Қоғам

Негізсіз қымбаттатуға жол бермейді

Ерлан БАПАНОВ, Тарбағатай

 Қоғамда «кез келген тауардың бағасын нарық өзі реттейді, әкімшілік ресурстар арқылы ауыздықтап тұру қиын шаруа» деген пікірлер де жиі айтылады. Дегенмен, қымбатшылық қарапайым халықтың қалтасына салмақ түсіріп, «шықпажанымшықпа» дегізіп  келе жатқаны жасырын емес.

Ең болмағанда, тұрғындардың күнделікті тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын жөн-жосықсыз жіберуге болмайды! Осы орайда, Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Дархан Амангелдіұлы бастаған мониторинг тобы,  Amanat партиясы аудандық филиалының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері бірлесіп, Ақжар ауылындағы сауда орындарын аралады. Олар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы, сапасы мен қамтамасыз етілуі бойынша қоғамдық бақылау жасады.

Бақылау барысында сауда орындарындағы халыққа қажетті өнімдер жеткілікті екендігіне көз жеткізді. Топ мүшелері кәсіп иелеріне азық-түлік бағасы тұрақты болуын, негізсіз қымбаттатқандар тиісті жауапкершілікке тартылатыны туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

  • Мобильді топпен Ақжар ауылдық округі бойынша рейдке шықтық. Мұндағы мақсат – аудандағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру. Оның ішінде азық-түлік дүкендері. Олар мемлекетпен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасасқан. Сол үшін әлеуметтік маңызды азық-түліктің үстеме бағасы 15 пайыздан аспауы тиіс. Ақжарда ірі, шағын кәсіпкерлік нысандарын араладық. Бірқатар кемшілік те көзге түсіп, біржолға ауызша ескертулер жасалды. Негізсіз қымбатшылыққа жеткізген ереже бұзу фактілері анықталса, құқықтық актілер тіркеледі. Дүкен иелерінен тиісті қағаздарын сұратып, тексердік, – дейді Тарбағатай аудандық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерік бөлімінің бас маманы Ілияс Серікұлы.

Айтуынша, кейбір дүкендерде күріш, қант секілді азық түрлерінің бағасы жазылмағандығы байқалған. Аудандық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімі мамандарының айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін саудалайтын барлық кәсіп иелері меморандумда көрсетілген баптарды сақтауы керек, белгіленген сауда қосымшасынан  бағаны негізсіз көтеру болған жағдайда  Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыстық департаменті арқылы айыппұл салынады.

Осы айдарда

Back to top button