Өндірістің өркендеуіне ешқандай кедергі болмайды

Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВПЕН бірге еліміздің Өңірлік даму министрі Болат ЖӘМІШЕВ Зырян ауданындағы бірқатар өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарда болды. Алдымен Серебрянка бейорганикалық бұйымдар өндірісі зауытында болып, кәсіпорынның қазіргі тыныс-тіршілігімен танысты.
Аталған зауыт – еліміздегі адамның тыныс алу жолдарына арналған қорғаныш заттарды және ауаны тазартатын өнеркәсіптік сүзгілерді шығаратын бірден-бір кәсіпорын. Қазір бұған қоса күнделікті тұрмысқа қажетті түрлі пластмасса өнімдерін де шығарып жатыр.
Серебрянка қаласының әкімі Сергей Гордиенко банкроттыққа дейін кәсіпорынның айналым капиталы миллиард теңгеге дейін жеткен болса, қазір 20 млн. теңгеден әрең асатынын айтады.
– Мұндағы негізгі мәселе үкіметтік деңгейдегі бюрократиялық кедергілерге байланысты болып отыр. Сонымен қатар, дәл осындай зауытты Көкшетауда салу жоспарлануда. Тек қана қаржыландыруды қажет ететін, барлық өндірісі дайын кәсіпорын тұрғанда дәл сондай тағы бір зауыт салудың қаншалықты қажеттілігі бар, – деді облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ министрге мұндағы ахуалды кеңінен түсіндіріп.
Бүгінде мұндағы екі цехта жиыны 130-дай ғана адам мардымсыз жалақыға еңбек етуде. Тапсырыстар тек облыстағы «ҮМЗ» АҚ мен «Қазцинк» ЖШС-нен ғана түседі екен.
Облыс басшысы зауыт жұмысына қатысты жағдайларды министрге баяндай келе, кәсіпорын «Қазақстан Инжиниринг» АҚ-ның қамқорлығына алынысымен толық көлемде жұмыс істеуге көшуі керектігіне, тек коммерциялық корпорация үшін ғана емес, мемлекеттік тапсырыстарды да көптеп орындауы керектігіне жиналғандардың назарын аударды. Өз кезегінде министр мәселені шешуге өзі тікелей араласатынын жеткізді.
– Мен үшін ең бастысы, «Қазақстан Инжиниринг» жұмыс істеуге дайын болуы керектігі. Қалған мәселелердің шешімі табылады деп есептеймін. Үкіметтегі банкроттық жөніндегі қаулының тезірек шығуына және қағазбастылықты тезірек реттеуге нақты көмектесе алатынымды айтқым келеді, – деді Болат ЖӘМІШЕВ.
Сондай-ақ, Өңірлік даму министрі шағын қалаларды дамыту мақсатында мемлекеттен бөлініп жатқан гранттар мен шағын несиелер туралы сөз қозғап, қаланың инфрақұрылымын дамытуға, инженерлік жүйелерді жаңартуға, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға қаржылай қолдаулар болатындығын атады. Сондай-ақ, Серебрянка қаласының әкімі С.Гордиенкодан шаһардың даму келешегі туралы, мұндағы бос тұрған көпқабатты үйлердің қанша екендігін сұрады.
– Ондай үйлердің саны бесеу. Олардың екеуін бұзуға шешім шығарылса, қалғандарын коммуналдық меншікке беру бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деді қала әкімі.
Болат ЖӘМІШЕВ бұл мәселеге орай барлық құжат жұмыстарына өте жауапкершілікпен қарауды, аталған үйлер жөндеуден өткен соң оларға қоныстанатын адамдарда мәселелер туындамауы керектігін ескертті. Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ аталған мәселеде ешқандай сұрақтар туындамайтындығын, осы уақытқа дейін өңірде ондай жағдайлардың бәрі оң шешімін тапқанын, барлығы да заңдық нормалар аясында жүзеге асырылатынын жеткізді.
