Өндірісті өңірдің өрісі кең
Премьер-Министр Бақытжан САҒЫНТАЕВ екі күндік жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысында болды. Айта кетейік, бұл – Елбасы тапсырмасы бойынша Үкімет басшысының еліміздің өңірлеріне жасап отырған алғашқы жұмыс сапары. Үкімет басшысы Бақытжан САҒЫНТАЕВ облыс әкімі Даниал АХМЕТОВПЕН бірге облыстағы бірқатар нысандарды аралап, кездесулер өткізді.
Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының аймақтағы ірі өнеркәсіптік-индустриялық және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында, денсаулық сақтау және білім беру нысандарында жүзеге асырылу барысымен танысу мақсатында арнайы келген Үкімет басшысы жұмыс сапарын Аягөз ауданында орналасқан Ақтоғай кен байыту комбинатынан бастады.
KAZMinerals тобының басқарма төрағасы Олег Новачук Үкімет басшысына жаңа өндіріс туралы және посткеңестік аумақтағы ірі кеніштің соңғы жетістіктері жаяында баяндады
Ақтоғай – ашық типтегі мыс кеніші. Ол Аягөз ауданындағы Ақтоғай кентінің маңында орналасқан және әлемдегі ең ірі мыс кен орындарының қатарына кіреді. Оның құрамында кеннің екі түрі бар – тотыққан және сульфидті кендер. Жобаның күрделі шығындары 2,1 млрд. долларды құрайды деп көзделген және ол топтың тағы бір өркендеу жобасы – Павлодар облысындағы Бозшакөлге ұқсас.
Бақытжан САҒЫНТАЕВ Ақтоғай карьерінде болып, мұндағы тау-кен жұмыстарының барысымен танысты. Кен өндіру жұмыстары 2015 жылдың екінші тоқсанында басталған. Сол уақыттан бастап 2016 жылғы 31 желтоқсанға дейін Ақтоғайда 19,1 млн. тонна кен, оның ішінде 2016 жылы 16,1 млн. тонна өндірілді. Сонымен қатар, Премьер-Министр тазалығы 99,99% құрайтын катодты мыс өндіретін тотыққан кендерді қайта өңдеу кешенін және ақпан айында алғашқы тауарлы мыс концентратын өндірген сульфидті кендерді қайта өңдейтін кен байыту фабрикасын аралады.
2016 жылы Ақтоғайда катод эквивалентіндегі 18,1 мың тонна мыс (жалпы топ бойынша– 140,3 мың тонна) өндірілді. 2017 жылы Ақтоғайда 20 мың тонна катодты мыс пен 45-65 мың тонна концентратты мыс өндіру жоспарланған.
KAZMinerals басшысы Олег Новачук Ақтоғай тау-кен байыту кешеніндегі соңғы ілгерілеу туралы айтып берді. Тотыққан кенді қайта өңдейтін кешен коммерциялық өндіріс деңгейіне 2016 жылғы 1 шілдеде жетті. Сульфидті кендерді қайта өңдейтін кен байыту фабрикасындағы іске қосу-реттеу жұмыстары 2016 жылы 6 желтоқсанда басталды. Қазір мұнда жабдықтарды баптау жұмыстары жүріп жатыр. Ақтоғайдың табысты іске қосылуына Бозшакөл тау-кен байыту кешенін салу мен іске қосу кезіндегі жинақталған тәжірибе, қазақстандық және қызмет көрсету компанияларының арасында жұмыстарды бөлу игі ықпал етті. Шарықтау шегінде мұнда 40-қа жуық кәсіпорын жұмыс істеді.
Жоспар бойынша сульфидті кендерді қайта өңдейтін Ақтоғай кен байыту фабрикасы 2017 жылдың екінші жартысында өндірістің жобалық деңгейіне жетеді. Ақтоғайдағы тотыққан кендерден мыс өндіретін кешен бүгінгі күні қуатын 100% пайдаланып отыр.
