Үндеуге үн қосқандар көп
Облысымызда Арыс қаласының тұрғындарына көмек көрсету мақсатында арнайы жұмыс штабы құрылды. Оны облыс əкімі Даниал Ахметов басқарады. Бұл туралы аймақ басшысының қатысуымен өткен арнайы брифинг барысында белгілі болды.
Айта кетейік, брифингке мемлекеттік органдар мен ірі кәсіпорындардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды. Ондағы мақсат – апаттан зардап шеккен Арыс қаласының тұрғындарына барынша көмек көрсету. Мұны жерлестеріне үндеу тастаған аймақ басшысы Даниал Ахметов айтты.
– Бұл – тек арыстықтардың ғана емес, бүкіл Қазақстан халқының басына түскен ауыр сынақ. Осындай сын сағатында ауызбіршілік танытып, отандастарымызға көмек қолын созу азаматтық парызымыз болып табылады. Сол себепті, бүгінгі жиынға мемлекеттік қызметшілермен қатар, бизнес өкілдері мен журналистерді де шақырдым. Жерлестеріміз арыстықтардың қайғысына бейжай қарамайды деп сенемін. Кәсіпорын басшылары өз ұжымдарымен кездесіп, әріптестерін қиын жағдайға душар болған ағайынға жәрдемдесуге шақыруы тиіс. Барлық жұмыс ерікті түрде жүргізілуі керек. Қазір апаттан зардап шеккен отбасылардың балаларын Шығыс Қазақстандағы лагерьлерде демалту мәселесін қарастырудамыз, – деген облыс әкімі Арыс қаласының тұрғындарына шұғыл түрде көмек көрсетілетінін мәлім етті.
Аймақ басшысы материалдық және гуманитарлық көмек көрсету жұмыстары жүйелі, әрі жариялы жүргізілуі тиіс екенін айтып, бұл іске жауапты облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына бірқатар тапсырма берді.
Облыс әкімінің үндеуіне алғашқылардың бірі болып үн қосқан «Бипек Авто – Азия Авто» компаниялар тобы болды. «Азия Авто» АҚ президенті Ерік Сағымбаевтың айтуынша, шығысқазақстандық алпауыт кәсіпорынның жұмысшылары Арыс қаласының тұрғындарына қолдан келген көмектің бәрін көрсетеді.
– Біздің компания облыс әкімінің бастамасын сөзсіз қолдайды. Қызметкерлерімізбен үлкен жиын өткізіп, апаттың зардабын тартқан арыстықтарға қандай көмек көрсететінімізді анықтадық, – деді Е.Сағымбаев.
Кешелі бері облысымыздағы қайырымдылық акциясына «Нұр Отан» партиясының белсенділерінен құралған топ та атсалысуда. Олар тұрғындардан азық-түлік, киім-кешек, гигиеналық заттар сияқты басқа да гуманитарлық көмекті қабылдап, таяу күндері Түркістан облысына жөнелтпек.
Сауабы мол шарадан өңір жастары да шет қалмауда. Облыстық ішкі саясат басқармасы жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекованың хабарлауынша, аудан-қалалардағы жастар ұйымдарының өкілдері Арыс қаласындағы зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетуге даяр екенін мәлім еткен.
– Мұндай ауыр жағдайда қолы ұшын созбау – ағайындығымызға сын. Сондықтан біз, жастар ресурстық орталығының ұжымы, облыс басшылығының Арыс қаласының тұрғындарына көмек көрсету бастамасына барынша қолдау білдіреміз. Жер-жердегі ресурстық орталықтардың мамандары бір күндік еңбекақыларын зардап шеккендерге көмек ретінде аударатын болады. Сол сияқты облыстың аудан-қалаларындағы ірі сауда орындарында, супермаркеттер мен базарларда қайырымдылық сөрелері ашылды. Бұл жерлерге осы бір қайғыға ортақ болған кез келген азамат арыстықтарға қажетті тауарларды әкеліп, ортақ іске өз үлесін қоса алады. Өздеріңіз көргендей, жерлестеріміз қайырымдылық акциясына қолдау білдіруде. Бірі азық-түлік, енді бірі төсек-орын жабдықтарын әкеліп тапсыруда, – деген А.Есімбекова гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі арнайы штаб Өскемен қаласының Потанин көшесіндегі 27/1 (Жастар ресурстық орталығы) үйде орналасқанын хабарлады.
Айта кетейік, бүгінде облыстағы аудан орталықтары мен қалаларда Арыс тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету мақсатында ашылған 20-ға жуық пункт жұмыс істеп тұр.
Осы ретте апаттан зардап шеккендерге жәрдем беру үшін облыс әкімдігінің жанынан ашылған «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорына хабарласуға болатынын айта кеткен абзал. Қор реквизиттері:
Мекенжайы: Түркістан облысы, Түркістан қаласы, Кызылорда тас жолы, 34 А ғимараты;
пошта индексі – 161200;
БСН (БИН) – 100440016000;
«ForteBank» АҚ Түркістан қаласындағы филиалы:
ЖСК (ИИК) – KZ7196528F0007014540;
БСК (БИК) – IRTYKZKA.
Өскемендегі телефон нөмірлері: 71-31-50, 71-32-77 (облыс әкімінің аппараты).
Шығыс жұртшылығы азаматтық танытты

Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің бастамасымен қолға алынған Арыс қаласының тұрғындарына көмек көрсету шараларына алғашқылардың бірі болып өңіріміздегі ірі кәсіпорындар атсалыса бастады.
Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың айтуына қарағанда, «Казцинк», «ҮМЗ», «ТМК» мен Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны арнайы құрылған қайырымдылық қорына 107 миллион теңгеден астам қаражат аударған. Сауапты істен облыстағы этномәдени бірлестіктері де қалыспауда. Соңғы ақпарат бойынша аталмыш бірлестіктер Арыс қаласының тұрғындарына 738 мың теңге аударыпты.
«Шығыс Ақпарат» медиахолдингінің ұжымы да жалпыхалықтық істен шет қалмай, Арыс қаласындағы зардап шеккендерге қаржылай көмек көрсетті. Медиахолдингтің 200-ден астам қызметкері азаматтық танытып, апатқа ұшырап жатқан Арыс тұрғындарына бір күндік еңбекақыларын бір кісідей аударды.
– Түркістан облысындағы қайғылы оқиғаға байланысты Арыс қаласынан бір мың адамды қабылдауға дайынбыз. Осы мақсатта алдағы уақытта облыстық әкімдік мамандары Арыс қаласына барып, жергілікті халыққа арналған бос орындар жәрмеңкелерін өткізіп, маман кеңестерін бермек. Арыс тұрғындарына 1 528 бос жұмыс орнын ұсынамыз. Қажет болса, біз Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне квота және қаржыландыру көлемін арттыру жөніндегі ұсыныспен шығуға дайынбыз, – дейді облыс әкімінің орынбасары.
Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы билік органдары қоныс аударушыларды баспанамен, ауылды жерлерге көшетіндерін малмен және отынмен қамтамасыз етуге дайын екен.
Айта кетейік, өткен жылы облысымызға еліміздің оңтүстік аймақтарынан 1 050 адам көшіп келген. Олардың көпшілігі өз бизнесін ашып, жұмысқа орналасып үлгеріпті.
Ал облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметіне сенсек, биыл облысымызға қоныс аудару бағдарламасы бойынша 1 566 квота бөлінді. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 736 миллион теңге бағытталған. Жыл басынан бері Шығыс Қазақстанға аталмыш бағдарлама аясында 560-тан астам адам көшіп келген.
Нұржан Кенжеұлы
«Дидар»-ақпарат