Кәсіпорын өз қарыздарын толық өтей алмақ
Мұнан кейін Зырян қаласына ат басын тіреген министр «Теплоцентраль» мемлекеттік кәсіпорнына қарасты аудандық орталық қазандықтың жай-күйімен танысты. Кәсіпорын басшысы Николай Рыльский мекеменің бүгінгі таңда қордаланып қалған мәселелері турасында баяндап, оларды шешу бағытында нендей шаруалардың қолға алынғандығын мәлім етті.
Қазіргі уақытта аталған кәсіпорынның табысынан шығыны басым болып тұрған жайы бар. Жылу беру энергияны көп қажет ететіндіктен, электр энергиясының қымбаттауына орай қарыздар үсті-үстіне жинақталуда. Тек 2013 жылдың өзінде ғана шығындар 74 миллион теңгені құраған. Алайда, облыс басшылығы бұл күрмеуі қиын мәселенің де шешімін тапқандай. Зырян ауданында осыдан үш жылдай уақыт бұрын «Қаланың аудандық қазандығына екі турбогенераторды орнату және №5 қазандықтың құрылысын аяқтау» жобасы әзірленген болатын. Ол іске қосылысымен моноқаланың өзінің шағын жылу-энергия орталығы пайда болмақ. Облыс әкімінің айтуынша, қазандық 6 МВт-қа дейін арзан энергия өндіре алады. Ал аталмыш коммуналдық мекеменің барлық сұранысы бар-жоғы 3 МВт-ты құрайды. Демек, артық өндірілген энергияны сату арқылы пайда тауып, жоғарыда аталған шығындардың орнын толтыруға әбден болады.
Министр өз кезегінде егер мұндай жоба қолға алынып жатса, оның түпкілікті мақсаты – кәсіпорынның алда шығынсыз жұмыс істеуі болуы керектігін ескертті. Дәл осындай мақсат Зырян қаласының алдына да қойылып отырған жайы бар. Аталмыш жоба облыстағы бірден-бір нысан болғандықтан, облыс басшылығының тікелей бақылауында. Соңғы екі жылдың көлемінде бұл жобаны жүзеге асыруға 1,4 млрд. теңге қарастырылған. Қазіргі таңда №5 қазандықтың жылу механикалық бөлігі және қазандықтың қосымша қондырғылары құрастырылып жатыр. Енді бақылау-өлшегіш құралдарын, автоматты басқару жүйелерін құрастыруға кезек келмек. Сонымен бірге турбогенераторлар орналастырылатын ғимараттың металл құрылымы тұрғызылып, құрылысы толық қарқынмен жүруде. Турбиналар болса арнайы тапсырыспен әзірленіп, дайындалған зауытында сақталуда.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, қазандықты шағын жылу-энергия орталығына айналдыру үшін тағы да бір млрд. теңгеге жуық қаражат қажет. Қазіргі кезде жобаның екінші бөлігінің құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өтуде. Болат ЖӘМІШЕВ сараптамадан өтіп болғасын қажетті қаржы көзі 2015 жылы қарастырылатынын, қолға алынған жобаны аяғына дейін жеткізуге ешқандай кедергінің болмайтындығын атады.
Бұларға қоса Николай Рыльский жылу жүйесінің тозып тұрғандығын айтып, жаңа күл қайырмасының құрылысын жүргізу керектігін алға тартты. Ескісі сонау 80-ші жылдардың ортасында іске қосылып, бүгінде тоқсан пайыз тозған көрінеді.
Зырян еліміздегі моноқалалардың қатарын толықтырғалы бері шаһарда былтырдан бастап жылу жүйелерін жаңалау басталған. Барлығы сегіз шақырымға таяу жылу трассасын ауыстыру жоспарлануда. 2013 жылдың көлемінде кварталішілік жүйелер жөнделсе, биыл магистральді құбырлар бөлігіне жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Сондай-ақ, министр Болат ЖӘМІШЕВ Зырян қаласында моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша жүргізілген шаруалардың барысымен кеңірек танысып, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуда атқарылып жатқан жұмыстарды аралап көрді. Қаладағы Каюпов көшесінде болып, жөндеу жұмыстары жүріп жатқан екі қабатты тұрғын үйдің жөндеуімен танысты. Баспана толықтай жөндеуден өтіп, шатыры жаңаланып, қасбеті қалпына келтірілуде.