Ақтоғайдағы өндірісті қолдау шығындары 2017 жылы 20 млн. долларды құрайды деп жоспарланған. Өндірісті кеңейтуге арналған күрделі шығындар 265 млн. доллар көлемінде көзделген. Бұл қаражат жобаның құрылысын аяқтауға жұмсалады.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында міндеттеген жаңа технологияларды өндіріске енгізу бағытында өңірде батыл әрі қарқынды жұмыс істеп келе жатқан мекемелердің бірі – «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС. Глубокое ауданында орналасқан шаруашылық тек дәнді дақылдар өсірумен ғана шектелмей, мал шаруашылығымен де шындап шұғылданып келеді. Былтыр осы жерде 600 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы жұмысын бастаған-ды. Бақытжан САҒЫНТАЕВ заманауи технологиялармен жарақтандырылған фермаға арнайы ат басын тіреп, мұндағы сиыр сауу залы, емдеу-санитарлық бекеттері, мал азықтандыру цехы мен мал азығы қоймаларының жұмысымен танысты. Облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин Үкімет басшысына өңірде сүтті мал шаруашылығын дамытудың 2015-2017 жылдарға арналған бағдарламасы жайында баяндады. Оның айтуынша, 2014 жылы облыста 12 сүт қабылдау бекеті болған, 2017 жылдың аяғына дейін бұл көрсеткішті 60-қа дейін жеткізу көзделіп отыр.
Отандық нарықтан орын табу қажет
Үкімет басшысы Өскемен арматура зауытының жұмысымен де танысты. Бұл кәсіпорын елімізде теңдесі жоқ өндіріс ошағы болып саналады. Өйткені, өндіретін бұйымдары мұнай-газ саласына, металлургиялық кәсіпорындарға, энергетикалық кешендер мен су жүйелерінде жаппай тегіс қолданылады. Ал салмағы 30 тоннаға дейін жететін жоғары қысымға арналған шибер сырғымалары ТМД көлемінде сирек өндіріледі. Зауыттың бас директоры Алексей Селиванов соңғы жылдары өндірістік желіні кең ауқымда жаңғыртқандарын мәлім етті. Осы мақсатқа 50 млн. АҚШ долларына тең инвестиция салыныпты. Соның арқасында алып қондырғыларды дәнекерлеу жұмысына қос робот жегілген. Келешекте тағы біреуін орнату жоспарда бар. Роботтардың барлық жұмысы компьютер арқылы басқарылғанымен, әрбіреуінің екі қолына екі маман бекітілген. Олар жұмыс барысында пульт арқылы бағдарламаға түзетулер енгізіп отырады. Осы іске жауапты дәнекерлеушінің бірі Василий Егоров құлтемірлер ауыр еңбекті анағұрлым жеңілдеткенін жеткізді.
-Робот болғандықтан, бұлар қателесу дегенді білмейді. Өйткені, барлық өлшемдер компьютерге алдын ала енгізіледі. Дәнекерлеу кезінде әуелі ток әлсіз мөлшерде беріліп, жұмыс қызған сайын үдей түсуі қажет. Робот соның бәрін өзі реттеуге қабілетті. Біздің міндетіміз осы жұмыстың бәрін жіті қадағалап, дер кезінде бағдарламаға түзету енгізумен шектеледі, – деді ол.
.
Бақытжан САҒЫНТАЕВ өндірістің автоматты жүйеге көшкенін оңды өзгеріс ретінде атап, оның жұмысшылар санына қалай әсер еткенін сұрады. Бүгінде зауытта барлығы 594 адам жұмыс істейді. Тапсырыс көбейгеннің арқасында қызметкерлер саны бір жылда 58 адамға артқан екен. Осынша құраммен зауыт жылына 6000-нан астам сегіз түрлі арматура өнімдерін шығара алады.
А.Селиванов Үкімет басшысына зауыт өнімдерінің 95 пайызы Ресей нарығына кетіп жатқанын жеткізді. Ал «KazTransOil», «Бейнеу Шымкент», «Қазмұнайгаз» сынды отандық кәсіпорындардың тапсырыс үлесі бес пайыз ғана. Қалған қажеттілікті қытайлық өндірушілер толтырып отыр.
-Өскемен арматура зауыты сол қытайлық өнімдерді сапа жағынан да, баға жағынан да тиімді арматурамен алмастыруға дайын. Тек мемлекеттік реттегіш тетіктерді іске қосу қажет, – деді А.Селиванов.
Компания отандық нарықтан орын таппаған соң, Еуразиялық экономикалық одақ аясында Ресейдің импортты алмастыру бағдарламасына қатысыпты. Осылайша бір жілдің ішінде америкалық кәсіпорынды саладан ығыстырып шығарған. Бақытжан САҒЫНТАЕВ бұл мәселенің орынды көтеріліп отырғанын атап, терең зерделеуді қажет ететінін жеткізді.
Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында ел Премьер-Министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ-да болып, кәсіпорын жұмысымен жақынырақ танысты. Үкімет басшысы өндіріс орнының цехтарына бас сұғып, зауыт өнімдерінің көрмесін аралап көрді. Сыйымдылығы жоғары конденсаторлы тантал ұнтақтары өндірілетін корпус жұмысына қанық болды.
