Қоғам

Өнегелі жанұяларға өзгеше құрмет көрсетілді

Өнегелі жанұяларға өзгеше құрмет көрсетілді

Кеше Өскемендегі Металлургтердің мәдениет сарайында Елбасының бастамасымен жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Мерейлі отбасы» облыстық байқауының қатысушыларына арналған салтанатты шара өтіп, беделді де берекелі, алтын ұяға айналған отбасыларға құрмет көрсетілді. Ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу, отбасы мәртебесін көтеру, адамгершілік құндылықтарды насихаттау мақсатында өткен шараға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.
Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген тамаша сөз бар. Қазақстан деп аталатын ортақ Отанымыздың бірлігі мен ынтымағы – әрбір шаңырақтың берекелі тірлігінен бастау алатыны да ақиқат. Осы орайда облыс әкімдігінің қолдауымен жыл сайын өтіп келе жатқан осынау шараға өңірдің барлық аудандары мен қалаларынан келген 19 отбасы қатысты. Олардың барлығы да шаңырағына шаттық, жылылық пен мейірім ұялаған отбасылар. Жалпы отбасының қоғам өміріндегі маңызы туралы өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар да ерекше атап айтты.
¬ Мемлекеттің тірегі – отбасы. Отбасындағы жағдай тұрақты болатын болса, еліміздегі жағдай да тұрақты болады, – деген облыс әкімінің орынбасары қазіргі таңда аймақта отбасылардың игілігі үшін көп жұмыстардың атқарылып жатқанын да тілге тиек етті. Біздің өңірде 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің 99 пайызы балабақшамен қамтылған, бұл республика бойынша өте жоғары көрсеткіш. Аймақта барлығы 276 балабақша мен 500-ден астам шағын орталықтар бар және олардың қатары жыл сайын артып келе жатыр. Қазіргі күні мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында Өскемен мен Семей қалаларында тағы да 11 балабақшаның құрылысы жүргізілуде. Сондай¬-ақ, облыс әкімінің орынбасары облыста 12 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі ерекше балалардың бар екенін, олардың да жергілікті биліктің назарынан тыс қалмайтынын айтып, биыл Өскеменде осындай балаларға арналған арнайы мектеп интернаттың пайдалануға берілетінін жеткізді.
Бұдан кейін аудандық және қалалық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі басталды. Ең алдымен сахна төріне Өскемен қаласының атынан қатысып отырған Дырынбаевтар отбасы көтерілді. Отбасындағы сегіз баладан 21 немере мен тоғыз шөбере сүйіп отырған Қалдыбек ата мен Күлән әжені нағыз бақытты жандар деуге болады. Сондай-ақ, Үржар ауданынан келген Кебіспаевтар отбасы да қандай құрметке болмасын лайық. Медицина саласына елеулі үлес қосып отырған әулеттің Үржар өңірінде беделі жоғары, мерейі үстем көрінеді. Аталары Ошақбай Кебіспаев 1942 жылы майданға аттанып, Ленинград шайқасына қатысып, талай орден-медальдарды кеудесіне қадаған. Қазіргі таңда Үржар ауылында Ошақбай Кебіспаев атында көше де бар.
Зайсандық Құрманқожановтар отбасы да ерекше. Әулет иесі Закен Құрманқожанов ақсақал – Ұлы Отан соғысының ардагері. Ұзақ жылдар бойы Айнабұлақ ауылында ағаш шебері болып жұмыс істеген Закен ақсақал әлі де тың. Жұбайы Күлсім екеуі он бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, олардан тараған немере-шөберенің қызығын көріп отырған бақытты ата мен әже.
Ал аягөздік Әміреевтер отбасының көркін кіргізіп отырған Шарипа Шымырова – саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнаған педагог. Ауыл мектептерінде 40 жылдан астам уақыт ұстаз болған ақылман ана қазір зейнеткерлікке шыққаннымен, немере-шөберелерінің тәрбиесімен айналысуда. Сондай-ақ, осынау байқауға Абай ауданының Саржал ауылынан келген Тәтиевтер отбасын «ұстаздар әулеті» десе де болғандай. Отағасы Ержан өңірге аты танымал қолөнер шебері, мүсінші көрінеді. Бүгінде оның қолынан шыққан мүсіндер туған жердің көркін арттырып, ажарына ажар қосып тұр.
Жалпы, осынау салтанатқа жиналған отбасылардың барлығының да өнегелі, үлгілі істері жетерлік. Катонқарағайлық Қажаевтар, күршімдік Әбдешовтер, ұландық Смағұловтар, бородулихалық Ахметовтер, көкпектілік Хумырбековтер, риддерлік Илиевтер отбасыларының қай-қайсысының болмасын қоғамға тигізіп отырған пайдасы орасан. Ең бастысы, олар Отанын шексіз сүйетін, саналы да еңбекқор ұрпақ тәрбиелеуде. Ұрпақтар сабақтастығы дегеніміз осы болса керек.
– Бұл шара біздің облыста ғана емес, бүкіл республика көлемінде өтіп жатыр. Қазіргі заманда отбасының қадірін кетіріп алдық. Отау көтерген жастардың арасында ажырасу да белең алып, жиілеп барады. Сондықтан да бұл шараның негізгі мақсаты – үлгі тұтарлық отбасыларды насихаттап, жас ұрпақты отбасылық құндылықты сақтауға шақыру. Облыстың аудандары мен қалаларында өткен «Мерейлі отбасы» байқауына барлығы 62 отбасы қатысты. Соның 19-ы ғана бүгінгі облыстық шараға жолдама алып, осынау салтанатқа қатысу мүмкіндігіне ие болды. Барлығына да бағалы сыйлық пен грамота тапсырылды. Енді бір айдан соң облыс әкімінің шешімімен бекітілген облыстық комиссияның отырысында осы қатысушылардың арасынан республикалық «Мерейлі отбасы» байқауына қатысатын отбасыны анықтайтын боламыз, – дейді облыстық әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Раушан Мұстафина.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button