Өндірістік жарақатты жасыру белең алып барады
Облыстағы ірі кәсіпорындарда, кен өңдеу, байыту нысандарында еңбек қауіпсіздігі сақталмай, жиі бұзылып келеді. «Востокцветмет» ЖШС кәсіпорны басшыларының салғырттығы мен жауапсыздығынан өткен мамыр айында ғана кеніштің үш бірдей жұмысшысы көз жұмды. Облыс прокуратурасының кеңейтілген алқа мәжілісінде облыс прокуроры Бағбан Таимбетов өндірісте өнеркәсіптік қауіпсіздікті сақтамай, өрескел бұзып отырған бұл кәсіпорын кеніштерінің жұмысын тоқтатуға тура келетін жағдай туып отырғанын мәлім етті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Қуат Тұмабаев қатысты.
Мәжілісте облыс прокурорының орынбасары Виталий Шабер «Востокцветмет» ЖШС кәсіпорнына осыдан екі жыл бұрын берілген ескерту, талаптың әлі күнге дейін орындалмай, соңы қайғылы жағдайға әкеліп соққанын баяндады. Кәсіпорынның Орлов кеніші басшылығына 2014 жылы кеніште шектен тыс көбейіп кеткен күкірт газын жою жөнінде ескерту жасалған. 2016 жылдың 27-мамыры күні осы кеніште болған қайғылы оқиға прокуратура тарапынан жасалған ол ескертпенің мүлде орындалмағанын көрсетіп берді. Жезкент өндірістік кешеніндегі Орлов кенішінің үш жұмысшысы күкіртті газдан уланып, табан астында көз жұмды. Бұл аталған кәсіпорын басшылығының ғана емес, еңбек, өндіріс қауіпсіздігінің сақталуына жауапты мемлекеттік органдардың немқұрайлылығынан, жұмыс істемеуінен орын алған оқиға.
«Востокцветметтің» Юбилейно-Снегирихинский кенішінде, Ертіс кенішінде де өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары сақталмай келеді. Ертіс кенішінде қолданылу мерзімі әлдеқашан біткен үш көтеру машинасы жұмыс істеп жатыр. Прокурорлық қадағалау шараларынан соң Ертіс кенішіндегі жекелеген жұмысшылар тобын анағұрлым жеңіл жұмыс жағдайына көшіру ұсынылғанымен, кезекті тексеру нәтижелері жұмысшылардың баяғыдай ауыр жұмыс жағдайында еңбек етіп жатқанын көрсеткен. Облыс прокуроры Бағбан Таимбетов «Востокцветмет» ЖШС-нен келген басшылардың бірі И.Даутовқа мәжілісте мәлім болған осы кәсіпорынға қатысты мәселенің бәрі қатаң түрде қадағаланып, қорытындысы талап етілетінін, тіпті, кәсіпорынды тоқтатуға дейінгі мәселе қойылатынын қадап айтып, тоғыз айдың қорытындысында нақты нәтиже шығаруды тапсырды.
– Өндіріс керек, бірақ адам өмірі, адам денсаулығы бәрінен қымбат. Юбилейно-Снегирихинский кенішінде өнеркәсіптік қауіпсіздіктің өрескел бұзылғандығын көрсеткен 16 факті тіркелген. Кеншілерде арнайы жұмыс киімі жоқ, жартылай жалаңаш күйде жүр. Ал сіз киіммен жабдықтап жатқандығыңыз туралы әңгіме қозғайсыз мұнда. Егер алдағы айларда жыл сайын өрескел бұзылып отырған кемшіліктердің бәрі жойылмаса, кәсіпорын жұмысы бірден тоқтатылатын болады, – деді облыс прокуроры серіктестік басшысына. «Казцинк» компаниясының тау-кен өндірісі жөніндегі атқарушы директоры Валерий Завьяловқа да осындай талап қойылды.