Зырян қаласының әкімі Лариса Гречушникованың айтуынша, осындай үйлерді жөндеуден өткізу үшін жөндеу жұмыстарының күрделілігіне орай шамамен 6-20 млн. теңгенің аралығында қаржы жұмсалады екен.
Зырян ауданының әкімі Ермак Сәлімов алғашқы кезеңде негізгі қиындықтар тұрғындарды өздерінің баспаналарын жөндеуге көндіруде, тиімділігін түсіндіруде болғандығын айтады. Ал қазірде ондай мәселе жоқ, тұрғындар бағдарламаның қажеттілігін түйсініп, баспаналарын жөндетуге ниет білдіргендер саны артқан. Қазірдің өзінде 21 үйден тапсырыс келіп түссе, әзірге оның 10-на ғана қаржы бөлінген. Сондықтан бұл мақсатта ауданға бөлінген қаржылар игерілмейді деп қорқуға негіз жоқ, бағдарлама қатысушылары мемлекетпен есеп айырысу жоспарын алдын ала 30 пайызға артығымен орындауда.

Сонымен бірге, Зырян қаласын аралау барысында аудан әкімі министрге аудан дамуының кешенді жоспарын жүзеге асыру, моноқалаларды дамыту бағдарламасының нәтижелері, қаланы көктемгі су тасқынынан қорғау жобалары туралы ақпараттар берді. Әрі олардың жүзеге асырылуы қаланың күрмеуі қиын көптеген мәселелерін шешуге мүмкіндік беретінін жеткізді. Министрмен болған әңгіме барысында сонымен бірге, абаттандыру, шағын және орта кәсіпкерлікті өркендету мәселелері кеңінен айтылды. Мәселен, моноқалалардың жергілікті кәсіпкерлері пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау мүмкіндігін пайдалануда белсенділік таныта алмауда. Нәтижесінде кепілдік заттар қоюда қиындықтар туындауда. Олардың ішінде көп сұранысқа ие болып отырғандары шағын несиелеу мен гранттық қаржыландырулар болып отыр. Болат ЖӘМІШЕВТІҢ айтуынша, бұл мәселелер бұған дейін белгілі болған және алдағы уақытта шешімін табатын болады.
Құрылыс жұмыстарының қарқыны ойдағыдай
Өңірлік даму министрі Болат ЖӘМІШЕВ Өскемен қаласының 19-шы ықшам ауданында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын көріп қайтты. Министрді аумағы күн санап өсіп келе жатқан ықшам ауданның бас жоспарымен және бүгінге дейін пайдалануға берілген нысандармен облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ таныстырды.
Қазір үлкен құрылыс алаңына айналған ықшам ауданда ондаған жаңа нысан бой көтеруде. Онда оңтүстік магистраль, К.Маркс пен І.Есенберлин көшелерінің бойындағы тұрғын үйлер, мектеп пен денсаулық сақтау мекемелері биікке бой созып келеді. Сондай-ақ, жақын уақытта бұл аймақта жаңа саябақ та орын теппек. Ендігі кезектегі күн тәртібіне ықшам аудан көшелеріндегі жолдарды асфальттау мәселесі шығып отыр. Бұл әсіресе, Ілияс Есенберлин көшесіне қатысты екен.
