Экономика

Өндірістік кооперативтің өрісі кеңейіп келеді

Ғаббас Ибраев жетекшілік ететін «Ибраев+К» өндірістік кооперативінің жанынан «Игеру» деп аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрылды. Кәсіпкер қымыз ұнтағын шығарып, алыс-жақын шетелдерге жөнелтумен айналыса бастаған еді.

Өндірістік кооперативтің өрісі кеңейіп келедіОл тағы бір тамаша бастаманы қолға алып отыр. Жаңадан ашылған «Игеру» ЖШС пойыздар мен автомобильдер үшін таптырмайтын қосалқы бөлшек, нақтылап айтсақ, тежеуіш қалыбын шығарумен айналысады. Кәсіпорынның құрылысына бір миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. Бұл кәсіпорынға жұмсалған қаржы тез арада ақталады. Себебі, бұған дейін әлгіндей қажетті қосалқы бөлшек сонау Украинадан тасымалданып келген. Енді отандық өнім ретінде арзан бағаға шығарылатындықтан, тапсырыстар жағы көбеймек.

Жаңа кәсіпорынға француз құрал-жабдығы орнатылған. Мұның өзі бағасы арзан, оның есесіне сапалы өнім шығаруға жол ашып отыр. Отандық өнім Ресей мен Еуропа темір жолында да пайдалануға әбден жарамды екен. Әзірге кәсіпорында жылына мұндай өнімнің 500 данасын шығаруға мүмкіндік бар. Жаңа кәсіпорында 40 адам еңбек етуде. Кәсіпорындағы жұмыс түрлері жаңа технологияға негізделгендіктен, сапа да жоғары.

«Игеру» ЖШС өнімдерін «Қазтеміртранс» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ сияқты көптеген мекемелер қолданысқа енгізбек. Иә, «Ибраев+К» өндірістік кооперативінің негізінде құрылған «Игеру» ЖШС тиімді кәсіпорын болды. Осындай жетістікке жетудің өзіндік сыры бар. Ғаббас Ибраевтың бастамасымен ең алғаш рет «Қазақстан темір жолы» РМК жүйесінің өзгеруіне байланысты Семей станциясының вагон депосы базасы негізінде халық шаруашылығы жүктерін тасымалдайтын жылжымалы құрамды жөндейтін өндірістік кооператив құрылады. Қазіргі таңда өндірістік кооперативте бірімен-бірі тығыз байланыста жұмыс істейтін жеті цех бар.

Еңбек адамдарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары ескеріліп, медициналық емделудің 100 пайызын, тамақтанудың 70 пайызын кооператив өз есебіне алған. Орташа айлық жалақы да жыл сайын көтерілуде. Айта кету керек, «Ибраев+К» республика бойынша теміржол саласында вагон жөндеу мекемелері арасындағы көшбасшы болып табылады. Сол себепті, кооператив базасында бірнеше мәрте осы салаға қызмет ететін зауыттардың өкілдері мен мамандарының қатысуымен тәжірибе алмасу мақсатында семинарлар өткізілген.

Теміржолшылардың спорттағы, салауатты өмір салтын ұйымдастырудағы жаңалықтары да жоқ емес. Семейдегі «Ибраев+К» кооперативінің ұжымы жаңа футбол алаңына қол жеткізді. Теңбіл допқа құмар теміржолшылар ұйымшылдық әрі табандылық танытып, екі айдың ішінде футбол талабына сай алаңды салып шығыпты.

Алдағы уақытта Семей тасымал бөлімшесіне қарасты депо, локомотив, дистанция ұжымдары арасында командалық кездесулер өткізілмек. Еңбек пен демалысты қатар қоя білген кәсіпорын шағын және орта кәсіпкерлік санатындағы «Үздік әлеуметтік жауапкершілігі бар кәсіпорын» аталымы бойынша «Парыз – 2012» қола мүсініне ие болған.

Өндірістік кооператив әлеуметтік шараларға өткен жылы 20 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсаған екен. Қаладағы бес мектеп пен қос бірдей балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, дарынды балаларға қамқорлық танытуды кооператив мойнына алған. Сондай-ақ, «Теміржолшы» бассейні мен «Фитнесс клубын» біріктірген сауықтыру орталығын ашқан. Жақында түрік технологиясымен 22 түрлі нан өнімін өндіретін кондитерлік наубайхананы да пайдалануға берді. Семейдегі шағын және орта бизнестің дамуына үлес қосып жатқан кәсіпорын ұжымы алдағы уақытта жаңа белестерге шығамыз деп отыр.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button