Қоғам

Не үшін жазықты болғандарын да білмеген

Не үшін жазықты болғандарын да білмеген

Өскемендегі облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Тарихтың ізімен» атты дөңгелек үстел өтті. Басқосуға өңірдегі этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобы, облыстық мемлекеттік және өлкетану мұражайларының қызметкерлері қатысты.
Дөңгелек үстел алдында «Мұрағат құжаттары дәлелдейді…» тақырыбындағы көрме ұйымдастырылды. Көрмені таныстырған мұражай қызметкерлері кеңес өкіметі өткен ғасырдың отызыншы жылдары, яғни, қызыл террор тұсында қазақ жерін нағыз халықтар түрмесіне айналдырғанын баяндады. Жазықсыз абақтыға қамалғандардың арасында сол кездегі саяси жүйеге қарсы шыққан тұлғалармен қатар, билікке қарсы ешқандай пиғыл танытпаған қатардағы ғылым мен мәдениет қайраткерлері де көп болды. Олардың бәрі де саяси қуғын-сүргінге ұшырады, тіпті, олардың балалары, әйелдері, отбасы мүшелері, жақын туған-туыстары да түрлі қудалаудан жапа шекті. Мұрағат мамандары қызыл қырғынға ұшырағандардың дені «халық жауы» деген жаламен сотталғандарын, орысша мүлдем білмейтін қарапайым жұмысшы қазақтардың тергеу ісі орыс тілінде жүргізілгенін, ал хаттамаларға олардың қолдары да қойылмағанын нақты мұрағат құжаттарымен дәлелдеп көрсетті. Бір сөзбен айтсақ, \”Халық жауы\” атанғандардың өздері де не үшін жазықты болғандарын білмеген.

Не үшін жазықты болғандарын да білмеген

Көрменің бір бөлігі қазақтан шыққан зиялы қауым өкілдеріне, «Алаш орда» партиясының мүшелері мен жақтастарына арналыпты. Жиналған көпшілікке мұрағатшылар Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Шәкерім Құдайбердіұлы, Мұхамеджан Тынышпаев, Әлімхан Ермеков, Халел Досмұхамедов сынды біртуар азаматтардың, ұлт қайраткерлерінің өмірі, еңбек жолы, саяси көзқарастары мен күрестері туралы жан-жақты ақпарат берді.
Жиынды ашқан облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығы директорының орынбасары Оксана Доценко сол бір нәубет жылдарда Қазақстанға бес миллионнан астам адам жер аударылғанын жеткізді. Олардың көбі сталиндік солақай саясаттың желеуімен сенімсіз деп танылған неміс, кәріс, поляк, қырым татарлары, кавказ халықтарының өкілдері болатын-ды.
Жиында сөз алған облыстық архив, мәдениет және құжаттама басқармасына қарасты «Мемлекеттік мұрағат» мемлекеттік мекемесінің директоры Түсіпхан Түсіпбеков келер жылы құрылғанына 100 жыл толатын «Алаш» қозғалысының, оның белді өкілдерінің қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу және нығаю жолында атқарған жанқиярлық еңбектері мен ерліктеріне жан-жақты тоқталып өтті.
Дөңгелек үстел барысында 1937-1939 жылдардағы террор тұсында бір миллионға жуық азаматтың қуғын-сүргінге ұшырағаны айтылды. Бүгінде облыстық ішкі істер департаментінің мұрағатында сол кезде ашылған саяси қуғын-сүргінге қатысты 17 мыңдай қылмыстық іс сақтаулы. Олар – сол кездегі Шығыс Қазақстан мен Семей облыстары аумағында тұрған азаматтардың істері.
Отызыншы жылдары Қазақ жері лагерьлер мекеніне айналды, одақ бойынша ең ірі деген «Карлаг», «Степлаг» және «АЛЖИР» лагерьлері біздің еліміздің аумағында орналасты. Одан бөлек, жер аударылған халықтардың басым бөлігі Қазақстанға көшірілді. Ал, енді сол лагерьлердің ішінде болып жатқан бассыздықтар, адам құқығын қорлау, жазықсыз жандарды жан төзгісіз азапқа салу, ұрып-соғу, зорлау деректері бір бөлек әңгіме.
Басқосуда сондай-ақ, Д.Серікбаев атындағы университеттің Қазақстан тарихы және құқық кафедрасы доценті, тарихы Галина Панковская сталиндік қуған-сүргін жылдарында «халық жауы» атанғандардың балаларына да түрлі шектеулер қойылып, өмірде үлкен кедергілерге тап болып отырғанын нақты мысалдар келтіре баяндады. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының тарихшы-маманы Альфия Бақбаева жазықсыз жазаланғандардың тағдыры, «Видергебург» неміс этномәдени бірлестігінің жетекшісі Евгений Шумахер «Еділ жағасы немістерінің жер аударылуы» тақырыптарында мазмұнды баяндамалар жасады.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button