– Қазір ықшам ауданда 27 ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Биыл оның 13-і пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жыл соңына дейін бір мың орындық қазақ мектебі есігін айқара ашпақ. Жалпы, құрылыс материалдары мен техника жағынан ешқандай қиыншылық көріп отырған жоқпыз. Дегенмен, кейбір нысандарда жұмыс күші жетіспеуде. Қазір әсіресе, тас қалаушы сияқты мамандарға зәру болып отырған жайымыз бар, – деп министрді ықшам ауданның бас жоспарымен таныстырған облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қазір құрылыс ісінің мамандарын дайындау бағытында жергілікті жоғары оқу орындарымен жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Ал облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Серік Төленбергенов аймағымызда бүгінге дейін атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы қысқаша айтып берді. Оның мәлімдеуінше, үстіміздегі жылдың төрт айына жоспарланған жұмыс 159 пайызға орындалып, 74 мыңнан астам шаршы метр пайдалануға берілген. Биыл облысымызда 72 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталмақ. Бүгінде олардың жобалық-сметалық құжаттары әзірлену үстінде. Сондай-ақ, 65 тұрғын үй жөндеуден өткізіліп, бұл мақсатқа 590 млн. теңге көлемінде қаражат жұмсалмақ. Бұған қоса, 2014 жылы тағы 38 көпқабатты үйдің энергиялық аудитін жүргізуге 13 млн. теңге бөлінбек.
Облыс әкімі мен министрге биылғы төрт ай ішінде атқарылған шаруа жайында Өскемен және Семей қалаларының басшылары да біраз мағлұмат беріп өтті.
Министр аймақтағы елді мекендердің ауызсумен қамтылуы жайын сұрады. Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Шығыс Қазақстандағы ауылдар мен қалалардың 84 пайызы таза ауызсумен қамтылғанын, Үржардан өзге ауданның барлығында су тапшылығы проблемасының түпкілікті шешім тапқанын жеткізді.
– Ықшам аудандағы құрылыс жұмыстарының қарқыны мен сапасы ойдағыдай. Ең бастысы, жаңа ғимараттарды сумен, жылумен және электр энергиясымен қамту жағы мұқият ойластырылыпты. Дегенмен, ықшамауданның аумағы кең болғандықтан ба, ғимараттардың бір-бірінен алыс, шашыраңқы орналасқаны ой туғызады. Алдағы уақытта жерді ұқыпты пайдалануға жіті мән берсеңіздер деген ұсыныс бар, – деді Болат ЖӘМІШЕВ.
Өзекті мәселелер шешімін табады
Өңірлік даму министрінің жұмыс сапары облыс экономикасын өркендету мәселелеріне арналған мәжіліспен аяқталды.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қысқаша тоқталып өтті. Оның айтуынша, биылғы алғашқы тоқсанның қорытындысы өсу қарқынының сақталғанын байқатады. 2012 жылдан бері өңірімізде ауылдық елді мекендерді барынша жайлы ету, оларға тұрғындарды көптеп тарту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Ауылдарды қайта түлету ісі «Жол картасы» және «Тірек ауыл» бағдарламалары аясында жүзеге асырылып келеді.
Бүгінгі таңда тірек елді мекендерде 6 мыңнан астам шаруа қожалығы, сонымен қатар, бір жарым мыңдай шағын және орта бизнес нысаны жұмыс істеп тұр. Ең басты мәселе – аталмыш ауылдардағы жолдар мен су құбырларының әбден ескіріп, тозғандығы. Бұл проблеманы шешу үшін жалпы сомасы 9 миллиард теңгеден асатын бірқатар жобалар қолға алынған. Осы ретте қосымша 1900 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.
Шығыстағы төрт моноқаланы дамыту бағытында алты зәкірлік жоба қарастырылған-ды. Бұрынғы өндіріс орындарын қалпына келтірумен қатар, шағын шаһарлардағы кәсіпкерлікті өркендету жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Бұл бағытта кішігірім бизнес құрылымдар мен ірі қалатүзуші кәсіпорындар арасында ұзақмерзімді әрі өзара тиімді келісімшарттар жасалыпты.
Шар, Шемонайха, Аягөз сынды моноқалалар бағдарламасына енбеген шағын шаһарларда да біраз мәселе қордаланған. Аталмыш қалаларда іске асырылатын жаңа жобаларға 2,7 миллиард теңге бөлу жоспарлануда, бұл бастамалар тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға өз септігін тигізуі шарт.