Айта кетейік, корпуста өндірілетін өнім бүгінде жоғары сапалы радио-электронды аппаратураның ажырамас құраушысы болып табылады.
Кездесу барысында «ҮМЗ» АҚ басқарма төрағасы Юрий Шахворостов өскемендік зауыт уран мен тантал өнімдерін өндірумен айналысатын әлемдегі санаулы кәсіпорындардың бірі екенін атап өтті. «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының құрамына кіретін зауыттың өнімдері қазіргі кезде Қытай, АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Аустрия және өзге де елдерге экспортталатынын айтты.
– Біздің кәсіпорын ядролық отынды қайта өңдеумен айналысады, сирек кездесетін металдарды және шала өткізгіш материалдарды, химия өнеркәсібі үшін минерал шикізаттары мен тыңайтқыштарды, басқа да бейорганикалық химиялық заттарды өндіреді, – деген Ю.Шахворостов зауыттың негізгі өнім түрлері бойынша өндірістік қуаттылығы жылына шамамен 6 900 тоннаға дейін жететінін мәлім етті.
«ҮМЗ» АҚ басқарма төрағасы, сонымен қатар, кәсіпорынның алдағы жоспарларына, басымдық берілетін өндіріс түрлеріне да тоқталды. Соның ішінде мәселен, титан ұнтағынан әзірленетін имплантанттарды айтуға болады. Аталмыш имплантанттардың сырты арнайы вакуумдық камераларда тантал қабығымен қапталады. Осының арқасында өнім өте жоғары сапаға ие болмақ. Кәсіпорын басшылығы бұл өндірісті биылдан қалдырмай қолға алуға бекініп отыр.
Премьер-Министр Бақытжан САҒЫНТАЕВТЫҢ зауытқа жасаған сапарының нәтижесі бойынша облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ пен «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев, сондай-ақ, «ҮМЗ» АҚ басқарма төрағасы Юрий Шахворостов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы аясындағы ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойды.
Офтольмологиялық орталықта барлық ота жасалады
Премьер-Министр Бақытжан САҒЫНТАЕВ өңірге жасаған жұмыс сапары аясында облыс әкімі Даниал АХМЕТОВПЕН бірге Өскемендегі көз микрохирургиясы клиникасында болды. Үкімет басшысы емхананың консултативтік-диагностикалық бөлімінің, стационарының және операциялық блогының жұмысымен танысты.
Емхананың жұмысы жайында бас дәрігер, облыстық мәслихат депутаты Зарина Камасова айтып берді. Оның айтуынша, бүгінде орталықта көз аурулары диагностикасы мен оларды емдеудің барлық негізгі заманауи технологиялары енгізілген. Озық технологиялар, жаңа жабдықтар, хирургиялық ілгерінді әдістемелер емханада жүргізілетін емнің жоғарғы сапасын, сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Бұрындары облыс орталығының тұрғындары көзге түрлі оталар жасату үшін Ресейдің Новосібір қаласына, еліміздің басқа да қалаларына сабылуға мәжбүр болса, енді оның бәрі Өскеменнің өз офтольмологиялық орталығында озық технологиялардың, жаңа құрал-жабдықтардың, жергілікті білікті мамандардың көмегімен жүзеге асырылады.
Айта кетерлік жайт, бұл орталықта биыл 330-дан астам адам кепілдендірілген тегін медициналық көмек алмақ. Жыл сайын берілетін мемлекеттік тапсырыс көлемі де артып келеді. Тыл ардагерлеріне, зейнеткерлерге, мүгедектерге, «Күміс алқа», «Алтын алқа» иегерлеріне, Ауған соғысына, Чернобыль апатын жоюға қатысушыларға айтарлықтай жеңілдіктер қарастырылған.
Қазір орталықта жалпы 72 адам, оның ішінде 14 дәрігер, 29 орташа медициналық персонал тұрғындарға қызмет етуде.
Медицина мекемесін аралау барысында Бақытжан САҒЫНТАЕВҚА аймақтағы медицина кадрларын қайта даярлаудың үш деңгейлік жүйесі таныстырылды. Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова үш жылдық кешенді жоспардың басты мақсаты – медициналық қызмет көрсетудің сапасын және өңірдегі медициналық-әлеуметтік негізгі көрсеткіштерді мейлінше жақсарту екендігіне тоқталды.
