Қоғам

«Індеттің» таралуына жол берілмеді

«Індеттің» таралуына жол берілмеді


Өскемен әуежайына шұғыл түрде бортында тырысқақ (холера) ауруын жұқтырған жолаушысы бар тікұшақ келіп қонды. Төтенше жағдайдан құлағдар болған әуежай басшылығы тез арада көліктегі қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің мамандарымен бірлесіп қауіпті ауру ошағын шоғырландыру шараларын ұйымдастырды. Бұл жұмысқа ұлттық сараптама орталығының қызметкерлері де жұмылдырылыпты.

Кезекті оқу-жаттығу жиындары демесеңіз, бұл күні әуежайдың ұшу алаңында көргеніміздің барлығы шындыққа жанасады. Қорғаныс киімін киген медиктер мен жедел жәрдем көліктерінің дабылдары да «қойылымды» нанымды ете түскендей.

Сценарий бойынша Шығыс Қазақстанның геологиялық картасын салу мақсатында кезекті мәрте облыс аумағын тікұшақпен аралауға шыққан геологтардың бірінің жолда денсаулығы күрт нашарлайды. Алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін, жолаушының жуықта Үндістанда болып қайтқаны белгілі болады.

– Оқу-жаттығу сценарийін жазу барысында таңдауымыздың Үндістанға түсуі бекер емес. Өйткені бұл елде тырысқақ ауруына шалдығатындардың саны қашан да көп. Ол жаққа баратын туристер де бұл індеттен сақтандырылмаған. Мәселен, 2017 жылы шетелге барып келген 10 отандасымыздан аталған аурудың белгілері анықталса, биылғы бес айда ондайлардың саны бесеуге жетіп отыр. Сол себепті жолаушы тасымалдайтын көлік экипаждары мен басқа да қызметтердің мұндай оқыс жағдайларға дайындығын пысықтау мақсатында жыл сайын бүгінгідей оқу-жаттығулар өткізіп келеміз, – дейді көліктегі денсаулықты сақтау департаменті Өскемен әуежайындағы санитарлық-карантиндік бақылау бөлімінің бас маманы Анар Сабырбаева.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, әлемде жыл сайын екі миллионнан 20 миллионға дейін адам тырысқақ ауруын жұқтырады екен. Оның ең кемі 20 мыңы артынша көз жұмып жататын көрінеді. Жоғарыда айтқанымыздай, тырысқақ ауруының негізгі ошағы Үндістанда тіркелген. Сонымен қатар бұл індет Гаити, Йемен мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде де кең таралған-ды.

Ал енді оқу-жаттығудың өзіне келер болсақ, бұл іс-шара ойдағыдай өтті деуге әбден болады. Тікұшақ командирі әуежайдың диспетчеріне борттағы адамның бірінен тырысқақ ауруының белгілері анықталғанын хабарлағаннан кейін, ауруды оқшаулау, сондай-ақ экипаж мүшелері мен қалған жолаушыларды сақтандыру шаралары жүзеге асырылды. Әуе көлігі жерге қонған соң, оқиға орнына алдын ала жеткен санитарлық-карантиндік бақылау бөлімінің мамандары мен медиктер бортқа көтеріліп, науқасқа тиісті көмек көрсетті. Артынша оны әуежайдағы оқшаулау бөлмесіне жіберді. Бұл кезде тікұшақ іші залалсыздандырылып, қалған жолаушылар мен экипаж мүшелері де мұқият тексеруден өткен-ді.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button