкін қалыпты жағдай деп қарайтын шығар, бірақ бала үшін бұл ауыр соққы, эмоционалды жарақат.

     Ажырасқан еркекке басқа әйел, ажырасқан әйелге бөтен еркек табылар, бірақ ортадағы балаға әке-шеше табыла ма, өгей әке-шеше туғанындай бола ма? Әттең, ажырасудағы ең ауыры – мыңдаған баланың тәлкекке түскен тағдыры.   

 

Психологтардан ерлі-зайыптыларға кеңес:

  • Бір-біріңізге ауыр сөз айтудан аулақ болыңыз. Себебі адам өзін қорлап айтқан сөзді ұмытпайды.
  • Проблемаларыңыз бен қиындықтарыңызды үнемі бір-біріңізге жүктеуден аулақ болыңыз. Адам шағымнан, жылап-сықтаудан, күн сайынғы құрбандықтарға барып жатырмын деген міндетсінулерден тез жалығады, шаршайды.
  • Мәмілеге келу. Отбасы – бұл бір шаңырақ. Түсіністік танытатын кезде, жағдайды саралап, барлығын ой елегінен өткізіп, екеуіңізге де тиімді болатындай шешім жасауға болады. Егер біріңізге құрбандыққа бару керек болса, барыңыз. Ол – сіздің отбасыңыз үшін жасалатын қадам.
  • Ренішіңіз болса, өкпеңіз қара қазандай болғанша үндемей жүре бермей, жұбайыңызға ашығын айтыңыз. Сөйлесу мен әңгімелесу жоқ жерде дұрыс отбасын құру деген – бос иллюзия. Себебі неке – ұзақ әңгімелесу.

Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button