– Алдағы үш жыл көлемінде жыл сайын 50 адамнан, жалпы жиыны 150 маманды шетелдік клиникаларда оқыту жоспарлануда. Бірінші деңгейде кардиология, онкология, ана мен бала денсаулығы бойынша 715 курсантқа Семей мемлекеттік медицина университетінің базасында университеттің оқытушылары мен облыстың үздік клиникалық дәрігерлерінен дәріс алдыра отырып, жергілікті бюджет қаражаты есебінен мамандар даярлау тұр, – деді Әсем Нүсүпова.
Облыс әкімінің орынбасары таныстырғандай, екінші деңгейде кардиология, онкология, ана мен бала денсаулығы бойынша Семей мемлекеттік медицина университетінің базасына Астана, Алматы қалаларынан және Ресей, Литва, Латвия, Испания, Турция, Грузия, Молдова, Белоруссия, Германия, Болгария мемлекеттерінен жалпы саны 17 профессорды шақырып, жергілікті мамандарды оқыту көзделуде.
Ал үшінші деңгейде кардиология, онкология, ана мен бала денсаулығы бойынша 63 маманды Великобританияның (Лондон), Варшаваның, Польшаның жетекші клиникаларында оқыту жоспарлануда.
Бұлай ету арқылы заманауи технологияларды енгізе отырып, медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге сараптама жасауға, дәрігерлерді аттестациялауға, менеджмент деңгейін көтеруге, аймақтағы медициналық көмек көрсетудің сапасын жақсартуға мүмкіндік ашылмақ. Нәтижесінде халықтың денсаулық жағдайы қазіргі кезбен салыстырғанда айтарлықтай көтерілмек.
– Алдағы үш жылдың көлемінде дәрігерлерді қайта даярлауға шамамен 4 млрд. теңгеге жуық қаражат бағытталады. АҚШ-тың үздік клиникаларынан мамандар шақырылып, оларға арнайы үй салынады. Шетелдік дәрігерлер осында тұрып, біздің мамандарды оқытатын болады. Қазір 150 дәрігер негізгі жұмысынан босатыла отырып, үш айлық ағылшын тілі курсын оқуда, – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Премьер-Министр Бақытжан САҒЫНТАЕВ облыстың медицина саласында қолға алынып жатқан жүйелі шаруаларға, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында нәтижелі қызмет көрсетіп отырған офтольмологиялық орталықтың жұмысына оң бағасын берді.
– Мұндағы құрал-жабдықтардың бәрі заманауи талаптар үдесінен шығатыны көрініп тұр. Ғимарат жаңа, талапқа сай. Кадрлық потенциалы да жоғары. Жас, білікті мамандар тартылған. Дәрігерлерге ағылшын тілін меңгерту қарқынды жүргізілуде. Тұрақты мемлекеттік тапсырыс бар. Осының бәрі тұрғындарға заманауи сапалы медициналық қызмет көрсетілетініне берік сенім қалыптастырады. Біз алдағы уақытта елімізде жекеменшік бағытта медицинаның әр саласында осындай орталықтарды көптеп ашуға жұмыс істейтін боламыз, – деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министр жұмыс сапары барысында облыстың кәсіпкерлерімен дөңгелек үстел басында жүздесіп, мемлекеттік сатып алулар жүйесін одан әрі дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Жиында Үкімет басшысына толғандырған мәселелерін жасырмай жеткізіп, сауал жолдап, ұсынысын айтқан кәсіпкерлер көп болды. Бақытжан САҒЫНТАЕВ барлығын мұқият тыңдап, өзімен ере келген министрлерге сол жерде түйткілді мәселелерге орай жауап бергізді.
-Елбасының кәсіпкерлік саласындағы кедергілерді жою жөніндегі тапсырмасы бар. Үкімет «Атамекен» палатасымен бірлесе отырып, бұл бағытта бірқатар шараларды қолға алатын болады. Бүгінгі жұмыс сапары барысында Шығыс Қазақстанда Мемлекет басшысының биылғы Жолдауда жүктеген Үшінші жаңғыруды жүзеге асыру мақсатында ауқымды жұмыстардың жүргізіліп жатқанына куә болдым. Аягөздегі Ақтоғай кен байыту комбинатында бір мезгілде 350 адам жұмыс істейді екен. Бұл дегеніңіз ғажап қой. Сондықтан жаңа технологияларды өндіріске енгізу бағытындағы жұмыстарды одан әрі жандандыра түскеніміз абзал, – деді Үкімет басшысы.