– Тұрғындардың көшуін тоқтату мақсатында шекаралық аумақтарды дамыту бағдарламасы да әзірленді. Ол аумақтарда қазіргі кезде облыс халқының отыз пайызы тұрып жатыр. Бұл бағдарламада экономиканы әртараптандыру ісіне жіті көңіл бөлінген. Әсіресе, өндіріс пен қайта өңдеу салаларын дамыту, жаңа коммуникациялық және логистикалық орталықтар ашу жобалары жүзеге асырылуда, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Құрылыс саласында министрдің қолдауын қажет ететін бірнеше мәселе жинақталған. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша облыста сегіз үй мен бір отбасылық жатақхана салынып жатыр. Алдағы уақытта тағы он үш тұрғын үйдің құрылысын бастау көзделуде. Алайда, қазір осы үшін бюджетте қаржы жеткіліксіз болып отыр. Атап айтсақ, бұл мақсатқа шамамен 8 миллион теңге қаражат керек.
– Тұрғындардың бапанаға деген сұранысы ұдайы өсіп келеді, осыған орай тұрғын үй кезегіндегі азаматтар саны да көбеюде. Аталған мәселеге байланысты біз келесі жылға арналған құрылыс саласын қаржыландыру лимитін біршама ұлғайтуды сұраймыз, – деді осы ретте Нұрымбет Сақтағанов.
Мұнымен қоса, Зырян қаласының қазандығы 1,3 миллиард теңге мөлшеріндегі қосымша қаржыландыруды талап етеді. Үстеме қаржы құймай, Семейдегі тұтынушыларға да алдағы уақытта жылуды толық жеткізу мүмкін емес. Бұл қаладағы құбырлардың әбден тозығы жеткен. Алдын ала есептеулерге сүйенсек, шаһардың жылу желілерін жаңалау үшін 12,6 миллиард теңге қаржы қажет.
– Біз облыс әкімімен бірге Семей қаласының жылумен қамту жүйесін жаңарту жобасына қол қойдық. Шығыс Қазақстанда бұл қанатқақты жоба болады. Оған сәйкес, жылу беру кәсіпорны тұтынушылар алдындағы өз міндеттерін толық көлемде орындауы тиіс. Мемлекет қазынасынан Семейдің жылумен қамтамасыз ету жүйесіне, яғни, ұсақ тиімсіз қазандықтарды жауып, жылу желілерін жөндеуге қомақты қаржы бөлінген, – деді министр Болат ЖӘМІШЕВ.
Өңірлік даму министрі, сондай-ақ, Семей қаласын сумен қамтитын кәсіпорынды да шығынсыз жұмыс істеу деңгейіне көтеруге ниетті. Ал шағын шаһарларға келер болсақ, Болат ЖӘМІШЕВТІҢ пайымынша, олардағы кәсіпкерлік саласының дамуы көңіл көншітпейді. Осыған орай Үкімет несиелендіру жүйесін қайта қарастырмақшы.
Министр құрылыс саласындағы лимит көлемін ұлғайтудың еш қисыны жоқ деп санайды. Қаржының жетімсіздігіне республикалық деңгейдегі шектеулер емес, жергілікті атқарушы органдардың салғырттығы себеп болып отыр. Олар жобалық-сметалық құжаттаманы дер кезінде өткізбейді, нәтижесінде бюджетке аталмыш шығындар енбей қалады.
– Өңірдегі барлық өзекті мәселелерді егжей-тегжейлі қарастыратын боламыз, бірақ көп жайт қаржыландыру көлеміне байланысты екенін ескертемін, – деді министр.
Ал облыстық мәслихат депутаты Олег Чернышов өңірімізде жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселесіне арналған көшпелі үкімет отырысын өткізуді ұсынды. Өңірлік даму министрі аталмыш ойды қуаттап, алдағы уақытта шешімін айтатынын жеткізді.
Дәурен Аллабергенұлы,
Нұржан Кенжеұлы,
Ержан Әбіш