COVID-19 

Індетті бірлесіп қана жеңе аламыз

     Өңірде жұқпалы індеттің аздап болсын толастағаны байқалады. Алайда әлі де сырқаттанып жатқандар баршылық. Өздерінде ауру белгісін байқағандар алдымен жергілікті емханасына хабарласып, дәрігер шақыртады. Мұндай кезде тұрғындарға мобильді бригада аттанады. Өскемендегі №1 емхананың жалпы практика дәрігері Айнұр Мұқашева өз жұмыстары туралы былай дейді.

– Коронавирус инфекциясының екінші толқыны басталған кезде мен қаламызда сырқаттанғандардың саны артқанын ескере отырып, мобильді бригада дәрігерінің қызметіне кірістім. Әрбір мобильді бригаданың құрамына дәрігер және медбике кіреді. Бір бригада бір ауысымда 35-тен 40-қа дейін мекенжайға барып, науқастарға қызмет көрсетеді, – деді Айнұр Нұрланқызы.

Жалпы практика дәрігерінің айтуынша, шақыртумен барған бригада алдымен пациенттің жалпы жағдайын сұрап,  аурудың қандай белгілері барын анықтап, дерттің ауырлық дәрежесін бағалауға тырысады.

– Егер коронавирустық инфекцияға күдігіміз болса,  пациенттерге ПТР талдауын жасаймыз,  пульсоксиметрмен сатурациясын (қандағы оттегінің деңгейін) өлшейміз. Жағдайына қарап, науқасты үйде емдеуге бола ма, жоқ па, соны шешеміз. Егер жағдайы орташадан ауыр болса, стационарлық емдеу қажет. Ондай жағдайда жедел жәрдем бригадасы шақырылады, – деп түсіндірді дәрігер.

Науқастың дерті жеңіл не орташа деңгейде болса, онда денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 шілдедегі «Covid-19 коронавирустық инфекциясының диагностикасы мен емдеу» клиникалық хаттамасына сәйкес ем-дом тағайындалады. Одан кейін науқастың жағдайына, ем нәтижелеріне қарап кеуде қуысының рентгенографиясы мен КТ-ға жолдама беріледі.

– Біз үйде жатқан пациенттерді одан әрі күн сайын қашықтан бақылап, емін жүргізу үшін учаскелік қызметке бағыт парағын береміз. Науқастар толық жазылып шыққанша медицина қызметкерлерінің назарында болады. Оларға амбулаторлық ем кезінде тегін дәрі-дәрмек берілетінін де ескерткім келеді. Қандай препараттар екенін біз бірлесе шешіп, жеткізіп береміз. Мен барлық медицина қызметкерлерінің, әріптестерімнің атынан азаматтарды қажетті қорғаныс және карантин шараларын сақтауға шақырғым келеді. Індетті бірлесіп қана жеңе аламыз, – деді дәрігер Айнұр Мұқашева.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button