Негізсіз талап қойған
Кәмал Естай
Зайсан аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі «Бастау Бизнес» жобасы бойынша гранттар беру жөніндегі конкурсқа қатысқысы келген кәсіпкерлерге негізсіз талап қойған. Оларға 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы хабарлама жолдап, белгілі бір банктен шот ашу қажет деген шарт қойылады. Алайда жеке кәсіпкерлер көп ойланбастан облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке шағымданыпты.
– «Кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларының» 53-тармағының 4-тарауына сәйкес, деректемелері бар банктік шот грант беру туралы оң шешімнен кейін үш жұмыс күні ішінде берілуі тиіс. Осылайша, бөлім мемлекеттік қызмет көрсету тәртібінің ережелерін бұзып, жасанды әкімшілік кедергілер тудырған, – деді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінде.
Осы мәселені талқылау қорытындысы бойынша облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Зайсан ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне нормативтік құжаттар талаптарын мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету және кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылуына жол бермеу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, өрескел бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.