Облыс прокурорының орынбасары Виталий Шабер «Казцинк» компаниясының Риддер тау-кен байыту кешенінде де өндірістік қауіпсіздік шараларының сақталмай келе жатқандығын атап айтты. Быструшенск кенішінде тұрғын үй кеніш астындағы диаметрі 70 метрлік ойыққа, қуысқа түсіп кеткен. Егер кеніштерде пайда болған қуыстар, орлар толтырылып, жағдай жіті бақылауда тұрса, мұндай болар ма еді? «Өнеркәсіптік кәсіпорындар өз жауапсыздықтарын тию үшін тағы да апат, тағы да қайғылы оқиғалар қайталануы керек пе?» деген прокурор сөзі өкілетті органдар мен компания басшыларының жұмысын ширатса жақсы.
Ескі техниканы әлі сүйретіп жүр
Статистикалық деректер аймақта жыл өткен сайын өндірістердегі жарақаттардың азайып келе жатқандығын көрсетіп отыр. 2012 жылы 273 болса, 2015 жылы 54 өндірістік жарақат алу фактісі тіркелген. Алайда, бұл санның арғы жағында беймәлім болып өнеркәсіптік жарақаттарды, өндірістегі жазатайым оқиғаларды жасыру жағдайлары тұрғаны айтылды мәжіліс кезінде. Прокуратура органдарының соңғы бір ғана тексеруінің өзінде 27 өндірістік жазатайым оқиғаларды, өндірістік жарақатты жасыру фактісі анықталыпты, өндірістік жарақат алып, өздеріне келіп, алғашқы көмекке жүгінгендер туралы медициналық мекеме дәрігерлері, басшылары өкілетті органдарға, ешқайда хабарламай, жылы жауып қойған. Бұл фактілердің бәрі Семей қаласында тіркеліп отыр. Заң бойынша мұндай оқиғалардың бәрі жедел түрде хабарланып отырылуы тиіс. Өндірістік жарақат алу оқиғаларын тексеру құжаттарын жалған жасау, медициналық анықтамаларды бұрмалап, заңсыз шығару, өндірістік жарақаттар дәрежесін көпе- көрнеу төмендетіп көрсету – осының бәрі өңір кәсіпорындарында өндірістік жарақаттарды жасырудың белең алып бара жатқандығының айғағы болып тұр. Жұмыс беруші жұмысшылардың жұмыстан кетуін, жұмыста қалуын өз қолдарына беріп, өндірісте жүріп алған жарақатын жасыруға итермелеуде. Жұмысшы болса, ауруын жасырып, жұмыстан кетпеудің жолын іздеуде. Көптеген ірі кәсіпорындар науқас жұмысшылардан құтылуға асық, оларға әлеуметтік көмек көрсетуден қашқақтайды.
Тағы да сол «Востокцветмет» ЖШС Орлов кенішінде өткен жылы бір кенші орташа жарақат алған. Алайда, аудандық аурухана бұл өндірістік жарақатты да жасырып, тіркемеген, аудандық ішкі істер бөліміне хабарламаған. Бородулиха ауданының прокуратурасы осы өндірістік жарақатты жасыру фактісін анықтап, қазір тергеу жүргізіліп, шара қолданылып жатыр.
Тексеру кезінде «Востокцветмет» ЖШС Юбилейно-Снегирихинский кенішінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті өрескел бұзудың 16 фактісі анықталғанын мәлім еткен облыс прокурорының орынбасары Виталий Шабер сонымен бірге, кеніштегі құтқару техникаларының әлдеқашан істен шыққандығын, пайдалануға жарамайтындығын, төтенше жағдай кезінде жұмысшылардың шұғыл жер үстіне көтерілуіне мүмкіндік жасалмағанын, жобада көрсетілгендей, кеніште лифтің де орнатылмағандығын айтты.
