Қоғам

Өнебаевтардың ынтымағы өзгеге өнеге

Өнебаевтардың ынтымағы өзгеге өнеге


Алғаш жекешелендіру басталып, жұрттың көпшілігі өздеріне тиесілі үлестерін алып, «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» дәуірі басталғанда Нарын ауылдық округінің тұрғындары – Өнебаевтар әулеті де өзгеше күй кешкен. Отағасы Әділхан ақсақал ұлдарына өзі осы күнге дейін иеленіп келе жатқан ата кәсібін жалғастыруды ұсынды.

-Заман осындай сипат алды, – деді ол,- қол қусырып жатуға болмайтын кезең туды. Қазақ атам «Малдының беті – жарық, малсыздың беті – көн шарық» деген. «Еңбек етсең, емерсің» деген де бар. Шаруашылық беретін үлес пен қолда бар малдың басын құрап жекешелену керек.

Отбасындағы ағайынды жеті жігіттің үлкендері Меделхан мен Серікхан, Қуат бірден-ақ «Дидар» атты шаруа қожалығын құрды. Басшысы – Серікхан. Ауылдан онша қашық емес жердегі Бұтабай қыстауынан жер алып, мал қорасын салды. Мал асырау жігіттерге таңсық шаруа емес, ата-аналары Әділхан ақсақал мен Нұрақай ана кезінде Шыңғожа ауылының «жә!» деген малшылары болған. Жаз жайлауда, қыс қыстауда ата-аналарына көмектесіп, отар-отар қойдың бір шетіне шығысып жүретін олар бастапқыда мұны жеңіл көргені рас. Алайда, жігіттер жауапкершілік өз мойындарына түскен соң оның да өзіндік қиыншылықтары болатынына көз жеткізді. Осы қожалықтың былайша айтқанда, «отымен кіріп, күлімен шығып жүргендердің» бірі – жасы кішісі Қуат. Малдың санына да, оның күйіне де жауап беретін осы Қуат.

-Халқымыз ежелден-ақ үлкенді сыйлап, олардың алдынан кесе-көлденең өтіп көрмеген ғой. Шаруашылықты басқарып отырған Меделхан мен Серікхан ағаларымыздың айтқанымен жүріп келемін. Отбасым ауыл орталығында болғанымен, өзім сол Бұтабай қыстағына барып ағаларыма көмектесемін. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген емес пе, үнемі береке-бірлігіміздің ажырамауын тілеп жүреміз. Қазір қарамағымыздағы ірі қара мен Қамбар ата түлігін өз төлі есебінен өсіріп жатқан жайымыз бар, -дейді Қуат Өнебаев бізбен әңгімесінде.

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button