Прокуратура қызметкерлерінің тұтынушылар құқығын қорғау, ұлттық сараптау орталығының мамандарымен бірлесе жүргізген тексерулері қауіпті жұмыс орындарында шу мөлшердегі қалыпты деңгейден өте жоғары, шаң рұқсат етілген шекті көлемнен әлдеқайда көптігін де анықтаған. Шаңға бөккен кеніштердің желдеткіштері дұрыс жұмыс істемейді, санитарлық, гигиеналық талапқа сай емес, суық әрі тымырсық жер астында кеншілердің өз отбасын асырау үшін осылайша жанкештілікпен жұмыс істеп жатқан жайы бар. Ал жұмысшылардың, кеншілердің жұмыс орындарын алдын ала тексеріп, аттестациялаудан өткізетін арнайы органдар, компаниялар оның бәрін көрмей, талапқа сай деген оңды қорытынды береді. Бұл көзбояушылықтар кәсіпорындар мен аттестациялау фирмалары, кәсіпорындары арасында өзара сөзбайласудың барын да білдірсе керек. Оның үстіне жұмыстың ауырлығы мен зияндылығын дөп басып, дәйектейтін еңбек эргономикасы, физиологиясы саласының мамандары да жоқ.
Қолданыстағы заң талаптарына сай қауіпті өндіріс нысандарының иелері ескі техникаларды жаңалап, жұмысшыларды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, өндірісті қауіпсіз технологияға көшіруі тиіс. Облыс прокуроры Бағбан Таимбетов «Востокцветметтің», өзге де кәсіпорындардың кеніштерінде орын алып жатқан өндірістік жарақаттар мен қайғылы оқиғалар осы талаптардың сақталмауынан, техникалық жарақтандырудың жоқтығынан болып отырғандығын атап көрсетіп, «Востокцветмет» басшылығына, тексеруші органдар өкілдерінің алдына заңбұзушылықтарды жоюдың, еңбек қауіпсіздігі жүйесін жақсартудың жоспарын жасауды талап етіп қойды. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша «Востокцветмет» ЖШС басшылары облыс прокуратурасы алдында есеп береді.
Кәсіби ауруларды қайтіп азайтамыз?
Шығыс Қазақстанда 252 химия, металлургия өнеркәсібінің субъектілері, 19 металлургия нысаны бар. 41 мыңнан астам адам зиянды өндірістерде жұмыс істеп жатыр. Облыс прокуратурасының кеңейтілген алқа мәжілісінде «Еңбек гигиенасы мен кәсіби аурулар ұлттық орталығы» республикалық кәсіпорны филиалының директоры Айжан Мұқажанованың айтқанындай, бүгінгі күні облыста 2,5 мың адам кәсіби аурулары бойынша есепте тұр. Олардың басым бөлігін тау-кен саласының жұмысшылары құрайды, 61 пайызы. Оларға негізінен радикулит, шаң бронхиті, тағы да басқа аурулар тән.
Кәсіби аурулар көбеймесе, азайып отырған жоқ. Оларды қалай азайтуға болады, не істеу керек, жиналыс сайын шыт жаңа етіліп айтылып қала бермек пе? Осы сауалды облыс прокуроры филиал директорына қойды. Филиал ауруларды ерте бастан анықтап, кәсіби ауруларды асқындырмаудың амалын қарастырып бағуда. Бірақ бұл алдын алу шараларын өткізу қажеттігі туралы ұсыныстың өзіне компаниялар құлақ асып отырған жоқ көрінеді. Жұмысшылардың ауруға ұшырауы, ұшырамауы жұмыс орындарының жағдайына, қауіпсіздігіне, жұмыстың зиянды әсеріне тікелей байланысты дейді маман.
Сол жұмыс орындарының талапқа сай болып, еңбек қауіпсіздігінің сақталуына тікелей жауапты мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатовтың, өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің басшысы Абылайхан Закирьяновтың, тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Ғазез Сүлейменовтің, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанғазы Әліпбаевтың жұмыстарындағы шалағайлықтар мен кемшіліктерді атап айтқан облыс прокуроры Бағбан Таимбетов бұл басқармалардың да еңбек қауіпсіздігінің сақталуына қатысты атқарған шараларынан шығарған нәтижелері тоғыз айдың қорытындысында тыңдалатынын ескертті.
Жанаргүл Көкенай